Конституцияның 53-бабының 5-тармақшасына сәйкес Президент ұсынысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының үндеуін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді.
«Қазіргі уақытқа дейін Қарулы Күштердің әскери қызметшілері Парламент қаулыларына сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемені орындау үшін БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына жіберіліп отырды. 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Ливандағы миссияға әскери байқаушы және штаб офицері ретінде, 2018 жылдан бастап 520 әскери қызметші бітімгершілік бөлімше құрамында «Ливандағы уақытша күштер» миссиясына қатысты», делінген Президент үндеуінде.
Мемлекет басшысы өз ұсынысында өңірде және әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар қауіпсіздікке төнетін сын-қатерді жоққа шығармайтынын атап өткен. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік әзірлігін одан әрі нығайту, қазіргі сын-қатерге қарсы әрекет етуде тәжірибе жинақтау мәселесі өзекті екеніне тоқталған.
«Ұйым Жарғысының жетінші тарауына сәйкес Қарулы Күштердің Орталық Африкада, Конго Демократиялық Республикасында, Малиде бітімгершілік миссияға қатысуын кеңейтуді орынды деп санаймын. Қазақстан штаб офицері, әскери байқаушы ретінде қазіргі уақытта миссияда анағұрлым тапшы болып табылатын жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік, әскери полиция бөлімшесін бөлуге дайын.
Бұл тәжірибе әскеріміздің жауынгерлік даярлығын жетілдіру, оларды одан әрі дамыту бойынша ұсыныс дайындау үшін қолданылады. Бүгін бітімгершілік миссияны қысқарту аясында бітімгершілік күштерін бөлетін елдер арасында бәсекелестік артады. Осыған орай, нақты бөлімше, Ұйым миссиясы, оны өрістету мерзімі Ұйымның Хатшылығымен жұмыс нәтижесінде айқындалады. Сонымен қатар әрбір жеке өрістету үшін тиісті нормативтік база жасалады.
Осының негізінде Конституцияның 53-бабына сәйкес бітімгершілік контингент – жалпы саны 430 әскери қызметшіні Орталық Африкадағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға, Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға, Малидегі тұрақтандыру жөніндегі миссияға, «Ливандағы уақытша күштер» миссиясына жіберу туралы ұсыныс енгіземін», делінген үндеуде.
Талқылаудан кейін бірлескен отырысқа қатысқан депутаттар Президент ұсынысын қабылдады. Бұдан кейін Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жетінші сайланған Парламенттің екінші сессиясын жабу және парламенттік каникул туралы баяндама жасады.
«Өткен кезеңде Парламенттің қызметі белгілі оқиғалар мен маңызды шешімдерге толы болды. Біріншіден, биылғы сессия ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтті. Бұл еліміздің басты мемлекеттік мерекесі ғана емес, барша қазақстандықты біріктіретін ұлттық тарихи маңызды кезең.
Екіншіден, Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы маңызды кезеңдердің бірі – Парламенттің 25 жылдық мерейтойы. Парламенттің қалыптасуы мен дамуы егемен Қазақстанның тағдырымен тығыз байланысты. Үшіншіден, ел дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіретін Конституцияға түзетулер жөніндегі республикалық референдум болды.
Парламенттің осы сессиясы барша қазақстандық қоғам үшін айрықша жауапты кезеңде өтті. Ең алдымен, біз екі жылға созылған коронавирус пандемиясын еңсеріп қана қоймай, ортақ күш-жігеріміздің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Денсаулық сақтау жүйесіндегі тәсілдер өзгертілді, білім беру саласында оқытудың жаңа стандарттары енгізілді, бизнестің, банк және қаржы құрылымдарының, қызмет көрсету және көлік саласының жұмыс форматы өзгерді. Коронавирус пандемиясы кезеңіндегі шектеу шаралары Парламенттің қызметіне де өз ерекшелігін енгізді», деді Е.Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы қаңтарда еліміз үлкен қатерден өткенін, мұндай оқиға мемлекетіміздің жаңа тарихында бұрын-соңды кездеспегенін атап өтті. Соған сай дер кезінде және жедел әрекет ету қажет болғанына тоқталды. Мәжіліс Төрағасы екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де айтарлықтай мазмұнды болғанына тоқталды. Мәселен, Парламент Палаталарының 4 бірлескен отырысы өтті. Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Сенаттың 42 жалпы отырысы өтіп, онда 148 мәселе қаралды. Осы сессия кезінде қос Палатаның жұмысында 127 заң жобасы болды, оның 78-і қабылданды. Парламент қабылдаған заңдардың қазіргі уақытта 66-на Президент қол қойып, заң күшіне енді.
