Аймақтар • 12 Шілде, 2022

Шегірткемен күреске бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының аудандарында зиянкестермен күрес жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шегірткемен күреске бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді

Биыл жалпы облыс бойынша 319 990 гектарды өңдеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде Шалқар, Ырғыз және Әйтеке би аудандары басты назарда болды. Себебі аталған аудандарда шегіртке мүлде қаптап кеткен.

«Италия шегіркесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мердігер мекемелер анықталып, өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыс бойынша 319 990 гектар жердің 300 000 гектардан астамы өңделді. Бүгінгі күні Әйтеке би ауданы итальяндық шегірткеге және Ырғыз ауданы азиялық шегірткеге қарсы химиялық өндеу жұмыстары жалғасты. Әлеуметтік желіге шыққан ақпаратқа қатысты айтар болсам, бұл Қарабұтақ елдімекеніне қарасты Қабақ жайлауы. Онда химиялық өндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір таңда егін алқаптарына зиянкестердің кіріп кетпеуі үшін бар шара қабылданып жатыр», деді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекция басшысы Дастан Сағыров.

Бүгінгі күні шегірткелердің шағылсу және жұмыртқа салу кезені жүріп жатыр. Жұмыртқа салғанан кейін 15-20 күн аралығында шегіртке өледі. Ауа райына байланысты химиялық өңдеу жұмыстары шілде айының аяғына дейін жүргізіледі.

Биыл шегірткеге қарсы күреске 2,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде хабарлады.

«Респбулика аумағында ерекше қауіпті организмнің 12 түрі, зиянды организмнің 5 түрі, карантиндік обьектілердің 14 түрі таралған. Шегірткелермен күресуге ерекше көңіл бөлінеді», деді комитет төрағасы.