Суретші Марат Тұрғамбай бояу жағысында ерекше тәсілдерді пайдаланады. Бақсаңыз, кейбір картиналарында карнация техникасының әсері байқалады. Кескіндемелері шынайы әрі жанды детальдарға толы. Бейне бір фотосурет сияқты көңіліңізді бірден баурап алады. Шынында, олар гиперреализмдік бағыттағы шығармалар болып саналады. Мәселен, «Арман» атты картинасын алып қараңызшы.
Кезекті жұмысында суретші пейзаж бен кейіпкерді өзара байланыстырады. Бұл символизмге жақын картиналардың бірі десек те болады. Себебі табиғат пен кейіпкер бір-бірімен үйлесім тауып, тілдесіп тұр. Туындының алдыңғы планында қиялға берілген қыз бейнесі көрінсе, артқы планда табиғат аясы бейнеленген. Қыздың дене бітімі көркем орындалған.
Жалпы, картинада тұрлаусыз тіршіліктен мезі болып, бір күндік демалысын өзіне арнаған ару көрініс тапқан. Яғни тау бөктеріне сейілге шығып, қиялына ерік берген қыз образы суреттелген. Ол сол қолын аспанға созып, самал желдің салқын лебін сезінуде. Арманына қол созған бейкүнә жанның бейнесінде. Қиял әлеміне шомып, кенет өмірінде бір ұлы өзгеріс болатынына үміттенеді.
Суретші кейіпкерін шынайы өмірден алғанын, тағдырлы қыз екенін айтады. Ол мейірім мен сұлулықтың ханшайымы, әйтсе де, сөйлеу мен есту қабілетінен айырылған. Содан да болар арудың арпалысқа толы тағдыры суретшіні бей-жай қалдырмаған. Оның ғазал ғұмыры қылқалам иесін елеңдетіп, көркем шығарма жазуға итермелейді. Талайлы тағдырлы арудың сұлулығын оқырманға жеткізу үшін осындай қадамға барған.
«Арман» туындысындағы ару бір ғажайып сәтті күту үстінде. Тарамыс тағдырдың тауқыметі бір сәтте тоқтап, жаңа бір сезімдерді бастан өткізетініне сенеді.