Палата Спикері депутаттық корпус заң шығару қызметінде Мемлекет басшысының тапсырмалары мен ол ұсынған жүйелі реформаларды практикалық тұрғыдан іске асыруға басымдық бергенін жеткізді. Мәселен, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық-саяси процестерге араласуын ынталандыратын нормалар, сондай-ақ депутаттық мандаттарды бөлу кезінде мүгедектігі бар адамдарға арналған квоталар сайлау және саяси партиялар туралы заңдарда қарастырылды.
«Қылмыстық саясатты ізгілендіру принциптерін басшылыққа ала отырып, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға рақымшылық жасалды. Тиісті тетіктер Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты «Рақымшылық жасау туралы» заңда бекітілді.
Президенттің тапсырмаларын орындау үшін құқық қорғау органдарының, прокуратураның және соттың өкілеттіктері мен жауапкершілігінің ара-жігін ажырататын қылмыстық процестік заңнаманың үш буынды моделі енгізілді. Осы реформаның нәтижесінде жыл басынан бері ғана прокурорлар 590 қылмыстық істі қысқартып, 1800-ден астам адамды айғақтар жеткіліксіз болғандықтан қылмыстық іс аясына тартуға жол берілген жоқ. Қазақстанның ұлттық заңнаманы үйлестіру туралы халықаралық міндеттемесі өлім жазасының күшін жою мәселесі жөніндегі заңда көрініс тапты. Депутаттар құқық қорғау органдарын реформалаудың нормативтік базасын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырды. Осыған орай, құқық қорғау қызметін өткеру, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселелері реттелді», деді Мәжіліс Төрағасы.
Мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі заңда ғылым саласы мен жетекші ғалымдардың жалақысын гранттық қаржыландыру тетіктері бекітілді. Сонымен қатар Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де алғаш рет заңнамалық тұрғыдан реттелді. Е.Қошанов сессия барысында заң шығарушылар әлеуметтік саланы үнемі басты назарда ұстағанына екпін берді. Мәселен, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заң қабылданды.
Мәжіліс Төрағасы депутаттар сайлаушылармен байланысқа баса көңіл бөлгенін атап өтті. Халықпен кездесулер барысында көтерілген проблемалық мәселелер мемлекеттік органдардың атына жолданған көптеген депутаттық сауалға негіз болған. Қоғамды толғандырып жүрген сұрақтарға толыққанды жауап алу мақсатында Парламент қабырғасында сайлаушылардың көкейкесті проблемаларын шешу барысы туралы Үкімет мүшелерінің жауабы тыңдалды.
«Өзекті мәселелер туындаған жағдайда депутаттардың шұғыл түрде өңірлерге шығуын практикаға енгіздік. Мәселелерден шет қалмай, әрдайым оларды шешудің алдыңғы шебінде болуымыз керек. Елдің талап-тілектерін ескере отырып, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы Бас Прокурорға қаңтар трагедиясының тергелу барысы жөнінде егжей-тегжей ақпарат беру туралы депутаттық сауал жолдады. Мәжілістің жалпы отырысында біз тергеудің алдын ала қорытындылары туралы құқық қорғау органдарының ақпаратын тыңдадық. Отырысқа Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және белгілі құқық қорғаушылар шақырылды. Барлығы ашық режімде өтті. Онда қоғамды толғандырып жүрген мәселелерге жауап берілді», деді Е.Қошанов.
