Пікір • 22 Шілде, 2022

Аймақтағы ынтымақтастықты нығайтуға жасалған үлкен қадам

263 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің рөлі зор болды. Бұл – аймақтағы ынтымақтастықты дамыту бағытындағы тағы бір үлкен қадам. Ең алдымен, көпжақты біріккен платформамен шығу туралы бастама өте маңызды деп ойлаймын. Себебі көпвекторлық саясатты бір аумақ ретінде жүргізу оңайырақ болатыны сөзсіз.

Аймақтағы ынтымақтастықты нығайтуға жасалған үлкен қадам

Орталық Азия елдерін алаңдататын мәселелер де бірдей. Белгілі бір халық­аралық мәселеде, ең алдымен, аймақтық ұстанымды қалыптастырып алып шешім қабылдау – Орталық Азия елдерінің көп векторлық саясатын нығайтады.

Саммитте бұдан басқа да маңызды шешімдер қабылданғаны белгілі. Соның бірі – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Түрікменстан достық, көршілік және ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қою мәселесі талқы­ланып, оған қатысты процедуралар баста­лып кетті. Сонымен қатар 2022-2024 жылдарға аумақтық ынтымақтастықты дамы­тудың жол картасы және Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» аймақ­тық бағдарламасы мақұлданды. Бұл да көпжақты ынтымақтастық тұрғы­сынан өте пайдалы. Ерекше айта кетерлігі, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан және Қырғыз­стан басшыларымен өткізген кездесуі де маңызды. Әсіресе жақында ғана Өзбек­станда орын алған Қарақалпақстан оқиға­сына қатысты қазақ-өзбек қарым-қатынасы туралы сарапшылардың түрлі пікірлері шықты. Дегенмен біз бұл сыннан табысты түрде аттап өткенімізді айтуға болады.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Шолпан-Ата­дағы Мұхтар Әуезовтің музей-үйіне баруы­ның, кітабына қол қоюының символдық мәні бар. Қазақ пен қырғыз ұлтының сан ғасырлық достық пен бауырлығын дәлел­дейтін соны қадам деп баға бере аламын.

Осылайша, қазір халықаралық аре­надағы шиеленіскен жағдайда Орталық Азия елдерінің арасындағы ынты­мақтастықтың нығаюы – өте жақсы үдеріс. Бұл бағытта белгілі табысқа қол жеткіздік. Тағы да бір астын сызып айта­тын жағдай, қазіргі ақпараттық соғыс­тың өршіп тұрған шағында Қазақстан Прези­дентінің Орталық Азия елдеріне ортақ телеарна немесе хабар тарататын ортақ интернет сайт ашу, яғни ортақ ақпараттық өрісті қалыптастыру жөніндегі бастамасы да өте маңызды.

Болашақта Орталық Азия басшы­лары­ның кездесулеріне аумақтан тыс мемлекет өкілдерін қатыстыру ісі де қарастырылды. Мысалы, Ресей мен Қытай ерекше атап өтілді. Мұның өз маңыздылығы бар Орталық Азия елдеріне ортақ субъектілік керек. Бірақ бұл әуелі сыртқы елдермен әрекеттесу үшін керек. Сондықтан бұл істе ешқандай қайшылық жоқ. Келешекте Орталық Азиямен көршілес елдерден басқа стратегиялық маңызы бар Жапония, Түркия, Үндістан, АҚШ секілді мемлекеттердің басшылары қатысса, өзіндік пайдасы мен ішкі логикасы бар деп ойлаймын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Орталық Азия елдерінің ғылым және білім саласындағы интеграциясы жөнінде маңызды бастамалар ұсынды. Оның бірі Орталық Азияда ортақ жоғары білім кеңістігін қалыптастыру туралы декларацияға сүйене отырып Қазақстандағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының көршілес елдерде филиалын ашуға дайын екенін тілге тиек етті. Мысалы, Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылғанын атап өтті. Сонымен қатар аумақ елдерінің ғылым академиялары арасында да ортақ зерттеулер өткізіп, ғылыми еңбектер дайындау мақсатында ғылыми байланыстарды нығайту бастамасы алға тартылды. Архив құжаттарын өзара алмасу үшін ортақ онлайн платформа жасау бастамасы да көтерілді. Осылайша, ғылым мен білімнің интеграциядағы маңызына ерекше тоқталды.

 

Тимур КОