Қоғам • 21 Шілде, 2022

Баға мониторингі – қымбатшылықты ауыздықтауда нәтижесіз

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізіп, арнайы жұмыс топтарының отырыстарын өткізу қымбатшылыққа тұсау сала алған жоқ». Осылай деген Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бағаны ырқына көндіру үшін қосымша көтерме-тарату орталықтарын салу керек екенін айтты.

Баға мониторингі – қымбатшылықты ауыздықтауда нәтижесіз

Мемлекет басшысы таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқандай, халық инфляция мен азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда, сондай-ақ азаматтардың табысын арттыру мен экономиканың нақты секторын қолдау бағытында нақты, жүйелі әрі нәтижелі жұмыстарды күтеді.

Облыс әкімі Президент жүктеген тапсырмалар стратегиялық сипат­қа ие екенін және сыртқы сын-қатерлерді ескере келе, жаңа кезең­де­гі мемлекеттік дамудың бағытын айқындайтынын жеткізді.

«Сондықтан іс-қимылымызды үйлестіріп, қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерттеп, Мемлекет басшысы алдымызға қойып отырған міндеттерді іске асыру үшін нақты қабылдайтын шараларды бекітуіміз қажет», деді Н.Ұранхаев.

Оның айтуынша, қажетті азық-түлік өнімдерінің бағасын тұ­рақ­тандыруда қабылданып жат­қан қазіргі амалдар нәтижесіз. Бұл әсіресе әлеуметтік маңызды тауар­лар­дың бағасына мониторинг жүргізу мен жұмыс топтарының отырысына қатысты.

Қазір Семейде бағаны ұстап тұру үшін 5,5 мың тонна картоп пен көкөністі сақтауға арналған Jolaman көтерме-тарату орталығы жұмыс істейді. Бұл ретте инвесторларды тарту арқылы қосымша көтерме-тарату орталықтарын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Сол секілді әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын реттеуге мүмкіндік беретін жеке тұрақтандыру қорымен қам­тылған өңірлік әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясын құруға бай­ла­ныс­ты жұмыс басталды.

«Биылғы қысқы маусымда на­рық­тық бағалардың өсуін тежеп, көкөністерді төмен бағамен сату үшін біз Jolaman көтерме-та­ра­ту орталығының қорын картоп, қырыққабат және сәбіз сынды қа­жет­ті азық-түлік өнімдерімен то­лық­­ты­рамыз. Осы бағытта жергі­лік­­ті өндірушілермен бірлесіп жұ­мыс істеуге дайынбыз.

Отандық бизнес ұлттық экономиканы өркендетуге өз үлесін қосуға тиіс. Сонымен қоса Семейде ха­лықаралық сауданы дамыту қа­жет деп санаймыз. Бұған Ресей мен Қытайдың өңірге іргелес орналасуы оң ықпал ете алады. Бірақ аталған бағытта мемлекеттік қолдау қажет болады», деді «Ақшын» кор­порациясының президенті Марат Құрманбай.

Абай облысында халықты ж­ұ­­мыспен қамту мәселелері өте өзек­­ті. Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің табысын арттыруды көздейтін тетіктердің бірі 2025 жылға дейінгі кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы саналады.

Айталық, осы жылы өңірде 13 477 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жарма ауданында «Цемент зауытын қалпына келтіру және жаңғырту» жобасын іске асыру арқылы 1 085 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады.

«Алда экономиканың барлық саласының бәсекеге қабілеттілігі мен оның инновациялық құрамдас бөлігінің сапасын арттыруға байланысты ауқымды жұмыс күтіп тұр. Тиімді жұмыстың кепілі – барлық мем­лекеттік органның, қаржы және қоғамдық институттардың іс-қимылды үйлестіріп, бірлесе еңбек етуінде жатыр. Сондықтан Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін әркім өз учас­ке­сін­де белсенділік танытып, қа­жыр­лы жұмыс істеуге тиіс», деді Н.Ұранхаев.

 

Абай облысы