«Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, Қазақстанның нарығында полипропилен көп қолданылмайды. Қазіргі қажеттілік шамамен 45-50 тоннаның шамасын құрайды. Сол себептен жаңа өнімнің басым бөлігі шетелге экспортталады.
– Бұл мұнайлы өңірдегі ең ірі зауыттың бірі болмақ. Зауыт ашылғаннан кейін 500-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады. Жылына 500 мың тонна полипропилен шығарылады, – дейді М.Мырзағалиев.
KPI ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімовтің дерегіне сүйенсек, бұл – құрылысы ерекше зауыт. Оның құрылысын 2008 жылы құрылған KPI ЖШС жүргізген. Құрылыс жұмыстарына әлемнің 15 елінен ең білікті 100-ден аса инженер-маман тартылған. Өйткені аталған жоба қуаты мен технологиялық жабдықталуы жөнінен әлемдегі жетекші он зауыттың қатарына еніп отыр. Мұны тәуелсіз Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласында қолға алынған алғашқы зауыт деуге болады. Зауыт аумағы 3,5 мың гектарды алып жатқан арнайы «Ұлттық индустриялды мұнайхимиялық технопарк» арнайы экономикалық аймағында бой көтерді.
– Мақсат – елімізде мұнай химиясы кластерін қалыптастырып, қосымша құны жоғары, экспортқа бағытталған өнімдер шығару. Осы арқылы өнеркәсіп саласын әртараптандыруға арналған полимер өндірісін жолға қою көзделіп отыр. Зауытта «Теңіз» кен орнынан жеткізілетін пропаннан полипропилен өндіріледі. Бұл – пластикалық жіптер, құбырлар, пленкалар, сөмкелер, медицина және өзге салалардағы өнімдерді шығаруға қажетті негізгі шикізат көзі, – дейді Д. Әшімов.
Оның мәліметіне қарағанда, жақында аталған зауыттың технологиялық қондырғыларына пропан беру басталды. Енді компания іске қосу-реттеу жұмыстарының екінші кезеңі – пропанды дегидрлеу реакторларына катализаторды жүктеуге кіріседі.
Зауыттың технологиясы АҚШ, Германия, Франция, Ресей, Қытай, Жапония, Корея елдерінен жеткізілді. Жоба құрылысын жүргізуге Siemens, MAN, SGS, Air Liquide, Mitsubishi секілді әлемдегі көшбасшы компаниялардың мамандары қатысты. Қондырғылар мен жабдықтарды дайындаушы зауыттардың бас инженерлері жоғары технологиялық жабдықтарды іске қосу, операторларды жаңа жабдықтармен жұмыс істеуге оқыту үшін Атырауға арнайы келді. Жобаға жұмысқа тартылған жергілікті мамандар шетелдерде біліктілігін арттыру курстарынан өткен.
Жаңа зауыт Атырау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 33, Қарабатан темір жол бекетінен солтүстікке қарай 9 шақырым қашықта орналасқан. Учаске қолданыстағы темір жолға (9,2 шақырым), автомобиль жолына (6,3 шақырым), су құбыры мен электр желісіне, тасымалдауға арналған өзге де инфрақұрылымдарға жақын орналасқан. Құрылыс алаңын таңдау мен учаскелерді жоспарлау кезінде халықаралық стандарттар, инженерлік-техникалық тәжірибеге сәйкес барлық қауіпсіз қашықтық ескерілген.
Атырау облысы