Татарстаннан келген қонақтардың ішінде «Қостанай және Қостанай облысы татарларының тарихы» кітабын жазып шыққан қаламгер Зуфар Махмұтов ақсақал да бар. Мереке барысында автор татар тарихына қатысты қызықты мәліметтермен бөлісіп, облыстық этнобірлестіктердің басшыларына бір-бір кітап тарту етті.
– Сабантой – түркі тілдес халықтардың егіс науқанынан кейін бас қосып, той-думан құратын еңбек мерекесі. Бұл мереке астықты аймақ – Қостанай облысы үшін де маңызды. Елімізде достық пен бірлікті айғақтайтын атаулы күндер аз емес. Соның бірі осы – сабантой. Қостанай облысындағы этнобірлестікке мүше татар-башқұрт ұлты өкілдерінің ішінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосып жүрген диқан шаруалар да баршылық, – дейді облыстық ассамблея жанындағы «Дуслық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің басшысы Ринат Бектеміров.
Мерекелік бағдарлама аясында көпшілік қол күресі, гір көтеру, айранның ішінен теңге алып шығу, көз жұмған қалпы таяқ лақтырып, нысанадағы құтыны құлату сияқты халық ойындарын тамашалады. Әсіресе, татар халқының белбеу күресін қызықтаушылар көп жиналды. Тартысты бәсекеде ауыр салмақтағы қостанайлық палуан Талғат Жиентаев пен Мылтықбай Әбдуаитовтың бағы жанды. Жарысты ұйымдастырушылар жеңімпаздардың иығына бір-бір қойдан өңгеріп берді.
Сабантойдың сәнін кіргізіп, мәнін аша түскен ұлттық ойындардан кейін мерекеге жиналған жұрт «Дуслық» ұлттық орталығының өкілдері пісірген салмағы 25 кило болатын тәтті чак-чактан ауыз тиді.
Қостанай облысы