Сол Есбайдың жатқан жері – Шет ауданындағы Қармыс деп аталатын ауыл. Іргесінен Қармыс өзені ағып өтеді. Есбайдың балалары әкесіне ас бергенде, малды аямай соя берген екен. Сонда осы Қармыстың суы қан боп ағып, ауа жетпеген балықтар аспанға шоршыпты дейді. Яғни бұл сол заманда мал мен басы қабат өскен ата болғаны ғой.
Қазір осы Қармыс ауылында отызға жуық түтін бар. Мұндағы жұрт несібесін малдан айырады. Ауылдың бәрін қосқанда мыңға жуық жылқы бар екен, соны кезекпен бағады. Одан кейінгі қолда ұстайтын мал – мүйізді ірі қара. Қармыстың келіншектері сиырдың сүтімен үй-ішін асырап отыр деп айтуға болады. Мысалы, олар күн сайын сағат таңғы бес-алтылардың шамасында іргедегі Жарық стансасының сүт зауытынан келетін «молоковоз» көлігіне сүт өткізеді. Осы ауылда тұратын Айжан есімді келіншек бұл шаруамен ыждағатты айналысса, бір айда мың долларға дейін ақша табуға болатынын айтады...
Жоғарыда біз айтқан атақты Есбай мырзаның бейіті Қармыстың солтүстік-батысына қарай дөң үстінде тұр. Тұрғызылғанына шамамен екі ғасырға жуықтап қалса да кесене кірпіштері сол қалпында сақталған. Тек тынбай соққан жел мен жаңбыр батысқа қараған жағын аздап мүжіпті. Ал іш жағындағы саман кірпіштердің қыры пышақтай...
Есбай өз алдына, бұл Қармыста мәңгі тыныс тапқан мәшһүр жанның бірі – Ақжолтай Ағыбай батырдың анасы Қойсана. Асыл ананың бейіті, анығырақ айтқанда, бейіттен қалған үйінді ауылдың тура ортасында жатыр.
Қойсана ана туралы даланың ауызша тарихы бойынша бізге жеткен мынадай әңгіме бар. Тарақты Байғозы батырдың қызы Қойсана адуынды, өте өжет адам болыпты. Бірде ұрылар жылқыны айдап бара жатқанында, артынан қуып барып, бәрін де аттан түсірген екен. Сонда барымтамшыларды бастап келген ішіндегі басшысы: «Бізді аттан түсірген әйелдің күші емес, ішіндегі баланың күші», деген екен. Айтқандай, арада біршама уақыт өткенде дүниеге Ағыбай келіпті.
Жалпы, бізге там-тұмдап жеткен әңгімелердің ұзын-ырғасынан ұққанымыз – Қойсана ана заманында жүректі, бетті және мінезді адам болғанға ұқсайды. Тура, тегін адам батыр туа ма дегізгендей аңыз тұлға десе де болады.
Қалай болған күнде де, Қойсана ана туралы білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Мәселен, ол кісінің қандай жағдайда, қалай, неге дәл осы Қармыста қайтыс болғаны туралы мардымды мәлімет жоқ. Ал «Ақжолтай Ағыбай батыр» қоғамдық қорының төрағасы Ғабит Мұсабеков есімді азамат кезінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен Абзал Нүкенге 2020 жылдың 4 қарашасында жазған хатында былай дейді: «Көне қариялардың айтуынша, Қойсана анамыздың кесенесі күмбез пішінді болған екен...».
Иә, бүгінде Қойсана ана кесенесінің орнында үйінді ғана жатыр. Үй орнындай жер темір шарбақпен қоршалған. Ішіне екі құлпытас қойылыпты. Оның үлкендеуі 2008 жылы күз айында марқұм Бақыт Қойбағартегінің мұрындық болуымен орнатылған. Онда мынадай сөздер қашап жазылған: «Руы тарақты, Байғозы батыр қызы Қойсана. Барады өмір ағып, Сан ғұмырдың бірі өшіп, бірі жанып. Ағыбайдай батырға өмір берген, Асыл ана сен шырақсың, мәңгілік нұры жарық! Ескерткіш ұрпақтарынан. 2008ж.».
Ал екінші кішкенелеу құлпытас 1993 жылы қойылыпты. Ондағы жазбаның мәтіні мынадай: «Қоңырбай ұлы Ағыбайдың анасы Байғозы батыр қызы Қойсанаға шұбыртпалы руы, Тлеукен Мұсатайұлынан және балаларынан ескерткіш. 1993 жыл».
Алдыңғы жылы жоғарыда айтқан «Ақжолтай Ағыбай батыр» қоғамдық қорының төрағасы Ғабит Мұсабековтің бастамасымен облыстағы тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының мамандары бар, бірнеше адам келіп Қойсана ана бейітіндегі үйіндінің жан-жағын текшелеп тегістеген екен. Ондағы мақсат – аталған қордың өкілдері іргетас құйып, мазар көтермек болған. Ал оны қалай, қандай қаражатқа тұрғызбақ болғаны түсініксіз. Өйткені «Ақжолтай Ағыбай батыр» қорының қаржысы жоқ. Мұны Қарағанды облысы әкімінің орынбасарына жазған хаттан білуге болады. Ол хатта Ғабит Мұсабеков кесене тұрғызуға қаржылай көмек сұрайды.
