Технология • 30 Маусым, 2022

Цифрландыруда оң өзгерістер бар

211 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде өткен Қоғамдық кеңестің отырысында мекеме өкілдері атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.

Цифрландыруда оң өзгерістер бар

Министр Бағдат Мусин Қоғамдық кеңестің мемлекеттік органдар қызметіндегі айрықша рөлін атап өтті.

«Қоғамдық кеңестер арқылы өзекті мәсе­лелер көтеріліп, қоғамдық пікірлер айқындалады. Азаматтық қоғам мен мемлекет бірігіп жұмыс істесе, біздің жобаларымыз да нәтижелі және тиімдірек болары сөзсіз. Сіздердің еселі еңбектеріңіз бен көтерген бастамаларыңызға алғыс айтамын», деді Б.Мусин қоғам белсенділеріне.

ЦДИАӨМ аппарат басшысы Арман Кенжеғалиев министрліктің бюджеттік бағдарламасы бірнеше стратегиялық бағыт бойынша соның ішінде ІТ-саланы дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру, ақпараттық қауіпсіздік деңгейін көтеру, аэроғарыш саласы мен тағы басқа да бағыттарда жүзеге асқанын атап өтті.

«Стратегиялық бағыттар бойынша жал­пы сомасы 118 млрд теңгеге 10 бюд­жеттік бағдарлама іске асырылды. Былтыр ЦДИАӨМ 18 мақсатты индикаторға қол жет­­кізді және көбінің көрсеткіші жос­пар­ланған межеден асты», деді А.Кенжеғалиев.

Министрлік пен мекемеге қарасты ұйымдар адамға бағдарланған сервистерді дамытуға да күш салып жатыр. Қазіргі таңда 18 цифрлы құжат қолжетімді және бұлтты ЭЦҚ енгізілді. Сондай-ақ негізгі әлеуметтік маңызы бар 23 мемлекеттік қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мысалы, бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді SMS арқылы алуға болады, бүгінде 81 мың адамға осындай қызмет көрсетілген.

«Біз «видеоХҚКО» жобасын іске қостық. Үйден шықпай-ақ қызмет алуға мүмкіндік беретін бұл қызметті 17 650 азамат пайдаланған. Яғни алдағы уақытта адамдар ХҚКО-ға бармай-ақ, қашықтан консультация алып, тіпті мемлекеттік қыз­меттерге де қол жеткізе алады», деді ЦДИАӨМ Стратегиялық жоспарлау депар­таментінің директоры Мейірбек Мұқатов.

Соңғы жылдары байланыс сапасына үлкен көңіл бөлінуде. 2021 жылы 628 елді мекенде интернет сапасы жасқартылған, 2022 жылы 140 ауылда осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте азаматтар тарапынан байланыс сапасына ресми шағым түсетін болса, жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Заң бұзушылықтар расталған жағдайда, операторларға айып­пұл салынып, байланыс сапасын жөндеу туралы нұсқама беріледі. 2021 жылы 562 тексеру жасалып, жалпы сомасы 132 млн-нан астам теңгеге айыппұл салынды.

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы 5G технологиясының сынағы сәтті өтті.

ІТ-білімге бейімделген адами капиталды дамыту жүйесі – министрлік қызметіндегі маңызды бағыттардың біріне айналды. «ІТ-факультеттерді ІТ-компаниялардың қам­қорлығына беру, «Виртуалды мұғалім» жобасын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 300 мың маман оқытылды. ІТ-мамандық бойынша білім алуға 100 ваучер бөлінді, әр ваучердің құны 600 мың теңге. 2025 жылға қарай 20 мың ваучер беру жоспарланған», деді М.Мұқатов.

Геодезия және картография саласында да қомақты жұмыс атқарылды. Қазіргі уа­қытта Қазақстан территориясы 100 пайызға цифрланған – 272 млн га жер ресурсы, соның ішінде 22 млн га егістік; 127,7 млн га жайылымдық жер (68%); 18,6 млн га орманды алқап.

Жердің цифрлы нұсқасын жасау барысында 1,1 млн га жайылымдық пен 19,6 млн га егіндік игерусіз жатқандығы, сондай-ақ 2 641 ағаш кесу полигоны, 6,5 млн га өртенген жер, 7,3 мың заңсыз қоқыс орны, кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру бойынша 21 оқиға, жерді заңсыз иелену бойынша 391 мың оқиға анықталған.