Медицина • 30 Маусым, 2022

Консультациядан хирургиялық операцияларға дейін

479 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жәрдем» мамандандырылған медици­налық пойызы 29 маусымнан бастап Ақтөбе облысының шалғайдағы стансалары мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізеді.

Консультациядан хирургиялық операцияларға дейін

29-30 маусым – Ноғайты, 1-2 шілде – Қарашоқат, 3-4 шілде – Бегімбет, 5-6 шілде – Қотыртас, 7-8 шілде – Бершүгір, 9-10 шілде – Мұғалжар, 11-12 шілде – Жұрын, 13-14 шілде – Ақкемер, 15-16 шілде – Әйтеке би, 17-18 шілде – Никельтау, 19-20 шілде – Кемпірсай, 21-22 шілде Мартұқ стансасында таңғы 09.00-ден бастап кешкі 18.00-ге дейін медициналық пойыздың мамандары қабылдайды.

Айта кетейік, «Жәрдем» медициналық пойызы 23 мамырда Алматы-2 стансасынан Маңғыстау облысына жолға шығып, кейін Атырау облысына барды. Жобаның басты мақсаты – еліміздегі сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отырған шалғайда жатқан стансалар мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу.

Атырау облысындағы дәрігерлік тек­серу­лердің статистикасы мынадай: дәрігерлік қаралу­лар саны – 9 532. Атап айтқанда, ең көп өтініш ЖПД, терапевт, педиатрға келіп түсті – 1 165 пациент, бұдан әрі офтальмолог – 924 пациент, сондай-ақ невропатолог – 894 пациент, хирург – 831 пациент және уролог – 745 пациент. Пойыз дәрігерлері барлығы 767 ЭКГ, 841 УДЗ және 833 флюорография процедураларын өткізді. Сонымен қатар 57 кіші хирургиялық операция, яғни пойыз дәрігерлері 57 баланы сүндетке отырғызды.

Дәрігерлер Атырау облысында жиі кездесетін ауруларды атады: қант диабеті, омыртқаның остеохондрозы, вирустық конъюнктивит, артрит, артроз, бронх демікпесі, гастрит, панкреатит, холецистит, синусит, бронхит сияқты созылмалы аурулар.

Атырау облысының тұрғындары меди­циналық пойыз мамандарына көрсеткен қыз­меттері мен кеңестері үшін алғыс білдірді. Осы жобаның негізінде кей пациентке ауыл­дық жерлерде қолжетімсіз және облыстық медициналық мекемелеріне міндетті түрде баруды талап ететін сирек ем-дом түрлері жасалды. Мысалы, Исатай стансасының бес жасар тұрғыны Ахмад Мерейұлына хирургиялық операция жасалды, яғни дәрігерлер бүлдіршінді сүндетке отырғызды.

«Мен Аққыстау аудан орталығына «Жәрдем» медициналық пойызының келе жатқанын естіп, Тұщықұдық ауылынан денсаулығымды тексерту үшін келдім. Бұл – ауылдық жерлердің тұрғындары үшін, сондай-ақ қаржы жағы аздау мен сияқты зейнеткерлерге үлкен мүмкіндік. Қазіргі кезде медициналық қызметтердің басым бөлігі – жекеменшік, әрбір қаралу кем дегенде 5-6 мың теңге тұрады. Мен таңертеңнен бері бес маманның қарауынан өттім, енді УДЗ процедурасын күтіп отырмын. Дәрігерлер­дің барлығы ұнады, аурудың себептері мен ем­деу жолдарын егжей-тегжей түсіндірді. Әсіресе невропатолог пен гинекологті атап өткім келе­ді. Пойыздарда барлық жағдай жасалған: әр маманның жеке кабинеті бар, ал ішіндегі жүріп-тұратын жерде мен сияқты ересектер үшін отыруға мүмкіндік бар. Samruk-Kazyna Trust қорына үлкен алғысымды білдіремін және бізге жиі келіп тұруларыңызды тілеймін. Себебі бір дегенде 5-6 маманның қарауынан өтуге болады. Сонысымен қолжетімді әрі ыңғайлы», деп Атырау облысының тұрғыны Жұмазия Альмирова өз алғысын білдірді.

«Жәрдем» медициналық пойызы енді кес­теге сәйкес Ақтөбе облысының 12 стансасына барады. Онда 21 шілдеге дейін болып, шалғай бекеттердегі жергілікті тұрғындарға қажет медициналық көмек тегін көрсетіледі. «29 мау­сымда Ноғайты стансасынан бастап, таңғы сағат 09:00-ден халықты қабылдаймыз», деді «Жәрдем» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

20 маусымда «Саламатты Қазақстан» екін­ші медициналық пойызы іске қосылды. Кесте бойынша медициналық пойыз мамандары Малайсары стансасында жұмысын жалғас­тыруда. Жұмысын Алматы облысынан бастаған пойыз одан әрі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды, Жетісу, Ұлытау, Абай облыстарына барады. Сонымен қатар қос медициналық пойыз еліміздің шалғай аудандарындағы 147 стансаны қамтиды.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компания­лар тобының атынан Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асыруда.