Тарих • 13 Шілде, 2022

Тасқа қашалған таңбалар

1106 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісу – құтты мекен, қойнауы тұнған тарих таралғысы. Ескі заманмен еншілес мұралардың мұңын шерткен ен даланың әлі де қазба-байлығы түгесілген жоқ. Оңтүстік-шығысын алып жатқан Жаркент өңірінің өзі неге тұрады. Көне дәуірдің кереметіне толы. Қасиетті мекенде тіршілік еткен бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр тартатын құнды жәдігерлер самсап жатыр. Олар мыңжылдықтардың куәгері. Археологтер құпияға толы атақоныстың бағасына жете алар ма екен…

Тасқа қашалған таңбалар

Өткеннің көзіндей болған та­рихи жәдігерлерді іздеп, кіші­гі­рім зерттеу жүргізіп жүрген ­М.Ты­нышпаев атындағы тарихи-өлке­тану музейі мен оның бір­лес­кен филиалдары – Жаркент қала­сын­дағы Жауынгерлік Даңқ му­зейі және «Жаркент мешіті» көркемөнер-сәулет музейі. Олар арнайы тау-тасты аралап, құнды жәдігерлерге куә болған.

Өсек өзенінің шығыс бетке­йін­дегі аласа тау жотасындағы беті тегіс қойтастарға салынған суреттер жетерлік. Мұнда үл­кен таста көне түркі руникасы­мен жазылған «қазақ» деген сөз бар. Түркі дәуірінде «қазақ» этно­ни­мінің болмағанын тарихтан білеміз, бірақ кейін таңбаланған бұл жазуды, кім қандай мақсатпен жазғаны белгісіз. Бұл өзі шешімі жоқ жұмбақ дүние. Музей қыз­мет­керлері көнеден келе жатқан тастағы беймәлім бейнелер мен жазуларды, таңбаларды тізімдеп, суретке түсіріп алған, енді олардың орналасу координаттарын анықтау жұмыстарымен айналысуда.

Мәселен, біз жазып отырған суреттер шоғыры Талдыдағы аспалы көпірден бастау алатын, өзеннің сол жақ аңғарының, солтүстіктен оңтүстікке қарай көлбей жатқан ала­са таулы жоталы алқаптың бір бө­лі­гі. Ұзындығы 15 шақырымды құ­райды. Ондағы ғажайыпты тү­гел­дей сыпыра сүзіп шығу қиын шаруа.

Суреттер мен түрлі бейнелер күн сәулесі мен атмосфералық құбылыстардың әсерінен қоңырқай күрең тартқан қойтастарда шашырай орналасқан. Бұдан басқа өзеннің батысындағы Үлкен және Кіші Қойтас аумағында, Үлкен және Кіші Өсектің қосылған же­ріндегі сүйірлі тұмсықтағы жартастарда петроглифтердің үлкен тобы бар. Оларды арнайы маман­дар қағазға түсіріп кеткен, бі­рақ музей қызметкерлерінің айтуын­ша әлі де зерттеулері үстірт, құжатталу жұмыстары да аяқталмаған.

Ежелгі сурет өнері шеберлерінің тасқа қашаған көріністерінің көбі: жабайы аңдардан – тауешкілер мен арқарлар, бұғылар, қасқыр бөлтірігімен, сондай-ақ, қолға үйре­тілген түйе, жылқы мінген адам, жәндіктерден жыландар, сонымен қатар, антропоморфты бейнелерге жататын «күнбасты адам», билеп тұрған бақсы, мүйі­зінде «әлем ағашы бейнеленген» бұғылар мен сан-алуан қимыл қозғалыстардың жиынтығынан тұрады. Және сан алуан климаттық өзгерістің әсерінен бүлінген кейбір түсініксіз бейнелер де кездеседі.

