Қоғам • 20 Шілде, 2022

Жер дауының көбеюі – ел дамуына кедергі

529 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жер дауының салқыны ел дамуына да тиіп отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірлер үшін бұл мәселе өткір. Өкінішке қарай, аталған жағдайдан Алматы облысы да ада емес.

Жер дауының көбеюі – ел дамуына кедергі

Жақында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жер учаскелерін берудің заңдылығы туралы мә­селе көтерген еді. Осы жиын ба­­ры­сында үш ауданда жер учас­­кесінің нысаналы мақ­сатын өзгерт­кен фактілер анық­тал­ды. Мәселен, Іле ауданында үш жер учаскесінің нысаналы мақсаты шаруа қожалығын жүргізуден өнеркәсіп нысаны­на өзгертілген. Дәл осындай екі факт Еңбекшіқазақ ауданында, тағы 2 факт Қонаев қаласында тіркелген. Анықталған жағдайларға байланысты облыс әкімі берілген жер учаскелерінің заңдылығына талдау жасауды тапсырып, аудан әкімдерінің жер қатынастарына жетекшілік ететін орынбасарларына сөгіс жариялайтынын ескертті.

– Мен ауыл шаруашылығы жерлерінің сегментациясына және оның нысаналы мақсатын өзгертуге жол бермеу туралы тап­сырма бергенмін. Жалпы, 27 маусымнан 1 шілдеге дейін облыс бойынша 7,5 мың гектар жерде 578 учаске ұсынылған. Қазір жер беруді қатаң түрде қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сәйкес реттеу талабы алдымызда тұр. Жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер учаскелері бекітілген құжаттары бар, дайындалған алаңдардан берілуі керек, – дейді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жалпы, жер дауы Алматы облысының Балқаш, Еңбек­ші­қа­зақ, Райымбек, Кеген аудандарында жиі көтеріліп отыр. Жақында бұл жайында Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев те мәселе көтеріп, депуттатық сауал жолдаған болатын. Халық қалаулысы Алматы облысындағы 1,5 миллион гектар шұрайлы жерге тек 30 адамға ғана иелік етіп отыр дегенді айтты. Бұл мәселенің қарапайым халық тарапынан наразылық тудырып отырғанын, тез арада ше­ші­­мін таппаса, әлеуметтік дүм­пуге әкеліп соғуы мүмкін екенін де мә­лімдеді депутат. Аны­ғын­да, жайылым мен ша­бын­дық алқаптардың, егістік жер­дің қалталы адамдардың же­ке­мен­ші­гіне өтіп кеткені жайлы әң­гімелер жылдар бойы айтылып келеді. Соңғы кезде мұндай жағдайдың нақты дерегі Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Панфилов аудан­­дарында белгілі бола бас­тады.

– Қалталы азаматтардың ша­ғын тобы Алматы мен Жетісу облыс­тарындағы ең шұрайлы орманды алқаптарды, тау қой­нау­лары мен шабындықтарды тұтастай бауырларына басып, елден қызғыштай қорып отырғаны жанға батады. Халықтың нара­зы­лығы орынды. Өйткені олар үшін ата-бабадан қалған атамекеннің әр пұшпағы қасиетті әрі қымбат. Біз ел аралағанда халықтың жер­ге қатысты наразылығы жиі алдан шығады. Мәселен, Кеген, Нарынқол ауылдарында болғанда жұртты алаңдататын басты проб­ле­маның бірі жер екенін барынша сезіндік. Кеген ауданында мемлекеттік орман қорының 415 мың гектары 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 11 адам аңшылық шаруашылығына арналған 523 мың гектар жер­ді тұтастай қоршап алған. Жар­кент өңіріндегі құйқасын тарт­саң майы шығатын орманды алқаптардағы 78 мың гектар алты жеке тұлғаның меншігіне өтіп кеткен. Осы шекаралық ауданмен шектесетін Ұйғыр ауданындағы жағдай тіптен шектен шыққан. Мемлекеттік орман қоры мен мемлекеттік босалқы жерге жататын 415 мың гектар жер аңшылық шаруашылығын жүргізу үшін деген сылтаумен алты адамның арасында бөлініске түсіп кетіпті. Бұл көлем аудандағы орман алқаптарының 97 пайызын алады. Жоғарыдағы үш ауданда 1,5 миллион гектар жердің 30 адамның қолында екені анық, – дейді Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев.

