Аймақтар • 07 Шілде, 2022

Ауылдың қызы – әлем чемпионы

587 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тереңкөл ауданының тұрғындары тойлатуда. Жаңабет ауылының 9-сынып оқушысы Марина Фейстова Бішкек қаласында гір спортынан өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Қаршадай қыз қола медальды да қоржынға салды.

Ауылдың қызы – әлем чемпионы

Аядай ауылдан чемпиондар жиі шыға бермейді. Содан болар, аудан әкімі бастаған барша тереңкөлдіктер көк туды желбіретіп, Маринаны тік тұрып қарсы алды. Жас әлем чемпио­нына лайықты құрмет көрсетіліп, аудан әкімдігі атынан 100 мың теңге сыйақы табысталды. Бапкері Азамат Абдраховқа 50 мың теңге берілді. Жаттықтырушы өз сөзінде: «Кішкентай ауылдан үлкен спортшылар шығатынын дәлелдедік. Ауданымызда спортты дамыту жұмыстары жүйелі жалғаса берсе, әлі талай чемпиондар шығады», деді. Өз кезегінде жаңабеттіктер ауыл жастары бос уақытында зиянды әрекеттерге бармай, спорт залынан табылатынын, бұл ретте жаттықтырушылардың еңбегі зор екенін атап өтті.

Қырғызстан астанасында өткен Әлем біріншілігіне Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан және Моңғолия мемлекеттерінен 200-ден астам спортшы қатысқан. Марина Фейстова 58 келі салмақта жұлқи көтеру жатты­ғуында топ жарса, ұзақмерзімді (циклды) көтеру бағдарламасында қолаға қол жеткізді. Марина зор құрмет үшін жерлестеріне алғысын білдіріп, болашағын үлкен спортпен байланыстырғысы келетінін айтты. Тек алға, Марина!

 

Павлодар облысы,

Тереңкөл ауданы