Ғабит Мұсабеков есімді азамат Балқаш қаласында тұрады. Бұл кісімен телефон арқылы хабарласқанымызда, Қойсана ананың басына күмбез тұрғызбақшы болғанын растады. Бірақ өзі басқаратын қорда қаржы болмағандықтан, облыстан 40 млн теңге шамасында қаражат сұрап, хат жазған екен. Оның бұл өтінішіне Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов 2020 жылдың 17 қарашасында былай деп жауап берген: «Шет ауданы Қармыс ауылы жанында орналасқан Қойсана ана кесенесі (зираты) алдын ала есепке алу тізіміне алынды. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізімі бекітілген соң, қайта қалпына келтіру (реставрация) жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен арнайы қаражат бөлу мәселесі қарастырылады».
Ғабит Мұсабеков арада екі жылға жуық уақыт өтсе де, жоғары жақтан жағымды жаңалықтың жетпегенін айтады. Есесіне, Қармыс ауылы тұрғындарының Қойсана ана бейітінің басын қазғандарға деген өкпе-реніші бар. Олардың айтуынша, іргетас орнын қазған кезде адамдардың сүйектері шыққан...
Осы жағдайды айтып, облыстағы тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуовке хабарласқанымызда, ол бұл оқиғадан хабардар екенін жеткізді.
– Меніңше, ерте уақытта, қиыншылық заманда Қойсана ана зиратының сыртына адамдарды жерлеген болу керек. Моланың маңын тазалаған кезде шыққан сүйектер соларға тиесілі болуы әбден мүмкін, – дейді ол.
Сонан кейін, Түлкібай Төлеуов облыста 700-ге тарта мазар болса, соның 600-ге жуығы жөндеуді немесе қалпына келтіруді қажет ететінін айтты. Ал ол басқарған мекемеге жылына бар-жоғы 45 млн теңге ғана бөлінетін көрінеді.
Қармыстың тұрғындары болса, Қойсана ана бейітінің маңын қазғаннан кейін, ауылға жауын жаумай кеткенін айтады. «Амал жоқ, тасаттық беруді ойластырып жүрміз», десті олар.
Жаңбыр өз алдына, бұл Қармыстың бір басында проблема дегеніңіз жетіп артылады. Мәселен, ауылда интернет пен байланыстың бар деген аты ғана. Мұндағы жұрттың осы мәселеге қатысты жоғарыдағыларға деген өкпесі қара қазандай. Әрбір шаңырақ интернет үшін айына 4-5 мың теңгеден төлейтін көрінеді. Одан бөлек, 50-60 мың теңгеге интернетті күшейткіш арнайы құрылғы алған. Бірақ соған қарамастан, олар сыртқы әлеммен байланыса алмай, пұшайман күй кешіп жүр.
Мұны Қармыс құрамына енетін Үңірек ауылдық округінің әкімі Бектас Танатбай да растап отыр. «2020 жылы интернет қосылды, – дейді ол. – Алайда жылдамдығы төмен. «Қазақтелекомның» аудандық бөлімшесі қазіргі уақытта интернет жылдамдығын арттыру үшін біршама жұмыстар атқаруда. Интернет құрылғылары округ әкімдігі балансынан «Қазақтелекомға» ұзақ мерзімді жалгерлік құқығымен берілуде. Сонда ғана аталған мекеме интернеттің қажетті құрылғысын алып орната алады. Қазіргі уақытта құрылғы алуға қаражат жоқ. Мемлекеттік сатып алу заңына байланысты кедергі болып отыр. Жалпы, қалыптасқан жағдайдан елорда мен Қарағандыдағы «Қазақтелеком» филиалдары хабардар. Жауапты сол жақтардан күтіп отырмыз».
Ал «Қазақтелеком» АҚ орталық өңірлік дирекциясы Қарағанды техникалық торабының бастығы Игорь Лялин Қармыстағы интернеттің мәселесі туралы жолдаған сауалымызға былай деп жауап берді: «Жергілікті әкімдік Қармыстағы радиокөпірді 20 абонентке шақтап алған. Қазір оған 60 абонент қосылып тұр. Яғни қосымша құрылғы алу қажет»...
Иә, айналып келгенде, аудан орталығы Ақсу-Аюлыдан 30 шақырымдай жердегі Қармыстағы интернеттің тағдыры ақшаға тіреліп тұр. Ал Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров болса, бұл мәселенің алдағы уақытта міндетті түрде шешілетінін сенімді түрде айтып отыр.
Биыл Ақжолтай Ағыбай батырдың туғанына 220 жыл. Облыста әзірге бұл атаулы датаға байланысты ұйымдастырылады деген бәлендей іс-шараны ести қоймадық. Ал егер, ол деген бола қалса, онда алдымен қолға алатын шаруа Қойсана ананың мазары ғой. Ағыбай батырдың басына ағылған жұрт алдымен алыпты туған ана Қойсананың күре жолдың бойындағы зиратына тәу етсе керек-ті. Қоңыраулы найза қолға алып, хан Кененің қолын бастаған Қоңырбай баласы Ағыбай аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ қой: Қойсана ана болмаса, Ағыбайдай ерді исі қазаққа кім берер еді?!
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Қармыс ауылы