Үкімет • 17 Шілде, 2022

Президент тапсырмасы: Үкімет жұмыла іске кіріспек

223 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы
14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар қаралды.

Президент тапсырмасы: Үкімет жұмыла іске кіріспек

Аталған мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов баяндама жасады.

Ұлттық экономика вице-министрі Т.Жақсылықовтың айтуынша, инфляция деңгейін тұрақтандыру мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешені іске асырылып жатыр. Ол 67 іс-шараны қамтиды, оның ішінде биыл 38 іс-шара және 2024 жылға дейін 29 іс-шара іске асырылмақ.

Бүгінгі таңда 13 жедел іс-шара орындалды, 25 іс-шара – орындалу үстінде, 20 орта мерзімді іс-шара тұрақты негізде орындалуда.

Жаңа салық-бюджет саясаты аясында бюджетаралық қатынастарды реформалау және мерзімдері мен кезеңдерін екі есеге қысқарта отырып, бюджеттік жоспарлаудың реинжинирингі бойынша жұмыс жүргізілуде. Қаржы-экономикалық функцияларды өңірлердің пайдасына қарай орталықсыздандыру бойынша жұмыс басталды. Бүгінгі таңда Бюджет кодексіне өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін күшейту бойынша, оның ішінде салықтық және салықтық емес түсімдердің қосымша түрлерін жергілікті деңгейге беру арқылы түзетулер әзірленді.

Т.Жақсылықовтың айтуынша, Мемле­кет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Министрлік халыққа ком­му­налдық қызмет тарифтерін көтеруге 180 күнге мораторий енгізді. Осыған байланысты 100-ден аса табиғи монополия субъектісінің тарифтері түзетілді, бұл халыққа 3,2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда табиғи монополиялар салаларында 1 450-ден астам қызмет көр­сететін 1 250-ден астам ТМС қызметін жүзеге асырады және 60-тан астам қызмет көр­сетеді. 250-ден астам ТМС шекті (ұзақ мер­зімді) тарифтер бойынша жұмыс істей­ді, бұл тұтынушыларға тарифтердің болжам­дылығын, инвестициялар салу есебі­нен қызметтердің сапасын арттыруды қамта­масыз етеді. Бүгінгі таңда мораторий аяқталд­ы. ІІ жартыжылдықта тарифтердің биылғы инфляция дәлізі шегінде өзгеруі күтілуде.

Қаржы министрі Е.Жамаубаев ведомствоның Президенттің тапсырмаларын дереу орындауды қамтамасыз ету үшін салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша мына шаралар қабылданатынын жеткізді: құрылыс жұмыстарын орындау үшін жеткілікті материалдық ресурстары бар мердігерлерді іріктеу мақсатында меншікті құрылыс техникасының болуы туралы міндетті талап белгілеу, ол үшін мамандандырылған техниканың бірыңғай базасын құру жоспарланған. Бұл олардың бар-жоғын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар құрылыс жұмыстарын орындау үшін өзінің базалық техникасы жоқ мердігерлерді іріктеуден өткізбейді.

Сауда және интеграция министрлігінің жұмысы бойынша Мемлекет басшысы азық-түлік өнімдерінің нақты және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігінің іс жүзіндегі көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша бірқатар нақты тапсырма берген еді. «Мемлекет басшысының ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың қолда­ныстағы моделін қайта қарау жөніндегі ес­кертулеріне орай біз мүдделі инвестор­ларды тарта отырып, көтерме сауда орталықтарын құрудың бірнеше балама сценарийлерін қарастыру үстіндеміз», деді Сауда және интеграция министрі осыған орай.

Оның айтуынша, нарық иелерінің жауапкершілігін күшейтуге қатысты биыл мамыр айында 122 нарықты тексеру аяқталды. Нәтижесінде, бірқатар жүйелі проблема анықталды. Олардың қызметін одан әрі жаңғырту жөніндегі заңнама нормалары әзірленді.

Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында импортты алмастыру мәселесі кешенді түрде шешіледі. 2022 жылдың соңына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 295 млрд теңге сомасына 237 инвестициялық жобаны іске асыру жос­парланып отыр, оның ішінде импортталатын позициялардың 6 түрі бойынша 128,5 млрд теңге сомасына 81 жоба іске асырылады. Бұл үшін осы жобаларға жеңілдетілген кредит беру, субсидиялау, жер ресурстары мен инфрақұрылымды беру қамтамасыз етіледі.

