Қазақстан • 05 Шілде, 2022

Органикалық қалдықтарды өңдейді

563 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жасыл даму» акционерлік қоғамы Француздың Syctom компаниясы мен бірлесіп, Ақмола облысының Ақкөл ауданында органикалық (тамақ) қалдықтарды шіріту әдісімен өңдейтін жобаны биыл іске қосады.

Органикалық қалдықтарды өңдейді

Осы ретте Syctom компаниясы мен «Жасыл даму» АҚ және Ақкөл аудандық әкімдігімен өзара түсіністік жөнінде үшжақты мемо­рандумға қол қойылды. Қыркүйек айында француздық компания органикалық қалдықты шірітуге арналған 5 бірдей электрокомпос­тер құрылғысын Ақкөл ауданына жеткізуді жоспарлап отыр. Жылына 125 тонна органикалық (тамақ) қалдық өңдейтін заманауи құрылғы Ақкөл ауданындағы балалар үйіне, орталық ауруханаға, ғарыштық бай­ланыс орталығы кешеніне және «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсе­ту орталығы ғимара­тына орнатылады.

Жоба аясында француз тарапы қалдықтарды қайта өңдеуге қажетті жабдықтар жеткізу мен техникалық зерттеуге кететін шығындарды өз мойын­дарына алған. Жергілікті әкім­дік француз компаниясы жеткізетін жабдықты қабылдап, оған арнайы жер бөліп, француз компаниясы мен «Жасыл даму» АҚ-қа өңделген қалдық бойынша мониторинг есебін ұсынады.

Ақкөл сапары аясында Syctom компаниясының өкілдеріне арнайы құрылғы орнатылатын нысандар таныстырылды. Франциялық мамандар ұсынылған ғимараттар органикалық қалдықты кәдеге жаратуға қолайлы болатынын көрді. Айта кету керек, арнайы қондырғыға салынатын тамақ қалдықтары қарашірікке айналады. Оны бау-бақшаға тыңайтқыш ретінде қолдануға болады.

Естеріңізге сала кетейік, тамақ қал­дықтарын кәдеге жарату бойын­ша арнайы құрылғы орнатуды қар­жы­ландыруға француз үкіметі 2020 жылы 500 мың еуро грант бөлу­ге шешім қабылдаған. Соның нәти­жесінде, Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отырған жоба FASEP (жеке секторға көмек және зерттеу қоры) гранты бойынша Франция мемлекеті есебінен жүзеге асырылуда.