Өнер • 05 Шілде, 2022

Парижге сыймаған Поль

317 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шығармашыл жандардың өнері мен өмірі туралы сөз қозғай қалсақ, «жұлдызы жанды» деп жиі айтамыз. Талантты тағдыр түнгі аспанды сызып өтіп, жұлдыздай ағып түсті дейміз. Сонда бұл нені білдіреді? «Талант – бақыт, талант – шаттық, талант – рахат» деген шын өмірде де солай ма? Ақын-жазушы, композитор, суретші, мүсіншілердің өнері бар ғұмырына жетерлік жақсылық, яки бір игілік сыйлай ала ма? Егер олай болмаса, өнермен өмір сүріп не керек? Ал көзіңнің тірісінде бұйырмаған атақ, ақша, абыройдың өлгеннен кейінгі құны қанша?

Парижге сыймаған Поль

Тіршілікке пайдасыз таланттың бары мен жоғы туралы бұлқына сөй­­леуімізге Поль Гогеннің өмірі се­беп болып отыр. Көзінің тірісінде шал­қып өмір сүрмеген суретшінің кар­тиналарын ешкім менсінбепті. Тіпті өз ортасында мойындалған жоқ: талантсыз суретші десті. Сөйт­кен Поль Гогеннің туындыла­ры қазір ессіз ақшаға сатылады. Мәселен, оның әйгілі «Той қашан?» атты картинасы 300 миллион долларға сатылды. Сұмдық. Ең қы­зығы һәм ең өкініштісі, бұл «сұм­дықты» Гогеннің өзі көрген жоқ.

Эжен Анри Поль Гоген, негі­зінен француз суретшісі деп аталады. Алайда оның әкесі – француз, ал анасы перуандық – арғы тегі испандар мен үнділермен байланысады. Суретшінің өзі де балалық шағын Перуде өткізді (картиналарында экзотикалық табиғат жиі кездесетіні содан). Өнерге таза әуес­­қойлықпен келген ол сурет салу­­ды ешкімнен үйренбеген, оқы­маған.

Жалпы, Гогеннің суреттен басқа да іске ебі һәм арман-мақсаты көп болған. Мәселен, ол сонау ба­ла кезінде теңізші болды. Ата-ана­сымен Атлант мұхитын екі рет кесіп өткен Поль теңізден ерек­ше әсерленді. Тіпті содан кейін теңізші болуды армандады. Францияға оралған соң Поль теңіз ісінің негіздерін игеріп, кеме жүргізушісінің көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Бірнеше жылдар бойы уақытын суда жүзумен өткізді.

Гоген алғашқы суреттерін, шамамен 25-27 жасында сала бастады. Ал оған дейін ол жүзуді тастап, Парижге көшті, үйленді, делдал болып мансап қуды һәм бес балалы әке атанды. Дегенмен, суретшінің ма­засыз табиғаты оны бір жерде тұрақтатпады: Гоген қайтадан әлем­нің түу бір түкпіріне қашты. Таитиге.

Айта кетейік, ол бұған дейін де Таитиге барып, 1891-1893 жылдары сексенге жуық картина салған еді. Осы уақытта суретші өнімді еңбек етті. Кейін үлкен қалаларға қайта оралғанымен, сол қоғамдағы кейбір түсініктерді қабылдай алмады: өркениеттегі кейбір жиіркенішті жайттарға төзбеді һәм қысым көп деп санады. Сол үшін де Еуропада өмір сүре алмады. Таити, Перу, Маркиза аралдарында көшіп жүрді. Ал сыншылар «Суретші не үшін Панамаға, одан Мартиникаға немесе Таитиге саяхаттауы керек? Шабыт сапарда емес, суретшінің жүрегінде. Талантты суретші нағыз натураны Парижден де таба алады» деп шуласты. Бәлки, Гогенді Парижге сыйдырмаған да осы «қаңқу».

Оның шығармашылығы, не­гізінен постимпрессионизм бағы­тында жазылды. Сурет­шілердің қаламы, көбінесе табиғат­қа жа­қын. Табиғатпен тілдеседі, таби­ғатты жырлайды. Гоген де солай. Ол картиналарында адам мен табиғаттың үйлесімін, тәуелділігін, екі кеңіс­тіктегі сұлулықты, жы­лылықты, жарықты бейнелейді.

Поль натюрмортты әрқашан та­биғатқа қарамай, тек өз қиялымен жазған. Көбінесе жанрларды аралас­тырып, мәселен, портрет пен натюрмортты біріктіріп сала береді. Ван Гог «Күнбағыстарды» салған кезде Гоген оның жұмыс істеп тұр­ғанын бейнелейтін картина жазды.

Сондай-ақ суретші қыштан құмы­ра жасауды да білетін. Ол мүсіндеп, қыш ыдыстарды құмыра дөңгелегін пайдаланбай күйдіретін. Гоген ше­берханадағы бұл туын­дыларының бәрін, тек қолмен істеді. Содан болар, олардағы сәндік элементтер сәл өрескел, бі­рақ өте ерекше көрінетін.

Ал қаржылық қиындықтар су­ретшіні ағаш оюға да үйретті. Ол бұл кәсіпке бояу алуға ақшасы жоқ тұста шабытын құрту үшін қызықты. Ойдағы картинасын мың бояумен емес, пышақпен тақ­таны ойып салды. Тіпті Мар­кизадағы үйінің ағаш есіктерін ою-өрнектермен өзі безен­дірген. Гоген – мықты.

Інжіл мәтіндерін мұқият зерттеген соң суретші соның желісімен төрт картина жазады. Ол әр туын­дыда Ғайса пайғамбардың бей­несінде өзін суреттейді. Бұл нағыз дау туғызатын кенептер еді. Кейін автор олардың бірін жұрттан жасырып ұстады.

Гогеннің тағы бір әсіре талантты суретші Ван Гогпен дос болғанын білеміз. Ван Гогтың құлағын кесетін аты-шулы әңгімесі де осы Гогеннің тұсында болған. Шығармашыл жандарды түсіну қиын дейміз. Олардың миында кез келген минутта біз елестете алмайтын жарылыстар болуы әбден мүмкін. Құлақ кесу де, міне, осындай жарылыстың салдары болса керек. Әлқисса.

Суретші өмірінің соңында көп еңбек етті. Мұхит халықтарының шынайы өмірі мен күнделікті тұр­­мысын жергілікті аңыз-әпса­налармен өзара байланыстырып сурет сала берді. Алайда бұл оның ауруына, жан күйзелісіне, тіпті тұрмыстық ахуалына да көмектесе алмады. Сөйтіп өзі шебер, өзі теңіз­ші, өзі суретші Поль Гоген 1903 жылы 54 жасында өз-өзіне қол жұм­сап, өмірден өтті.

Даңқ суретшіге қайтыс болған­нан кейін қонды. 1906 жылы Парижде өткен көрмеде Гогеннің 227 картинасы қойылып, қоғамды дүр сілкіндірді. Өмірден әлдеқашан өтіп кеткен суретшінің жұлдызы енді жанғандай, шығармалары қайта туғандай болды. Әрине, бұл да әділетсіздік.

Айта кетейік, Сомерсет Моэм­нің «Ай мен қарабақыр» («Луна и грош») романының прототипі – Поль Гоген. Сондай-ақ Гогеннің құр­метіне Меркурийдегі кратер «Поль Гоген» деп аталады.