Оқиғаға орайлас ой
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек КӘРІБЖАНОВ ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының өкілетті өкілі ретінде Қырғызстанға барып, ондағы ахуалмен танысып және Ұйым тарапынан жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ұсыныстар жасап қайтқан болатын. Жәнібек Сәлімұлы сапар қорытындысы туралы біздің тілшімізге айтып берген еді:
–Қазіргі уақытта көршілеріміздің жағдайы туралы қандай да бір анық, нақты болжам айту қиын. Сырттан қарағанда, жағдай тынышталған секілді. Бірақ кеше ғана болған оқиғалар жағдайдың әлі де күрделі екендігін көрсетеді. Біз және басқа да әлемдік ұйымдар бірінші барған жолы-ақ ұлтаралық, қауымаралық қақтығыстарға жол берілмеуі қажеттігі жөнінде айтқан болатынбыз. Өкінішке қарай, айтылған әңгімелер желге айтылғанмен бірдей болып тұр.
Біздің делегациямыздың құрамында ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбо да болды. Мен Іс басындағы төрағаның өкілетті өкілі ретінде бардым. Алдымен елдегі жағдаймен танысқан соң, осы жолы негізінен екі үлкен мәселені талқыладық. Соның ішіндегі бірінші мәселе конституцияның жобасы туралы болды. Жаңа конституцияның жобасында елдегі билік парламенттік республика формасында атқарылатындығы көрсетілген екен. Әрине, өздерінің конституциясына қандай норма кіргізуді әрбір ел өздері шешеді. Бұл – елдің өз құзыретіндегі шаруа. Дегенмен, біз өз тарапымыздан сырт көз ретінде пікірімізді білдірдік. Соның ішінде конституцияда елдегі жағдаймен санасылуы қажет екенін, халықтың менталитеті ескерілуі керектігін айттық. ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбо аймақтағы мемлекеттердің мүдделері мен олардың басшыларының да пікірлері ескерілуі қажеттігін атап көрсетті. Дүние жүзіндегі басқа мемлекеттердің тәжірибесінде де ондайлардың ескерілетіндігі айтылды. Парламенттік басқару тиімді болу үшін әбден қалыптасып, тұрақты арнаға түскен саяси жүйе болуы қажеттігі ескертілді.
Біздің халықтарымыздың менталитетінде лидердің рөлі айрықша екендігі мәлім. Барлық тарихымыздағы қиын кезеңдерде көшбасшылар шешуші рөл атқарып, тар асулардан жеке басының қасиеті мен қабілетінің арқасында алып шыққаны мәлім. Осы мәселелерді және билік тармақтарының сәйкес болуын, күштерінің теңгерімді болуы қажеттігін, олардың арасындағы қарама-қайшылықтарды реттеу жүйесінің болуы керектігін де айттық. Қазір конституциялық реформа жасау жөніндегі арнайы топ өз жұмысын аяқтапты, жоба конституциялық кеңестен өтіп, енді уақытша үкіметтің қарауына берілген екен. Біздің ұсыныс-пікірлеріміз ескерілсе, ол енді осы жерде көрінеді. Содан кейін конституцияның жобасы бүкілхалықтық референдумға шығарылып, қабылданбақшы.
Біздің қарастырған екінші мәселеміз, шекара жайы болды. Естеріңізге сала кетейік, сәуір айының басында болған оқиғалардан кейін біздің еліміз Қырғызстандағы тұрақтылық, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі елеулі проблемалар біздің ішіміздегі қауіпсіздік пен қылмыстық ахуалға теріс ықпал ететіндігін ескеріп, Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасына уақытша шектеулер енгізуге мәжбүр болған еді. Өкінішке қарай, Қырғыз Республикасындағы ахуал толықтай реттелу мен тұрақтылықтан әлі де алшақ болып тұр. Оның үстіне ұйымдасқан қылмыс бас көтерген, сәуір айында болған оқиғалар кезінде қолға түскен қару-жарақ халықтың қолында жүр. Есірткі саудасы да өрістеп тұрғаны жасырын емес. Сонымен қатар, Қырғызстан жағының шекаралық күштері режімді зонаға лайықты тәртіпті қамтамасыз етуге әлсіздеу. Олардың қажетті, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі де жеткілікті деңгейде емес.
Қазір Қырғызстанда Қазақстан-Қырғызстан шекарасын өздерінің режімді қамтамасыз ете алмағандығы себепті жабылды деп емес, Қазақстанды экономикалық блокада жасап жатыр деп шулайтын күштер де бар болып шықты. Олар БАҚ-тар арқылы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлап бара жатқандығын осымен де түсіндіргілері келеді. Бірақ бұл шындыққа сай емес екені белгілі. Тіпті, халықаралық ұйымдардың өкілдері шекараның жабылуында ешқандай саяси астар жоқ екенін ашық айтты. Біз өз тарапымыздан Қазақстанның шекараны жабуға мүдделі емес екенін, тіпті соның кесірінен біз де экономикалық тұрғыдан ұтылып отырғанымызды түсіндірдік.
Осы жағдайларды ескеріп және бауырлас қырғыз халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының күрделеніп бара жатқанына байланысты достас ел азаматтарының көптеген өтініштерін назарға ала отырып, бүгіннен бастап Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Қазақстан- Қырғызстан шекарасындағы “Қордай”, Сыпатай батыр”, “Айша Бибі” өткізу бекеттері ашылды. Осы шешімге байланысты, қырғызстандық шекарашыларға халықаралық ұйымдар да қажетті көмек береді деп күтілуде. Ал қырғыз-өзбек шекара бекеттері әлі де сол шектеулі күйінде қалуда.
Дегенмен, біздің шекараны ашқанымыз қырғыз халқының күрделі әлеуметтік жағдайын реттеудегі өте дұрыс шешім болды деп санаймыз. Сонымен бірге, біздің Үкіметіміз Қырғызстанның уақытша үкіметін жағдайды тездетіп тұрақтандыруға, заң үстемдігін қалпына келтіруге шақырды. Біздіңше, бұл ұсыныстарға қырғыз жағы құлақ асар деген үміттеміз.
Жазып алған Жақсыбай САМРАТ.