Қазақстан • 20 Шілде, 2022

Білікті ғалым, үлгілі ұстаз

417 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ғасырлар бойы жат жұрттың отарлық езгісінде болып, енді ғана тәуелсіздік­ке қол жеткізген кезеңде азат елдің шынайы тарихының халықтың санасын нығайту және мемлекеттің жарқын болашағы үшін қандай рөл атқарып, қандай маңызға ие екенін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаһандану барысында тарихтың рөлінің ерекше өсіп отырғанын күнде көріп отырмыз. Соның нәтижесінде тарихтың атқарар міндеттері арта түсіп, ол – әрі ғылым, әрі білім, әрі тәлім, әрі тәрбие, тіпті саясат пен идеологияға айналып отыр. Тарихтың осындай жауапты міндеттерін дұрыс сезінетін кәсіби тарихшы бола білу, оларды даярлау, оны ұйымдастыру – екінің бірінің қолынан келе бермейді, тек азаматтың азаматының қолынан келсе керек.

Білікті ғалым, үлгілі ұстаз

Кешегі кеңестік, бүгінгі тә­уел­­сіздік кезеңдерінде еліміз­дегі жоғары бірнеше оқу орын­дарының басшылығында тарих­шылар отырып, олар өз мін­дет­терін абыроймен орындады. Алдымен ғалым, тарих ғылым­дарының докторы, профессор болып, сонан соң ректор болған – Т.Садықов, Х.Табылдиев, А.Құ­сайынов, А.Күзембаев, Т.Рыс­беков және тағы бас­қалар туралы тікелей шәкірттері мен жал­­пы оқу орнының түлектері жы­лы лебіздерімен еске алып, ұстаз­да­рының тұлғалық, азаматтық, кәсіби қасиеттерін мақтан етеді. Әр ректордың өздеріне ғана тән ауыз толтырып айтарлықтай, аңызға айналып кеткен, ерекше өмір белестері, тұлғалық қа­лыптасу кезеңдері бар. Сондай ерек­шелік жақын күндері 75 жас­қа толғалы отырған тарих ғы­­лым­дарының докторы, про­фес­сор, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, Гу­ма­нитарлық ғылымдар ака­де­миясының академигі Тұяқбай Зейітұлы Рысбековтің бойында да бар.

Мерейтой иесі Тараз өңірін­дегі кәрі тарихтың куәгері Талас өзенімен аттас ауданның Ақ­көл ауылында 1947 жылы 25 шіл­де күні дүниеге келген. Әкесі Зейіт пен анасы Дәнеқыз сол ке­зең­дегі ауыл­дағы қазақ зия­лы қа­уымының өкілдері болып, үлгілі отбасы ретінде өз орта­ларына ық­пал етеді, бала тәрбие­сіне ерекше көңіл бөледі. Қалың қазақы ортада дәстүрлі мәдениет пен зиялы отбасының тәрбиесінен нәр алып ержеткен Тұқаңның бойынан ұлттық болмыс пен ата-ана мейірімінің іздері әлі күнге дейін сезіліп тұрады. Бір ғұламаның «Бір мүшел жас бойы қай тілде сөйлесең, өмір бойы сол тілде түс көресің», деп айтқан сөзінің ақи­қатын академик Т.Рысбековтің болмысынан анық көруге болады. Тұқаң 14-15 жасқа дейін алған тәрбиесін күні бүгінге дейін өзінің тұлғалық болмысының басты өзегіне айналдырып келеді.

1954 жылы мектеп табалды­рығын аттап, 7 жылдық орта­лау мектепті үз­дік аяқтап, Жам­был­дағы Абай атын­дағы педаго­гика­лық училищеге оқуға түседі. Халық жазушысы Әзілхан Нұрша­­йы­қовтың жастар сүйіп оқитын «Махаб­бат, қызық мол жылдар» атты кітабындағы кейіпкерлер­дің бірі Майраның прототипі бол­ған Майра Ыбыраева Тұқаңның курсына жетекші болып, талай жастың биікке самғауына қанат бітіреді. Майра апайы жас өренді тез байқап, оған мақалалар жазуды үйретеді, оқу орнындағы қабырға газетіне редактор етіп тағайындайды. Болашақ ғалым­ның алғашқы мақалалары училище газетінде жариялана бастайды.

