Жалпы, 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2022 жылдың 30 маусымы аралығында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша медициналық сақтандыру үшін жинақталған жарна 131,5 млрд теңгені құрайды. Маусым айында 5,6 млрд теңгеден аса жарна түсті. Оның 3,2 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің, ал 2,4 млрд теңге – жеке кәсіпкерлердің аударымдары.
Ал 2022 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында медициналық сақтандыру үшін елордалықтар 30,9 млрд теңге жарна аударған. Оның 17,2 млрд теңгеге жуығы – жұмыс берушілердің аударымдары, ал 11,4 млрд теңге – жеке кәсіпкерлерден түскен жарна. 2022 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 13 506 бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеушілерден түскен МӘМС жарналары 65,3 млн теңгеге жуық соманы құрайды, ал осы жылдың маусым айында 8 150 БЖТ төлеушілерден 10,9 млн теңгеге жуық жарна түскен.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі», деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, saqtandyrybot телеграмботы, 1406 байланыс орталығы, Қордың fms.kz сайты арқылы Қорға хабарласуға болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтінішіңізді қарап, тиісті шаралар қабылдайды.