Президент Энергетика министрлігіне транзиттік көлік және шекара периметрі бойынша мұнай өнімдеріне сараланған баға әзірлеуді тапсырған еді. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазіргі уақытта ведомство дизель отынына сараланған баға белгілеудің бірнеше нұсқасын қарастыруда. Отынның шығарылуына және тұтыну субъектісіне қарай саралау бойынша тәсілдер зерделенбек. Бұдан басқа, шекаралас аймақтарда орналасқан жанармай құю стансалары үшін сараланған баға белгілеудің нұсқалары, сондай-ақ импорттық дизель отынын орта бағамен сатудың жолдары қарастырылады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.Өскенбаев ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының (РОП) қаражатын пайдалану арқылы отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін жеңілдетілген кредит беру тетігін енгізу мәселесі пысықталу үстінде. «Сонымен қатар ағымдағы лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңартуды жоспарлап отырмыз. 2022 жылы осы бағдарламаны іске асыруға 3,5 млрд теңге көзделген», деді Қ.Өскенбаев.

Қ.Өскенбаев минералды тыңайт­қыштар өндіру бойынша өнеркәсіпті игеру үш жер қойнауын пайдаланушы­мен жүргізіліп жатқанын атап өтті. Өндірудің жиынтық көлемі 4 млн тоннаны құрайды. Калий тыңайтқыштары бойынша 4 кен орны бар, олардың үшеуі Батыс Қазақстан облысында және біреуі Ақтөбе облысында. «Биылдан бастап 2026 жылға қарай ішкі нарықтың фосфор және азот тыңайтқыштарына қажеттілігін толығымен өтейтін жобаларды бастаймыз», деді Қ.Өскенбаев.

Өнеркәсіптік кооперация және өндірісті релокация бойынша бүгінгі таңда Ресей Федерациясымен өнеркәсіптік кооперация шеңберінде жалпы құны 22,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 24,9 мың жұмыс орнын құрумен 62 жоба бар. 14 жоба іске асырылды, 11 жоба іске асырылу сатысында, 14 жоба пысықталып жатыр. Ішінара релокацияны ескере отырып, 8,9 млрд АҚШ долларына 12,6 мың жұмыс орнын құрумен 23 жоба пысықталуда. «Қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласында 509 келісімшарт және 1 738 лицензия бар. Барлық келісімшарт пен лицензияға талдау жүргізілді. Қатты пайдалы қазбалар бойынша 263 келісімшарт тыңдалып, қорытындысы бойынша 58 келісімшарт бұзылды және 5 келісімшартты бұзу процесін жүргізудеміз. Бұзушылықтарды жою туралы 78 хабарлама жолданды. Сондай-ақ 118 лицензия қайтарып алынды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда. Тексеру қорытындылары туралы аралық есеп осы жылдың тамыз айында енгізіледі», деді Қ.Өскенбаев. Сондай-ақ ол Президент сынына орай соңғы 10 жылда іске қосылған автожол жобаларын тексеру жөніндегі комиссия құрылатындығын мәлімдеді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкінің іске қосуының созылуы мердігердің міндеттемелерін орындамауымен байланысты екенін атап өтті. «Конкурс 2019 жылы өткізіліп, «Транстелеком» АҚ жеңімпаз атанды. Қаржы бөлуді бекіту және мердігерді таңдау рәсімдерінің ұзақтығынан, жобаны іске асыру мерзімі 2021 жылғы шілдеге ауыстырылды. Былтыр ақпараттық жүйенің жұмыс қабілеттілігін тестілеу бірнеше рет өткізіліп, оның дайын еместігі анықталды. «KPMG» тәуелсіз жобалық кеңсесінің бағалауы бойынша жоба тек 60%-ға ғана іске асырылды», деді экологиялық ведомство басшысы.