Өмірге құштар, биікке қол соз­ған жасқа бір жылы сөздің, бір бата­ның өзі неге тұрады десе­ңізші. Училищеге сту­денттермен кездесуге келген еліміз­дегі жалғыз университет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың (бұрынғы С.М.Ки­ров атындағы ҚазМУ) 1947-1953 жыл­дары ректоры болған, алаштың ардақты азаматы Төлеген Тәжібаев пен көр­некті тілші-ғалым, филоло­гия ғы­лымдарының докторы Мәулен Балақаевтың айтқан ақыл-кеңес­тері, берген баталары жас Тұ­қаң­­ның қиялына қанат бітіреді. Т.Тәжібаев секілді ректор болуды арман­да­маса да, М.Балақаев сияқ­ты танымал ғалым болуды алдына мақсат етіп қояды. Тұяқбай Рысбеков арада отыз жыл уақыт өткенде танымал ғалым да, 20 жыл­дай еліміздің батыс өңіріндегі уни­верситетке ректор да болды.

1965 жылы педагогикалық учи­­ли­щені үздік дипломмен аяқ­тап, бір жыл туған ауылын­дағы бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет атқарады да, ғы­лымға қа­рай бет бұру үшін жоғары оқу ор­нына түсуді арман етеді. Жолы болып, 1966 жылы әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-нің тарих фа­культетіне оқуға түседі. Тұқаң­ның айтуынша, университетте оқы­ған 1966-1971 жылдар оның өміріндегі ең бір есте қаларлық, өмір жолындағы ұмытылмас кезең болып саналды. Курстан курсқа тек «өте жақсы» бағамен көшіп отырған Тұқаң университетте де қоғамдық жұмыстарға белсене ара­ласады. Ең бастысы, университеттен тарихшы мамандығын алып қана қоймай, өмірлік серігі әрі жары, балаларының анасы, курстас қызы – Баянын табады. Жарты ғасыр бойы Баян Ғаббасқызымен бірге өмірдің сан белестерінен бірге өтіп келеді.

1971 жылы университетті үз­дік дип­ломмен аяқтап, министр­лік­тің жолдамасымен жас маман Т.Рысбеков Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педа­го­гикалық институтқа келеді. Тарих факультетінде ассистенттік қыз­мет­тен басталған ғылыми шы­ғармашылық жол жиырма жылдан кейін, яғни 1991 жылы сол оқу орнының ректорына дейін жеткізеді. Осы белесті жолда Т.Рысбеков аспирант, аға оқы­тушы, ғылым кандидаты, доцент, ка­федра меңгерушісі, декан, ғы­лым докторы, профессор сияқ­ты жоғары оқу орнындағы барлық қыз­меттік сатылардан өтіп, ғылыми атақ-дәре­желерді иемденеді. Мұның бәрі әрине, айтқанға оңай.

Тазалық пен адалдық, шы­на­йылық пен принципшілдік, ұйым­­дастыру қабі­леті пен қара­пайымдылық секілді қасиет­тер ата-ана берген тәрбиемен, ұлттық дәстүрлі мәдениетпен ұштаса келе ректор Т.Рысбековті өмір жолынан адастырмай биік асуларды алуға негіз қалайды. Осы жерде 1960-шы жылдардың бірінші жартысында Таразға педучилище студенттермен кездесуге келген алаштың қос азаматы Т.Тәжібаев пен М.Балақаевтың да берген баталары қабыл болған шығар деп ойлаймыз.