Жалпы, тастағы бейнелеу өне­рінің ерекшелігі – салынған көрі­ністердің қайталанбас өзгеше­лігімен қатар, тарихи-мәдениет ескерткіші ретінде әрдайым эсте­тикалық талғамға сай болуымен құнды. Демек осынау тастағы сурет өнеріне деген құрмет, яғни, біз жазып отырған петроглиф­тер­дің Жетісу өлкесінің мәдени саласындағы бағалы тарихи жәді­гер­лердің айшықты бөлігі екенін айғақтайды.

Тағы бір ежелгі дәуірге тән бай­қалған құбылыс – аспалы көпірден басталған аласа таулы жотаның етегі мен өзен жағасына дейінгі теп-тегіс жазық. Аталған жазықтың оңтүстігіндегі Бесағашқа дейін­гі аумағы үйілген тас қорымдар мен әртүрлі (диаметрі 6-12 м болатын) шеңбер, ромб тағы басқа формадағы обаларға толы. Бұл шамамен қола дәуірінен қалған көне жерлеу орындары болуы мүмкін.

«Музей қызметкерлерінің өл­кетану бағытында тарихи-таным­дық зерттеушілік сапарында суретке түсіріп, ретке келтірген тас­­­та таңбаланған бейнелердің тізі­мі мынадай: Арқарлар мен тау­еш­кілердің 100-ге жуық бейнесі; Итке ұқсайтын 2 сурет; Атқа мін­ген адамдардың 2 бейнесі; Мүйі­зінде «Әлем ағашы» бейнелен­ген 2 бұғы; Жай бұғы суретінен 2 дана; Қасқыр тәрізді 2 аң және 1 қасқыр үш бөлтірігімен; Түйеге мінген 1 адам және түйе жетектеген бала; Би билеп тұрған бақсы, 1 сурет; Жаяу адам бейнесі 2 сурет; «Күнбасты адам» 1 сурет; Жы­ландар 2 жерде бейнеленген; Құдайдың табаны бейнеленген 1 су­рет; Бүлінген түсініксіз бейнелер. Бұлардың бәрі өткен дәуірден бұзылмай жеткен мұралар», дейді Жауынгерлік Даңқ музейінің мең-­
­герушісі Қали Ибрайымжанов.

Жалпы, түсірілген суреттерге музей қызметкерлері сараптама жасай отырып, петорглифтердің басым бөлігі Сақ дәуірінің өт­пелі кезеңі мен Ерте темір дәуірі уақы­тына жатады-ау деген жо­рамалға келген. Ішінара қола дәуі­рінің де нақыштары бар екенін жоққа шы­ғармайды.

Себебі тағы бір назарға алар ерекшелік, аталған тарихи жәді­герлердің Жетісу Алатауының етегінде орналасуы. Оған мысал, қола дәуірі соңындағы климат­тық өзгерістердің әсерінен тақырға айналған жазықтан гөрі таулы аймақтың тіршілікке қолайлы болуы да едәуір ықпал еткен тәрізді. Демек тағы бір ерекшелік сол кезеңдердегі адамдар тіршілігінің арқауы, негізгі күнкөріс көзі аң­шылық болғандығын ой салып қа­раған адамға еш қиындығы жоқ.

Жаркент өңірінің өткен дәуірі мен сол заманда тіршілік еткен жандардың өмірінен ақпарат бе­ретін құнды мұралардың ел тари­хын­дағы алатын орны айрық­ша. Тастағы сурет өнерінің асыл мұ­ралары саналатын петроглифтер адамзат өркениетінің алғаш пайда болуынан сыр тартады. Сон­дай-ақ олардың даму сатылары­нан нақты түсінік беретін бірден-бір құрал. Сондықтан Өсек өзе­ні аңғарындағы таңбалардың ке­шенді зерттелуі біздің арғы ата-баба­ларымыздың наным-сенімі мен тұрмыс-тіршілігі және айналысқан шаруашылығын жан-жақты зерделеуге мүмкіндік беретін бірден-бір тарихи ескерткіш болып табылады. Бұл – тасқа қашалған тарих!

 

Жетісу облысы