Аймақтар • 12 Шілде, 2022

Үшарал әуежайының ауқымы кеңейеді

439 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары Данияр Әлімбаев пен Әлия Әбсеметова Жетісу облысына сапары барысында Алакөл ауданындағы кәсіпкерлік және туризм саласының өкілдерімен кездесті.

Үшарал әуежайының ауқымы кеңейеді

Іссапар барысында мәжілісмендер Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын жөндеу барысымен танысты.  Депутаттар әуежайды аралап, ғимараттың қауіпсіздік жүйесін бақылады.

«Әуежай 2018 жылы ашылған. 2021 жыл­дан бастап  ұшу жолағын қайта жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Осы айда  жөндеу жұмыстары аяқталады деп жос­парлануда. Тамыз айынан бастап өз жұмысын жандандырады», де­ді әуежай басшысы Әшірбек Бақыт­жанов.

Айта кетейік, әуежай күніне 400 адам қабылдауға қауқарлы. Сондай-ақ халық қалаулылары бірқатар туристік нысанды аралады. Алакөл көлі жағалауын да­мытудың бас жоспарына сәйкес сумен, электрмен қамту, кәріз жүйесін жүргізу қолға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі инвес­тициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылды. Жалпы саны 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 3 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Былтыр жағалауда 1 млн 400 мың адам демалып, 8,5 млрд теңгеге қызмет көрсетілген.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуын­ша, биыл жағалауды  қоршау жұмыстары басталған. Ақши мен Көктұма ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 13,4 шақырым жағалау қоршалуға тиіс. Жобаның құны 6 млрд теңге, қаржы кезең-кезеңімен бөлінеді.

 

Жетісу облысы