Профессор Т.Рысбековті жа­қын дос­тары «халқы сайлаған ректор» деп атайды. Оның се­бебі де жоқ емес. 1989-1991 жыл­да­ры елімізге ене бастаған демо­кра­тиялық үрдіспен ЖОО ректорла­рын өз ұжымдары сайлайтын ереже енгізіл­ген. 1990 жылы 43 жасында доктор­лық ­дис­сер­та­ция қорғап, тарих факультетінің деканы қызметін атқарып жүрген профессор Т.Рысбеков 1991 жылы ­нау­­рыз айында университеттегі ректор сай­ла­уына түсіп, көпшіліктің қолдауына ие болады да, жеңіп шығады. Оның «ха­лық сайлаған ректор» атануы содан. Оның ректор ретіндегі екінші бір өзіндік «рекордына» – университетте 18 жыл ректор болуы жатады. Елі­міз тарихында тәуелсіздікке дейін де, тәуел­сіздік жылдары да 20 жылдай ректор қызметін атқарған ға­лымдар саусақпен санарлықтай ғана. Ал «халқы сайлаған ректорлар» ішінде жалғыз өзі ғана.

Осы жерде тікелей өзім куә­гер болған бір жағдайды айта кетсем дей­мін. 1990 жылы уни­вер­­ситет бітіріп, кафед­раға ассис­тент болып қалған кезім. Ка­фед­ра меңгерушісі, профессор Дина Иса­байқызы Дулатова жаңа оқу жылының бір-екі айы өткен соң қоғамдық негізде өзі­не орынбасар етіп алды. Сөй­тіп, кафед­раның барлық ішкі қағаз­дары мен сырт­қа шығатын құжаттарына жауапты­мын, әртүр­лі анықтамалар мен есептер жасап, ректораттың бөлімдеріне өткі­земіз. Оқу жылының соңына таман есеп дайындап жатқанда «кафедрада кан­дидаттық диссер­тация қорғаған түлек­тердің жетіс­тіктері» деген пунктке не жазарымызды білмей отырғанда, кафед­раның жетекші маманы «Т.Рыс­бековті жазыңдар, ол біз­дің кафедра бойынша аспирантураны бітірген, кандидаттық дис­сертациясын профессор Д.И.Дула­тованың жетекшілігімен қорға­ған, жа­қын­да Орал пединституты­ның ректоры бол­ды» деп айтқа­ны есімде. Сол кезде Тұқаң­ның аты-жөнін бірінші рет естуім еді. Содан бері қанша жыл өтсе де осы оқиға естен кетпейді.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде мемлекеттік ЖОО рек­торларының бас­ты міндеттерінің бірі – оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен оқыту­шы-профессорлық құрамын сақ­тап қалу болғаны белгілі. Көптеген ректорлар бұл міндетті абыроймен орындап шықты. Ал рек­тор Т.Рысбеков болса оны арты­ғы­мен орындады деуге болады. Негізгі міндетін орындай оты­­ра, ректор Т.Рысбеков ми­нис­­трліктің қой­ған барлық талап­тарын жүзеге асырып, 1996 жылы пединститутқа универси­тет мәртебесін алғызады. 2000 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті болып құрылып, уни­верситетке 2003 жылы М.Өте­місұлы есімін бергізеді. Батыс­­та­ғы Орал өңірінде және облыс ор­талығын­­да жергілікті ұлт­­тың па­йыз­дық мөлше­рі­нің, уни­вер­ситет­тегі ұжым­да да өзге этнос өкіл­дерінің ба­сым болуына қара­мастан ректор уни­вер­­ситеттен орыс ақыны­ның есімін ал­ғы­­зып, қазақ халқының ұлт-азаттық кө­тері­­лісінің басшысы әрі жалын­ды ақын – Махамбет­тің есімін бергізеді. ­Қа­лай­­ша мұны ерлік ­демеске! Осыншама жа­сал­­ған жұмыстар­ға негіз болған төрт тұ­­ғырды ерекше айтуға бо­ла­ды. Оған – бір жағынан іскер­лік қасиет, екінші жа­­­ғы­нан ұйым­дастырушы­лық қабілет, үшін­ші жағынан парасатты ақыл-ой және патриоттық мінез жатады десек қателеспейміз.

