Әдебиет • 18 Шілде, 2022

Қабыл

340 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еуропа ренессансқа дейінгі дәуірде түнекті кезеңді бастан өткерді. Шіркеудің ғылымсыз епископтары басқаны былай қойғанда, жуыну үшін сабынды пайдалануды күнә деп тапты. Қала ішінде балконнан құйылатын «сары судан» сақтану үшін шляпа бас киімі мен жердегі қоқсықты баспау үшін биік өкшелі аяқ киімдер Еуропада ойлап табылды. Тазалық сақталмаған ортада оба, қотыр сынды әртүрлі аурулар жайлады, адамдар миллиондап қырылып жатты.

Қабыл

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы тұста рухани жаршы, «ғалам­дағы соңғы адам», надандыққа күйі­ніп, әлемге жарық шашуды көксеген ерке ұл Байрон тарих сахнасына шықты. Жаны нәзік ақынның аяғы ақсақ болып туып, сезімі сызаттанып, қоршаған ортадан оқшауланып жүреді. Андре Моруаның «Байрон» атты кітабында бала күнгі мектеп гимназиясындағы асау ақынның бірде дана, бірде адам танымастай қияли болмысы суреттеледі. Әңгімемізге тұздық болып отырған Байронның «Қабыл» поэмасы.

Бала күнгі тәрбиешісі Байронға Інжілдің қиссаларын оқып беретін. Сонда төсекте жатып шиыршық атып, ата-анасының рахымынан қуылған Қабыл жайлы ұзақ толғанатын. Ізгілік пен жауыздық шарпысы мазалап, «Неге?» деген сұрақ жағасынан алатын. «Қабыл» поэмасында скептикті Қабыл әртүрлі сұрақтарға қамалып, жанұшыра жауап іздейді.

Өмір бойы тепеңдеп,

Терлеп-тепшіп ет еңбек!

Неге бұлай? Себебі бар оның да,

Тудырған бұл сұрақты

Өйткені әкем,

жоғалтты ғой жұмақты.

Сонда бұған

Менің кінәм қанша еді,

Бар ма осының өлшемі? (Қуаныш Ахметовтың аудармасы)

Қабылды мазалаған сауал – ата-анасының күнәсінің зардабын неге баласы тартуға тиіс? Анасы жұ­мақ­­тағы жемісті жұлып, жерге қуыл­ды. Енді мұнда жер жыртып, егін егіп, барлық мехнатты тарту қажет. Ата-анасының «Қай іс болсын бір Құдай­дың салғаны, жақсылық деп түсін оны болғаны» дейтін жаттанды сөзіне Қабылдың зығырданы қайнайды.

Бір сәтте ол Ібіліске жолығып, жанын жегідей жеген уайымымен бөліседі. Жұмақты көксейтін көңілін жария етіп, ата-анасының кесірінен шұрайлы бақтан қуылғанын ашына сөз етеді. Ібіліс дегеніне жеткендей отқа май құйып, күдіктің отын қоздата түседі. Анаңның білім ағашынан дәм татырған мен кінәлі емес, керісінше сол ағашты еккен кінәлі деген ой айтады. Болашақта қарақұрым халық басып, қырғын соғыс пен көзсіз опасыздықтан жер беті тозаққа айналар дейді. Кеуделерден қара ниет орын тауып, қараңғы көрініс кеңістікте қанат қаға­рын бағамдайды.

Рухыңды жаратылған бойдан-ақ,

Жатқан болса әзәзілдік

жаулап ап.

Танымыңа ерік бермей пайымың,

Түсінбесең қайда сауап, айыбың,

Жеңе алмайсың

пасықтықты бойдағы,.

Сендер үшін қараулықтың

той бәрі,

Таусылмайды қызығы мен ойнағы.

Мұнан соң Ібіліс Қабылды барзақ әлеміне шексіздік есігінен арыға алып ұшады. Самсаған жұлдыздар мен тас қараңғы маңайларға сапар шегеді. Әлі дүниеге келмегендер мен дүниеден өткендер тұратын орынға барады. Өлім патшалығында түнерген сұлбаларды көреді. Егер Адам ата жер бетіндегі алғашқы адам болса, онда өлім патшалығында адамдар қалайша болмақ? Қабылдың ойын жапқан бұл сауалдарға Ібіліс: «адамдардың ішінен әкең бірінші болса да, өзге жаратылыстардың ішінен бірінші емес, тіпті олардың сендер тырнағына тұрмайсыңдар дейді. Расында, Ислам дінінде адамдардан бұрын жындар өмір сүргені жайлы айтылады. Ібіліс олардың адамнан артық болғанын, адам баласы солар көтерілген зау көкке шығу керегін айтады.

Поэмада Байронның ақыл-ойы, талантының тұңғиық сәулесі мен жемқор аттай толағай қуаты сезіледі. Ақын Інжілдегі жазбаларды тұсбағар етіп алып діңгегінен алысқа ұзап кет­пейді. Қабыл арқылы адамзат шек­сіз зұлымдық пен ізгіліктің майданына түскенін, бұдан алып шығар жол барын нұсқайды. Өмірде тек тән тілегімен ғана шектеліп, жан қалау­ларына құлақ асудан қашқан на­дан­дар тобырына бар даусымен ызыла­нады. Құдайды үреймен емес, махаб­бат арқылы тануға болатыны жайлы тұжырым айтады. Абайсыз альтар ошағынан алынған ағашпен Абылды қарақұстан салып қалғанда, інісінің өліміне сене алмай Қабылдың аһ ұрғанын суреттейді. Қабылдың бойы­на адамгершілік шоғын салады. Інісінен айырылған ол ең жақынымның ажалына себепкер болғасын, өмір сүрудың қажеті жоқтығын айтып зар жылап, ең болмаса жалғыз рет тіл қатуын өтінеді.

Байрон адамзатқа жауыздықтың соңы мәңгі өкініш, сарсаң екенін және адам баласы ғұмыр бойы бақыт қақпасын ашуға күш салу керегін меңзейді. Барлық қателіктің басы өз ішімізде екенін айтады. Иә, өз ішін түнекке айналдырған адам тамұқ азабын осы дүниеде-ақ тартары сөзсіз. Егер адам қателікке ұрынса, бұл үшін ібілісті, не өзге қара күштерді кін­әламасын, бірінші өзін кінәласын.

Білім ағашынан қалған,

Ең негізгі, ең пайдалы бір белгі:

Ол сендерге сана берді, ми берді.

Бұл тараудың маңызы зор,

 мәні көп,

Ойланатын бар сендерде

қабілет.

Рухани байлық – бақыт негізі,

Жер санамен ой-санамен көтеріл,

Осы рақат ең ізгі!

Байрон адамда жақсы мен жаманды, жасық пен пайымдыны айыра алатын ойланатын қабілет барын, сол қабілет арқылы жер бетінен биікке көтеріліп, рақатқа қауышыңдар деп қыранша саңқ-саңқ етеді. Поэма­сының бұл бір үзік сыры ғана, мұқият зерделеп оқыған кісі болса көп қазынаға жолығары ақиқат.