Сонымен қатар С.Брекешев 2,5 млрд теңге бюджет қаражаты Қазынашылық комитетінің шоттарында жатқанын айтты. Мердігердің міндеттемесі орындалмай, қаражат төленбеді. Сонымен қатар өсімақы 249 млн теңгені құрайды. «Биыл наурыз айында Экономиканы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында Kaznedra жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы шеңберіңде осы ақпараттық жүйені одан әрі іске асыру туралы ұсыныс қолданды. Бұл – ведомствоаралық платформа, жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс істейтін мемлекеттік органдар қатысады. Қазір Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Министр киік популяциясын басқаруға қатысты 14 шілдеде ғылым және салалық ассоциациялардың қатысуымен жиналыс өткізгенін айтты. Бұл мәселені шешу аясында бірінші кезекте киік популяциясы ареалындағы экожүйелерді кешенді бағалау үшін терең ғылыми-зерттеулер жүргізуге баса назар аударылды. Бұл киік популяциясын тиімді бақылау және оның ресурстарын тұрақты басқару үшін қажет. «Осыған байланысты, Әлихан Асханұлы, Ғылым және жоғары білім, Қаржы министрліктеріне осы зерттеулерді қаржыландыруды биылдан бастап қарастыру мүмкіндігін тапсыруыңызды сұраймыз», деді С.Брекешев.

Денсаулық сақтау министрі А.Ғи­нияттың айтуынша, жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары маман­дан­дырылған медициналық көмек көрсету үшін Нұр-Сұлтан, Қостанай, Жезқаз­ған, Атырау, Орал, Шымкент қалалар­ында, Түркістан облысының Сары­ағаш қаласында және Ордабасы аудан­ында 8 заманауи перинаталдық орталық салу көзделіп отыр. Жергілікті атқарушы органдар перзентханалар мен балалар ауруханаларының қазіргі және күрделі жөндеуін, материалдық-техни­калық жарақтандырылуын, кадрлармен жа­сақталуын қамтамасыз етуі қажет. «Ме­дициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру үшін біз Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігімен бірлесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу нәтижелеріне талдау жүргіземіз және оны іске асырудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгіземіз», деді А.Ғиният. Оның айтуынша, сондай-ақ МӘМС жүйесіне кіру үшін дербес төлеушілер жарнаны 12 ай бұрын төлеу механизмі енгізіледі. Бұл халықты жүйеге кең тартуға мүмкіндік береді.

Білім беру бойынша Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын орындау туралы Оқу-ағарту министрі А.Айма­ғам­бетовтің айтуынша, 2011 жылдан бері балабақшалар жұмысын бастау үшін лицензия алмайды, тек қана жұмысын бастағаны туралы хабарлама береді. 2021 жылға дейін олар мемлекеттік бақылау яғни аттестаттаудан да толығымен босатылған болатын. «Лицензиядан босату туралы шешім жекеменшік сектордың жылдам дамуына, балабақшамен қамтуды 99 пайыз­ға жеткізуге әсер етті. Бірақ сонымен қатар ол сапаны қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізді. Соңғы кезде кейбір бала­бақ­шалардың жұмысы бойынша ата-ана­лардың арыздары жиілеп кеткені ешкімге құпия емес. Осыған орай 2021 жылы мем­лекеттік бақылауды қайта енгіздік. Оның нәтижелері де проблемаларды көрсетіп отыр, балабақшалардың 80%-ы бақы­лаудан өте алмады», деді А.Ай­ма­ғам­бетов.

Олар аттестациядан өтпеуіне байланысты формалды түрде жабылады, бірақ лицензия бойынша талап болмағаннан кейін сол проблемалармен қайта ашылып жұмысын жалғастыра береді. Осыған орай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбие сапасын арттыру, мақсатында балабақшаларды кезең-кезеңмен лицензия­лау енгізіледі.

Ал мектептерде қазіргі уақытта 259 мың оқушы орнына тапшылық бар. Болжам бойынша 2026 жылға қарай оқушы орнына сұраныс шамамен 1 млн 200 мыңға дейін өседі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде былтыр 277 мектеп ашылды. Биыл тағы 225 мектеп салу жоспарланды. Сонда осы екі жылда кем дегенде 326 мыңнан аса жаңа орын ашылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасының цифрлы картасын әзірленіп жатқанын айтты. Цифрлы карта республика халқын түгел қамтиды: 19,4 млн адам немесе 6,5 млн отбасы. «15 тамызға дейін халықты әлеуметтік қолдау саласындағы отбасылардың ақпараты өзектендіріледі. 1 қыркүйектен бастап жыл соңына дейін АӘК және төлемдердің 9 түрі бойынша Отбасының цифрлы картасының жұмысы сынақтан өткізіледі, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы барлық тағайындау мен төлем проактивті форматта көрсетілетін болады», деді Т.Дүйсенова.

