Қоғам • 15 Шілде, 2022

Қордан күтер үміт мол

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевтің Қарағандыға нендей мақсатпен келгені белгілі болды. Облыстық әкімдікте қоғам белсенділерімен өткен кездесуде ол аталған ұйымның өз жұмысының форматын түбегейлі өзгертуді қолға алмақшы екенін мәлім етті.

Қордан күтер үміт мол

– Қыркүйек айында біз аза­мат­тық қоғам өкілдерін, қор донорларын, қазақстандық ірі кәсіп­орындар мен кәсіпкерлерді, Үкі­мет мүшелерін, депутаттарды шақы­рып, үлкен онлайн-конферен­ция өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы алқалы жиында біз Қордың жаңа тұжырымдамасын, қайырымдылық бағдарламалар мен жобалар нобайын бекіткіміз келеді. Сіздердің ұсыныстарыңызды есту біз үшін маңызды. Осы мақсатта өңірлерді аралаймыз, – деп атап өтті Б.Жә­мішев.

Сонымен қатар төраға «Қазақ­стан халқына» қорының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен тың бастамалары туралы баяндап берді. Мы­салы, ұйым қазіргі уақытта ауыл­дық жерлердегі білім беруді қолдау жөніндегі тиімді жобаларды іздестіріп жатыр екен.

– Арнайы мектеп-интернаттар­ды жабдықтау бойынша жоба дайындап жатырмыз. Бұл бағдар­лама 99 мектептен өтінім алды. Сондай-ақ «100 спорт залы» бағдар­ламасын қаржыландыру басталды, – деді қор төрағасы.

Кездесу барысында қоғам бел­сен­­ділері денсаулық сақтауды қол­дауға, ерекше балалар мен мү­геде­к­тігі бар адамдарға көмек көрсе­ту­ге қатысы бар ұсыныстарын жеткізді.

Қор басшысы болса, бұл ұсы­ныс­тардың бір де бірінің назардан тыс қалмайтынын айтып, олар­дың алдағы уақытта кешенді жұ­мыс бағдарламасы аясында мүмкін­ді­­гін­ше жүзеге асырылытынына сен­дірді.

Кездесуде Қарағанды облысы­ның әкімі Жеңіс Қасымбек бүгінде жергілікті атқарушы органдар­дың әлеуметтік көмек көрсету бойын­ша жұмыс істеп жатқанын баяндады.

– Мысалы, орфандық аурулары бар емделушілерге арналған дәрі­лік препараттарды сатып алу бюджеттен қаржыландырылды. Жүйелі мәселелерді өз деңгейінде шешуге тырысамыз. Меценаттар, демеушілер де көмектеседі, – деп атап өтті ол.

Дегенмен өңір басшысы әлі де болса күрделі мәселелердің бар екенін жасырмады. Сол себепті де ол өңірдің аталған қормен өзара тиімді іс-қимыл жасауға мейлінше бейілді екенін жеткізді.

Кездесудің соңына таман «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Қарағанды облысының әкімдігі ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

 

ҚАРАҒАНДЫ