Ал Райымбек ауданының тұрғындары үшін ауыл шаруа­шы­лығы тіршілік көзі ғана емес, өмір сүру салты десе де болады. Дегенмен жергілікті халықтың айтуынша, елдің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететін бұл саланы одан әрі дамытуға мүмкіндік жоқ. Себебі егістік, жайылымдық жерлер жетіспейді. Жергілікті атқарушы билік тарапынан жер бөлу мен оның пайдаланы­­луын, жалпы жер заңнамалары талап­та­рының сақталуын бақы­лау­дың әлсіздігі бұған өз әсерін тигізіп отыр. Жерді тиімсіз қолдану, жауапсыздық салда­ры­нан көп­те­ген мәселе туын­дайды. Тіпті мал азығы­ның жетіспеуіне, со­ған сәй­кес мал санының азаюы­на әкеп соқ­ты­ратын салдарын айт­па­­ған­ның өзінде, халықтың өмір сапасына, облыстың агроөнер­кәсіптік кешенінің, аудан эко­но­микасының даму қарқынына теріс ықпал етеді. Осыған байланысты, бүгінгі күні ауданда жер ревизия­сын жүргізу бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Ондағы бас­ты мақсат – пайдаланылмаған жер учаскелерін мемлекет мен­шігіне қайтару.

– Аудан тұрғындарының әл-ауқаты жермен тікелей бай­ла­ныс­ты. Ірі компанияларға жақсы жер учаскелері бөлініп беріліп, ол жерлер мақсатына сай пайдаланылмай, тіпті мүлде пайдаланылмай жатқан жайттар да кездеседі, бірақ мемлекет меншігіне қайтарылмаған. Маған да, басқаға да жоқ деп бұлай қарап отыруға болмай­ды ғой. Біз не мал басын кө­бейте алмаймыз, не картоп егіс­тігін ұлғайта алмаймыз. Соның бәрі суармалы жер мен жа­йы­лымның жетіспеуінен туын­дап отыр. Осыған шара қа­был­­дап, жерге ревизия жүр­гіз­се­ңіздер, сонымен бірге жер учас­ке­сін беру конкурсын ұйым­дас­тыру мен өткізуге ерекше мән берулеріңізді сұраймын, – дейді бізге хабарласқан аудан тұрғыны Мақсат Ілиясұлы.

Жалпы, бұған дейін Мемлекет басшысының пәрменіне сәйкес аудан, қала әкімдіктері облыстық жер инспекциясымен бірлесіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және заң бұзушылықты жою жұмыстарын жүргізуді бастаған болатын. Бұл ретте Ауыл шаруа­шылығы министрлігі тарапынан Алматы облысы мен Жетісу облысына қарайтын 16 аудан, 1 қаланың аумағындағы 450 мың га жерге жоспардан тыс тексеру жүргізу тапсырылған, соның ішінде Райымбек ауданы да бар. Оған қоса прокуратура органдарымен бірлескен тексерудің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 350 жер учаскесі анықталған.

Айтпақшы, аудандағы су жетіспеушілігі ауыл шаруашы­лы­ғының дамуын тежейтін тағы бір күрделі мәселеге айналып отыр. Жалпы ұзындығы 141 шақырымнан асатын 8 магис­тралды каналды күрделі жөн­деу­ден өткізу бұл мәселені шешу­ге оң ықпал етеді. Аудан тұрғын­да­рының айтуынша, алдымен неғұрлым көп жер учаскесін қамтитын, мәселен, Казачий, «Жаңа жеміс», Дараты сияқты каналдарды бірінші кезекте жөн­деу керек. Сонда 15 мың гектардай суармалы жер айналымға қосылады. Жобалық-сметалық құжаттамалар дайын, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар, қымбатшылыққа байланысты түзету енгізу үшін қара­жат қажет екенін айтады тұр­ғын­дар. Ал бұл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен облысқа 97 млрд теңге бө­лін­уге тиіс. Соның шамамен 40 млрд теңгесі ирригациялық жү­йе­лерді, су қоймаларын қайта қал­пы­на келтіру мен жаңғыртуға, салуға, сол сияқты жалпы егіс алқаптарының көлемін ұлғайтуға бағытталған мәселелерді шешуге жұмсалмақшы. Ал дәл осы Райымбек ауданындағы жобаға 6 млрд теңге қарастырылған екен.

 

Алматы облысы