ЕХӘҚМ басшысы еңбек нарығын реттеу және дамыту 8 бағыт бойынша жүзеге асатынын атап өтті. 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ету үшін барлық ұлттық жоба мен бизнестің жеке бастамалары аясында жүргізілетін жобалар мен жұмыс орындары Электронды еңбек биржасында орналастырылады. Электронды еңбек биржасы баршаға қолжетімді бос жұмыс орындарының алаңына айналады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин Мемлекет басшысының цифрландыруға қатысты сындары орынды екенін айта келе: «Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрлар бойынша кейбір салаларда ақаулықтар бар. Олар – геологиялық база, жер қойнауын пайдаланушылармен қарым-қатынас, денсаулық сақтау саласындағы қағазбастылық пен бюрократия. Осыған орай министрлік құзыретті мемлекеттік орган ретінде осы салалардағы тиісті жобаларды техникалық тұрғыдан жүзеге асыруды өз басқаруына алады», деді.

Бұл ретте Бағдат Мусин 3 жылдық келісімшартқа қол қоюға мүмкіндік беретін Заң жобасына дайындалып жатқанын мәлімдеді. «Сондай-ақ жылдың аяғына дейін ақпараттық жүйелердің құру уақытын 6 айға дейін қысқартамыз. Мемлекеттік органдарға қосымша ресурс беретін ұлттық инфрақұрылым 2023 жылдың ортасында іске қосылады және әрбір сала бойынша цифрлы стратегия әзірленіп, бекітіледі», деді.

Kaz-Nedra электронды платформасы жобасының іске асыруға қатысты қазіргі уақытта 48 бизнес-процестің реинжинирингі жүргізіліп, оларды бекіту жөніндегі жұмыс салалық мем­ле­кеттік органдармен пысықталып жатыр. «Техникалық тұрғыдан іске асыруды өз қолымызға ала отырып, бірқатар мо­дульді, оның ішінде жеке кабинет, интерактивті карта, лицензияларға тапсырыс беру және т.б. қызметтер осы жылдың соңына дейін қолжетімді болады. Ал «Цифрлы жер қойнауы» деректер қоры 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылады», деді Б.Мусин.

Денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша министр еHealth денсаулық сақтаудың жаңа электронды архитектурасына көшу бойынша жұмыстар бастал­ғанын мәлімдеді. «Азаматтар үшін бұл ұлттық денсаулық паспортын қа­лыптастыруға мүмкіндік береді. Ал дәрі­герге, пациент жөніндегі толық ақпа­ратты қолжетімді етеді. Басты міндет – Денсаулық сақтау министрлігіне бағы­натын ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру», деді.

«Зерде» холдингін реформалау туралы сөз қозғалды. Оны реформалау жыл­дың басында басталған болатын. Оның бірі жүйелік интегратордың қызметі «Цифр­лы үкіметті қолдау орталығына» беріл­ді. «Инновацияларды дамытудың бірың­ғай экожүйесін құру мақсатында QazIn­no­vations агенттігі мен Астана хаб тех­нопаркін бір ұйымға, яғни Инновациялық технологиялар паркінің құрамына біріктіру арқылы оңтайландыру ұсынылады. Ал Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамын тікелей Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қол астына беріп, «Зерде» холдингін таратып жіберу ұсынылады», деді ведомство басшысы.

Мәселені қорытындылаған Премьер – Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың жедел әрі нәтижелі орындалуы керек екенін ескертті. «Президенттің біздің жұмысымызға қатысты айтылған сыны өте маңызды екенін атап өткім келеді. Барлық мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен квазимемлекеттік сектор белсенділігін арттыруы қажет. Бірінші басшылар Мемлекет басшысының тапсырмаларының әрбір тармағын жеке бақылауға алсын», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Министр­лер кабинеті мен облыстардың әкімдері өзара тығыз байланыс орнатып, әрбір мәселені бірлесіп шешудің маңызды еке­нін айтты. «Жалпы, Үкімет жұмысының нәти­желі болуы әрқайсымыздың тиімді жұмыс істеуімізге байланысты. Ел эконо­ми­касының дамуы, азаматтардың тұрмыс сапасының жақсарғанын сезінуі үшін жоспарланған жұмысты бірлесіп жүзеге асыруға күш салуымыз керек», деп түйін­деді сөзін Премьер-Министр.