Қоғам • 01 Шілде, 2022

Жалдамалы жұмысшылардың жалақысы 17 пайызға өсті

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алғанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 231 476 теңгені құрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жалдамалы жұмысшылардың жалақысы 17 пайызға өсті

Жалақы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 17,7%-ға өсті, нақты мәнде өсім 9%-ды құрады.

«Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды ескере отырып, орташа айлық жалақының ең көп өсуі өткен жылмен салыстырғанда денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 29,7%-ға, білім беру саласында – 24,1%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде - 21,1%-ға, өзге де қызмет түрлерін ұсыну саласында - 21,2%-ға байқалды», делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Салалар арасында ең жоғары атаулы жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 477,1 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,1 есе жоғары), қаржы және сақтандыру қызметінде – 437,1 мың теңге (1,9 есе), ақпарат және байланыс саласында - 330,1 мың теңге (1,4 есе), кәсіптік білім беру саласында - 477,1 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,1 есе жоғары), ғылыми және техникалық қызметке – 305,8 мың теңге (тиісінше 1,3 есе).

Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алғанда, орташа айлық атаулы жалақының төмен деңгейі ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында – 135 430 теңге, сондай-ақ өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында - 155 524 теңге белгіленген.

Өңірлер арасында шағын кәсіпорындарды есепке алғанда ең жоғары орташа айлық атаулы жалақы Атырау облысында белгіленді – 379 901 теңге.

Бұл ретте Шымкентте оның шамасы 170 397 теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 26,4%-ға төмен.