Сырт көз байқағыш деген­дей 2003 жылы көк­тем айын­да М.Өтемісов атын­дағы Ба­тыс ­Қазақ­стан мемлекет­тік уни­­­вер­­си­тетінде іс-сапар­да болға­нымызда универ­ситет аумағы мен оқу кор­пус­тарын аралап жү­­ріп, бар­лық жерде таза­лық пен тәр­тіптің қатаң сақ­талғанын бірден байқап едік. Мұның бәрі ректор­ға байланысты ғой деп еді қасымдағы әріптесім.

Ректор Т.Рысбеков өзі ғылым докторы, профессор болып қана қоймай, Отандық тарих ғылымы мамандығы бойынша ғы­лыми кадрлар даярлау мен ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру ба­ғы­тында да жемісті жұмыстар ат­қарды. Ол университет жанында құрылған 07.00.02.-Отандық тарих (Қазақстан Республикасының тарихы) мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты, көп ұзамай тарих ғылымдары­ның докторы ғылым дәрежесін бере­тін Диссертациялық кеңес құрып, оның алғашқы төрағасы болды. Бұл Кеңесте Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе қалаларындағы жас ға­лымдар мен аспиранттар, тіпті бас­қа қалалардан да ізденушілер келіп ғылыми дәреже алып жатты. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, кезінде оған ұстаздары қалай жөн сілтеп, ақыл-кеңес бер­се, Тұқаң да ағалық жасқа жеті­сімен талай жас ғалымның жо­лын ашып берді. Олардың азамат, тұлға болып қалыптасуына көмегін беруден жалыққан емес. Жеке өзі 2 ғылым докторына, 20 ғылым кандидатына, 30-дай ғылым ма­гистріне ғылыми же­тек­шілік жасап, олардың ғылым кеңіс­ті­гі­не ұшып шығып, құлаш­тарын кең самғауына мүмкіндік берді. Қазіргі күнде Т.Рысбековтің шә­кірт­тері мен ол ашқан Кеңесте кан­дидаттық және докторлық диссертация қорғаған тарихшы мамандар тек Батыс Қазақстан өңірінде ғана емес, сонымен бірге еліміз­дің өзге де қалаларындағы оқу орын­дары мен ғылыми мекемелерде жеміс­ті еңбек етіп жүр. 2006-2009 жылдары Білім және ғалым министрлігі жанындағы ғылыми атақтар мен ғылыми дә­ре­желер беру жөніндегі Прези­диу­мы­­ның мүшесі қызметін қо­ғамдық не­гіз­­де атқарып, бүкіл еліміз бойынша ғы­­лымды ұйым­дастыруға өз үлесін қосты.

Енді бір-екі ауыз сөзді профессор Т.Рысбековтің ғылыми шығар­машы­лы­ғына арнасақ. Ғалымның қаламынан шыққан еңбектерінің жалпы саны 700-ден асады. Оның ішінде 37 монография мен очерктер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік оқу құралдары, қалғандары ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалар. Оның ғы­лыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары мынадай өзекті та­қы­рып­тар­ды құрайды: Қазақ­стан­дағы ұлт-азат­­тық қозға­лыс­тар мен көтерілістердің, Алаш қозғалысының, тарихи тұлға­лардың, қалалардың тарихы, рухани мәдениет және ислам, Еуразиялық идея, Екінші дүниежүзілік соғыс және тыл, жас­тар тәрбиесі, қазіргі кезеңдегі Қазақ­стан-Ресей қатынастары, ұлтаралық қаты­настар, Отан тарихын кезеңдеу, Отан тарихы­ның методологиялық мәселеле­рі, тарихты оқытудың методологиясы, Батыс Қазақстан облысының өлкетану, жастар, студенттер тәр­биесі, педагогика, халықтық педа­гогика, орта және жоғары білім беру, Университеттік бі­лім, Жоғары оқу жүйесіндегі оқыту­дың жаңа үлгілері және бүгінгі күннің өзекті мәселелері.

