Енді қала әкімдігі шетелдік мамандарды тартып, бір кездері шаһардың көркін келтірген бірегей нысанның бұрынғы келбетін қайта жаңғыртпақ ниетте. Осы мақсатта жапониялық ITOCHU Corporation және IHI Infrastructure System Co, Ltd компанияларымен тиісті келіссөздер жүргізіліпті. Күншығыс елінің мамандары көпірге мұқият сараптама жүргізуге қамданып отыр.
Семейдің сол және оң жағалауын жалғаған нысанды кезінде жапониялық IHI Corporation компаниясы салған еді. Осы жобаны іске асыруға түркиялық «Аларко Алсим» компаниясы да атсалысқанын айта кеткен орынды. Көпір 2001 жылы пайдалануға берілген болатын. Оның пилондарының биіктігі – 98,5 метр, ұзындығы – 1 086 метр (750 м – аспалы бөлігі) және іргелес жолдардың ұзындығы – 14,5 шақырым. Бес инфрақұрылымдық жол өтпесі, үш жерасты өткелі және көпірдің астында демалыс аймағы қарастырылған. Аталған жобаны Қазақстан мен Жапония үкіметі бірлесіп қаржыландырған.
Көлік қозғалысына қарастырылған мұндағы алты жолақ ескі көпірдің, республикалық және халықаралық жолдардың, оның ішінде Ресейдің Омбы-Новосібір бағытындағы тас жолының жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Әйтсе де құрылыс аяқталысымен көпірге тиісті қызмет көрсетілмей, бұл жол жабындысының айтарлықтай нашарлауына әкелді. Техникалық қызмет көрсетуге қажетті қаражаттың бөлінбеуі, білікті мамандардың тапшылығы жол төсемінің бұзылуына, металл құрылымдарының тат басуына, лифтілердің, сол секілді электр жабдықтары мен электр желілерінің тозуына әсер етті.
ITOCHU Corporation және IHI Infrastructure System Co, Ltd компанияларының мамандары орталық тас жолдың үстіңгі бөлігін кесуге дайын екенін жеткізді. Көпірдің тұтастай жағдайын анықтау үшін алты түрлі учаскеде зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстың бұл түрі екі айдың ішінде аяқталады деп болжанып отыр. Сараптамаға алынған үлгілер Жапонияға тиісті зертханаға жіберіледі. Бұған қоса коррозия мен тозудың деңгейін анықтау үшін механикалық және химиялық тексеруге кабель үлгілері алынады. Оның нәтижелері шамамен екі ай ішінде дайын болады.
Компания өкілдері қажетті үлгілерді зертттеуге алу көпірдегі қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етпейтінін айтты. Асфальт жабындысы мен кабельдің жағдайын тексеру жыл соңына дейін жүргізіледі. «Осыдан кейін ғана жұмыс көлемін және олардың күрделілігін анықтауға болады», деді күншығыс елінің өкілдері.
Тексеру нәтижелеріне сәйкес қорытынды беріліп, оның негізінде көпірді жөндеуге байланысты жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланып отыр.
«Маңыздысы, мұны кім жобалайды? Егер де бұл шетелдік компания болса, онда жобаның жергілікті жағдайларға бейімделуін және жұмыс қорытындылары Қазақстанның заңнамасымен ықшамдалуын ескеру қажет. Отандық мамандардың қорытындысы міндетті түрде болуға тиіс», деді Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов.
Қаржыландыру мәселесі келесі жылдың аяғында немесе 2024 жылы шешілетіні белгілі болды. Бұдан соң жұмыстардың қай бөлігін жапониялық тарап, қайсысын Қазақстан жағы қаржыландыратыны туралы шешім қабылданады.
Былтыр Жапония үкіметінің Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі Семейдегі аспалы көпірді тиісті қалпына келтіруге байланысты техникалық-экономикалық негіздемеге қаражат бөлгендіктен тексеру жұмыстары тегін жүргізілмек. Бұл жапониялық компаниялардың осы бағыттағы басты ұстанымдарының бірі деп нақтылады әкімдік өкілдері.
СЕМЕЙ