Палата Спикері сессия кезінде көптеген келелі мәселе депутаттық сауалдарда айтылғанын жеткізді. Сондай-ақ өткір тақырыпта парламенттік тыңдау өткеніне тоқталып, Мәжілістің жанынан Қоғамдық палата құрылғанын атап өтті.
Депутаттық корпустың Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс атқарғанын атап өткен Е.Қошанов сессия барысында 14 үкімет сағаты өткізілгенін, әйтсе де, заң шығару процесіне теріс әсер ететін жекелеген кемшіліктер бар екенін жеткізді.
«Жүйелі кемшіліктердің бірі – дұрыс жоспарламау, заң жобаларының жеткілікті пысықталмауы және дайын болмауы. Үкіметтің көбінесе мерзім жақындаған кезде белсенділігі арта бастайды. Мұны, әдетте, жылдың немесе сессияның соңында байқауға болады. Парламент қабырғасында заң жобаларының көптеген нормасын қайта өңдеп шығу, жекелеген нормалар бойынша Үкімет мүшелерінің нақты ұстанымының болмау үрдісі қалыптасты.
Мысалы, денсаулық туралы кодекстің бір нормасы тек бірінші жартыжылдық ішінде қарама-қарсы позицияда екі рет түбегейлі өзгерді. Қаңтар
айында елімізде тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шекті бағасыз сатып алуға және бірлесіп төлеуге жол берілмейді деген норма қабылданды. Бірақ маусым айында бұл норма қайта алып тасталды. Екі жағдайда да өзгерістің қажеттілігі халықтың дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін деген уәжбен түсіндірілді. Мұндай фактілер бірлі-жарым емес.
Қаралып жатқан заң жобаларына өзгерістер толассыз енгізіледі, олардың ішінде жобаның тұжырымдамасына сай келмейтін түзетулер де бар. Соның салдарынан заң жобасының бастапқы тұжырымдамасы айтарлықтай өзгереді. Министрлер депутаттар арқылы өздерінің «жанып тұрған» мәселелерін шешіп қалғысы келетін жағдайлар да бар», деді Е.Қошанов.
Палата Спикері мұндай мәселе Мәжілісте де, Сенатта да қаралу сатысында кездесетінін атап өтті. Осының салдарынан Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын Сенат түзетулермен қайтаруға мәжбүр. Көп жағдайда бұл жаңа түзетулер Мәжілісте ұсынылмаған және талқыланбаған нормалар болып келеді. Заң жобаларын сапасыз дайындау және сараптамаларды уақтылы жүргізбеу Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін.
«Депутаттардың түзетулеріне қорытындылардың уақтылы берілмеуі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Мысалы, бала құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасы бойынша Үкіметтің жауабы 5 айдан кейін келді. Соның салдарынан бұл заң Мәжіліске енгізілгеннен кейін екі жыл өткен соң ғана қабылданды.
Заң жобаларын Парламенттің қос Палатасында таныстыру кезінде жекелеген министрліктер мен ведомстволар баяндамашыларының дайындығы жеткіліксіз болатын жағдайлар да кездеседі. Заң жобалары мен сараптамалардың сапасын бағалау алдағы уақытта да Парламенттің ерекше бақылауында болады.
Депутаттық корпустың өздерінің сауалдарына берілетін жауаптардың сапасына да көңілі толмай жатады. Сауалдарда біз, ең алдымен, сайлаушыларымыздың тілектері мен аманаттарын көтеретінімізді түсіну керек. Оған Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардан стандартты, сырғытпа жауаптар келеді. Сондықтан мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға
ауызша жауап беруін практикаға енгіздік. Алдағы уақытта депутаттар корпусы мен Үкімет мүшелері заң сапасын арттыруда жүйелі жұмысты жолға қоюға бірлесіп атсалысуы керек», деді Е.Қошанов.