Медицина • 30 Маусым, 2022

Медициналық пойыз – Жетісу облысында

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы Жетісу облысының тұрғындарын Айнабұлақ стансасында қабылдай бастады. Одан әрі пойыз 1-2 шілде аралығында – Көксу, 3-4 шілде – Егінсу, 5-6 шілде – Бескөл, 7-8 шілде – Жайпақ, 9-10 шілде Достық стансаларына барады. Медициналық пойыздың тәжірибелі мамандары жергілікті тұрғындарға мамандандырылған вагондарда тегін медициналық көмек көрсетеді.

Медициналық пойыз – Жетісу облысында

Бұған дейін 20-29 маусым аралығында медициналық пойыз Алматы облысының 6 стансасының тұрғындарына дәрігерлер тегін консультациялар өткізіп, диагнос­тика, емдік про­цедуралар, сондай-ақ алғашқы медици­налық көмек көрсетті. Консульта­циялық-диаг­ностикалық пойыздың мамандары 853 тұрғынды, оның ішінде 115 бала, 738 ересекті тексерді, ал дәрігерге қаралғандардың жалпы саны – 853.

Медицина қызметкерлері мүмкіндігінше көп пациент қабылдауға, оларды тексеруге әрі емдеуге және қажет болған жағдайда аудандық немесе облыстық ауруханаларға жіберуге тырысады. Сонымен ең көп өтініш ЖПД, терапевт дәрігеріне келіп түсті: 636 пациент, бұдан әрі офтальмолог және құлақ дәрігеріне – 585 пациент, сондай-ақ хирургке – 296 пациент. Медициналық пойыздың кабинеттерінде барлығы 395 ЭКГ, 432 УДЗ және 224 флюорография процедуралары жүргізілді. Сондай-ақ 111 кішігірім хирургиялық операция жасалды.

Жоғары санатты офтальмолог дәрігер Сәкен Какпенов жобаға бірнеше жылдан бері қатысып келеді. «2019 жылы мені «Жәрдем» медициналық пойызының дәрігерлері құрамында бір топ болып жұмыс істеуге әріптестерім шақырды. Сол кезде біз Қазақстанның оңтүстік өңірлерін жүріп өттік. Мен онда көру қабілетін жақсартуға тиіс қаншама адамды қарап, соның нәтижесінде біразына көмектескеннен ұмытылмас әсер алдым. Бұл сапардан біз глаукома және катаракта сияқты ауруларды ерте кезеңдерде анықтап, хирургиялық жолмен емдеу және көру қабілетін жақсартудың маңыздылығын түсіндік. Маған медициналық пойыздағы жұмыс тәжірибесі ұнайды. Өйткені бұл офталь­мологиядағы көптеген зиянды аурудың алдын алып, оны емдеуде үлкен пайда әкеледі. Екіншіден, біз, яғни дәрігерлер үшін бұл жұмыспен үйлесетін таза ауадағы ерекше демалыс», деп медициналық пойыздағы жұмысынан алған әсерімен бөлісті.

Алматы облысының тұрғындары медици­налық пойыздың қызметкерлеріне тегін көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. «Адамдарға көмектесетін осындай жоба үшін көп рахмет. Мен көршілерімнен медициналық пойыздың келгенін және денсаулығымды тексертуге мүмкіндік бар екенін естідім. Медициналық пойызда өз зертханасы мен жүректің УДЗ-сы, яғни біз үшін ең қажеттінің бәрі бар екен», деді Байсерке ауылының тұрғыны Оралхан Саменсалиев.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойыз­ы Жетісу облысынан кейін Шығыс Қазақ­стан, Абай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай, Қарағанды және Ұлытау облыс­тарының стансалары бойынша бағытын жалғастырады.

«Жәрдем» медициналық пойызы 23 мамырда жолға шығып, алдымен Маңғыстау облысына барған болатын. Қазіргі уақытта пойыз Ақтөбе облысында, онда 22 шілдеге дейін тұрады. Жалпы, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызымен бірге олар еліміздің шалғай аудандарындағы 147 стансаны қамтиды.