Қазіргі күнде профессор Т.Рысбе­ков­тің таңдамалы шы­ғар­маларының 5 том­­дығы жа­рық көрген. І томы «Өскен өлке тарихы» деп аталынып, онда Ба­тыс Қазақстанның ежелгі тари­хын­дағы сармат, савроматтар мәсе­лелері, орта ғасырлардағы оғыз­дар мен қыпшақтар тарихы­ның мәселелері, Орал қаласының тарихы, Әбілқайыр ханның тарихи рөлі, Бөкей Ордасының тарихы, батыстағы ұлт-азаттық көтерілістер тарихының мәсе­ле­лері, Батыс Алашорда тарихы, кеңес­тік дәуірдегі Батыс Қа­зақ­стан аума­ғындағы тарихи мәсе­лелер қамтылған.

ІІ том «Нарын құмы – тарих­тың шежіресі...» деп аталынып, атауы айтып тұрғандай ондағы ­он жеті мақала Бөкей хандығы­ның құрылуы мен оның тарихы­на, сол өңірде болған аса маңыз­ды тарихи оқиғаларға, сол өңір­дің ірі тарихи тұлғаларына арнал­ған. Өңірден шыққан Жәңгір хан, Мұхаммед-Салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхаметов, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, күй атасы – Құрманғазы, Ғұмар Қараш, Бақты­герей Құлманов, Шамғон Қажғалиев, Мәншүк Мәметова, академик Асан Тай­манов, Базарбай Жұманиязов, Қазақ Орталық Атқару комите­тінің алғашқы төрағасы Сейітқали Меңдешов туралы бұл томда қызықты баяндалады.

ІІІ том «Тарихи таным және ақиқат» деп аталынса, IV томы «Тарихи тұлға­лар: уақыт және өмір жолдары» делін­ген. 15 мақала мен очерктерден құ­рас­тырылған бұл томда Кіші жүздегі Әбіл­қайыр ханның бәйбішесі – Бопай хан­ша, қаһарман қазақ қызы, ұшқыш – Хиуаз Доспанова, Арынғазы хан, Әбіл­қайыр хан, Сырым батыр, Жаһанша Досмұхамедұлы, қазақ тілінің тұңғыш профессоры – Қажым Басымұлы, жазушы Хамза Есенжанов, академик-жазушы Қажым Жұмалиев, ақын Қадыр Мырзалиев, қоғам және мемлекет қай­раткері Мұста­хим Ықсанов, мемлекет қайрат­кері Нәжімеден Есқалиев, ақын Жұбан Молдағалиев, Кеңес Ода­ғының халық әртісі, Кеңес Одағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хадиша Бөкеева, ұлт­­тық операның жезтаңдай ән­шісі Роза Жаманова туралы қы­зықты әрі құн­ды ма­териалдар жетіп артылады. Ал таң­­­дамалы шығармалардың V томы «Оқу процесін және тәрбие жұмысын жетілдіру мәселелері» деп аталынып, жо­ға­ры оқу орындарындағы өзекті мәселе­лерді қамтыған. Бұл кітаптардан әрбір оқырман Батыс Қазақстан аумағы тарихына қатысты қызықты материалдарды таба алады. Осындай еңбектеріне қарап Тұқаңа «Батыс Қазақстанның жылнамашысы» деген атаудың таңылуы өте орын­­ды сияқты. Егерде осы бес том­дық­тың әр томы орта есеп­пен 20-25 ма­қала мен очерк­тен құ­растырылса, онда тек Т.Рыс­бековтің бүкіл жариялаған мақа­­лалары мен тарихи очерктері, батыс өңі­рінің энциклопедиясына арнап жазған мақалалары, 20 томнан асар еді. Мұндайды бір қолынан қамшысы, екінші қолынан қаламы түспеген ғалым-басшы деуге болады.

Бүгінде профессор Т.Рысбеков 70 пен 80-нің қақ ортасына келсе де өзінің ұстаздық, ғылыми жә­не қоғамдық жұмыс­­тарын бір сәт­ке де ұмытқан емес. Мерей­­той қарса­ңында осы жолдарды жаза оты­ра, бүкіл саналы өмірін ағарту ісіне, ғылым жолына, жоғары білім беру мен ғылыми кадрлар даяр­лау ісіне арнаған тарих­шы ғалымға еңбегіңіздің жемісін көріп, шә­кірттеріңіздің ықыла­сына бөле­не беріңіз дегіміз келеді.

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА академигі,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы