Үкімет • 29 Маусым, 2022

Табиғатқа залал келтіргендерге жауапкершілік күшейеді

315 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палатаның VII шақырылымының II сессиясының жұмысы қорытындыланды. Жалпы отырыс барысында депутаттар «Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері туралы» заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Табиғатқа залал келтіргендерге жауапкершілік күшейеді

Экологиялық залал келтір­гендерге жауап­кершілікті күшей­туді көздеген құ­жат жөнінде Экология, геология және та­биғи ре­сурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады. Министрдің айтуынша, заң жобасы бойынша Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгеріс енгізілмек.

«Өрт қауіпсіздігі қағидалары мен санитарлық қағидаларды сақтамауы себебінен орман ал­қаптарында орман өрттерінің және зиянкестер ошақтарының пайда болу фактілері жыл са­йын азаймай отыр. Қазақстан орманы аз ел бол­ғандықтан, оны сақтау мақсатында орман пай­даланушылардың жауап­кер­­шілігін күшейту қажет. Заң­­да Әкімшілік кодек­сінің 368-бабының 2-бөлігінде «Кеспе­ағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудің, шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы орман материалдарын алудың белгіленген тәртібін бұзу» ерекше қорғалатын табиғи аумақта жасалған іс-әрекеттер үшін айыппұл сомасы ұлғайтылады.

Ұлттық парктерді қатты тұр­мыстық қалдықтармен ластаудың өзекті пробле­маға айналуына байланысты орман фау­насын жою немесе бүлдіру, сондай-ақ орманды қалдықтармен, химиялық заттармен бүлдіру, ластау және орман қоры жерлеріне өзге де залал келтіргені үшін айыппұл мөлшері ұлғайтылады», деді С.Брекешов.

Ведомство басшысының айтуынша, кейінгі жылдары ерекше қорғалатын таби­ғи аумақтарда құқық бұзатын жеке тұлғалар саны күрт өскен. Мәселен, 2017 жылы 41 құқық бұзушылық жасалса, 2020 жылы пандемияға қарамастан тоғыз жүзден астам адам жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты айыппұл мөлшерін 2 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін ұлғайту көзделген

«Қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ерекше қор­ғалатын та­биғи аумақтардың режі­мін бұзғаны үшін жауапкершілік қа­рас­тырылмаған. Алайда Қыл­мыстық ко­декс­тің 342-бабында көзделген. Осыған байланысты Әкімшілік кодексі жаңа
380-1 «Ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тар режімін бұзу» бабымен толықтырылды.

Осы бап бойынша жауапты­лық ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтар ре­­жімiн елеулi залал келтiру арқылы бұз­­ған жағ­дайда туындайды. Бұл бапта ерек­­ше қорғалатын табиғи аумақ­тар­­дың ре­жімін (ЕҚТА) бұзу жағдай­ларына, бірақ қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері бол­маған жағдайда қолданылады.

Қылмыстық кодексте заңсыз ағаш кесудің тұрақты динамикасын ескере отырып, заң жобасы арқылы мынадай көрсеткішті төмендету ұсынылады. Елеулі залал 100-ден 50 АЕК-ке дейін, ірі залал 1000-нан 500 АЕК-ке дейін азаяды. Бұл ретте аса ірі залал көрсеткіші өзгеріссіз қалады. Оның көлемі 2000 АЕК-ті құрайды», деді С.Брекешев.

Сондай-ақ «Экологиялық залал» термині «залал» деп ауыс­тырылмақ. Өйткені қылмыстық заңнамада бұл терминнің құқық­тық анықтамасы жоқ. Қоғамдық қауіпті зардаптарды анықтауға қатысты ұғымдар Қылмыстық кодексте «ірі залал және iрi мөл­шерде» және «ерекше iрi залал және аса iрi мөлшерде» деп бекітілген. Экологиялық залал келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында бірқатар өзгеріс енгізілмек.

«Жердi жою» 332-бабында ерекше қорғалатын табиғи аумақта залал келтiргенi үшiн жазаның неғұрлым қа­таң түрi көзделген. Бұл ЕҚТА жері­нің өнеркәсіптік, тұрмыстық немесе өзге де шығарындылармен не­месе қалдықтармен біте­лу, улану, ұзақмерзімді пайдала­нушылардың жерді ластануы немесе өзге де бүліну фактілеріне байланысты. Ұсынылып отырған түзетулер ЕҚТА жерлері мемле­кеттің ерекше қорғауында болуымен, жердің құнарлы қабатының бұзылуы ерекше қоғамдық қауіп тудырумен және экологиялық қауіпсіздікке нұқсан келтірумен байланысты.

«Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» 334-бабында жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және жер қойнауын заңсыз өндіруге жол бермеу мақсатында 334-баптың 1-бөлігі қылмыстық теріс қылық санатынан қылмысқа ауыстырылып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны енгізу арқылы санкция күшейтіледі. Осы баптың 2-бөлігінің санкциясы да 3 жылдан 4 жылға бас бос­тандығынан айыру түріндегі жазаны қатаң­­дату арқылы өзгертілді. Осы баптың 1-бөлігінің диспозиция­сына өзгерістер ен­гізілді. Атап айтқанда, қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамын қалып­тастыру үшін келтірілген залал мөлшерінің шегі, яғни ірі мөлшерден елеулі залалға дейін тө­мендетілді. 3-бөлімде ерекше қор­ға­латын табиғи аумақта аса ірі залал келтіргені үшін жазаның неғұрлым қатаң тү­рін қарастыру ұсынылады», деді С.Брекешов.

Министрдің сөзіне сүйен­сек, ағашты заң­сыз кескен адамдарға қоғам­дық жұ­­мыс­тарға тарту немесе аз айып­пұл та­ғайындалған. Бұл әрекетке тағай­ын­дал­ған жаза келтірілген зиян­ға пропор­ционалды емес бола­тын. Осыған бай­ланысты, «Ағаштар мен бұ­та­ларды заңсыз кесу, жою неме­се зақымдау» 340-бабында бұл бұзушылықты теріс қылық санатынан қылмыс санатына ауыстырылмақ.

Сонымен қатар жиында депутаттар асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.

Заң жобасындағы түзету­лер өсіріліп отырған мал тұқым­дарының генетикалық әлеуеті мен өнімділігін арттыру, олар­дың бас санын ұлғайту мақсатында селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты дамытумен байланыс­ты. Осы түзетулерге қатысты Мәжілістің жалпы отырысында Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Асқарбек Үйсімбаев баян­дады.

«Жұмыс тобы асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер: асыл тұқымдық орталық, асыл тұқымды мал­дың ұрығы мен эмбриондарын өт­кі­зу жөніндегі дистрибьютерлік ор­талық, сондай-ақ бонитер, тех­ник-ұрық­тандырушы және эмбрион­дарды транспланттау жөніндегі маман қызметінің хабарлама жасау тәртібін сақтау туралы шешім қабылдады», деді депутат.

Жалпы, отырыс барысында Amanat партиясының фракциясы депутаттар тобының, мүше­лерінің депутаттық сауалына жауап беру үшін Ауыл шаруашылығы министрі арнайы келді. Мәселен, 9 наурызда Мә­жіліс отырысында депутат Альберт Рау Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа агро­­өнеркәсіптік кешен саласын мем­­лекеттік қолдау мәселелері тура­лы депутаттық са­уал жол­даған болатын. Депутаттың айтуынша, шаруалар Үкіметтің қолдау жүйесіне жоспарланған өзге­рістеріне алаңдаулы. Де­путат Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі ұсынған субсидия түрлерін қысқарту, кредиттер бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау пайдасына тауарлық-спецификалық субсидиялардан бас тарту ұзақ мерзімді инвес­тицияларды талап ететін агро­өнеркәсіптік кешен секторларына зиян келтіретінін атап өтті.

Сәуір айында Үкімет басшысы де­путат­тың сауалына жазбаша жауап бер­ді. Жауап ретінде Ә.Смайылов агро­өнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын, оның шеңберінде АӨК субсидиялау жүйесіне жаңа тәсілдер таныстырылғанын хабарлады.

Жалпы айтқанда, мәжіліс­мендер ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ербол Қарашөкеевтің жауабына наразы болды. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттық сауалдарға мем­ле­кеттік органдардың сапасыз жауап беруі жиілеп кеткенін айтты.

«Депутаттық сауалдарға мем­лекеттік органдардың сапасыз жауап беруі жиілеп кетті. Алайда апта сайын күллі үкі­мет мүшелерін шақыра бер­мейміз ғой! Бұған бейжай қа­рауға болмайды. Өйткені ол елді толғандыратын мәселелер, тұр­ғын­дардың өзекті проблемалары. Әрқайсысының артында адам­дардың тағдыры тұр. Бұлай жал­ғаса беретін болса, жекелеген Үкі­мет мүшелеріне тиісті баға беруге немесе шара қолдануға заң жү­зінде мүмкіндігіміз бар», – деді Палата Төрағасы.

Сөз соңында Ерлан Қошанов мемле­кеттік орган басшыларын депутаттар көтер­ген сауал­дарға жауапкершілікпен қа­рау­ға шақырды. Мәжілістің екінші сессиясының жұмысы аяқ­талғанын айтқан Палата Төрағасы Мәжілістегі атқарылған жұмыс нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті. Осы сессия күллі қоғам үшін жауапты әрі күрделі кезеңде өткенін, ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы, Парламенттің 25 жыл­дығымен тұспа-тұс келгенін, Конституциялық өзгерістер бо­йынша республикалық референдум өткізілгенін айтты.

«Бұл кезеңде Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Палатаның қарауында 127 заң жобасы болды, оның 75-і мақұлданып, Сенат­қа жіберілді. Соның ішінде, депутаттық корпус бастамашылық жасалған 27 заң жобасымен жұмыс істеді, бұл Па­латаның қарауына енгізілген заң жобалары санының 21 пайызын құрайды. Мақұлданған заң жобалары, бірінші кезекте, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», деді Мәжіліс Төрағасы.

Е.Қошановтың айтуынша, олардың ішінде Омбудсмен ту­ралы, Рақымшылық жасау, Өлім жазасын жою, Сайлау, Рес­публикалық референдум, Сая­си партиялар, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңдар бар. Сонымен қатар Палата Спикері Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардағы ла­уазымды тұлғалардың атына 355 депутаттық сауал жолдағанына мән берді. Депутаттық са­уал­дарда кәсіпкерлікті қорғау, банк қызметі, салық саясаты, ден­саулық сақтау және білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, бала құқықтарын қорғау, жастар саясатын іске асыру мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ Мәжіліс заңна­малық сипаттағы өзекті мәселе­лерді терең зерттеу мақсатында Палата бірқатар маңызды іс-ша­ра өткізді. Атап айтқанда, Қа­зақ­станның су саласын дамыту мәселелері бойынша парла­мент­тік тыңдау, әртүрлі мәселелер бойынша 10 үкімет сағаты өт­кізілді.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.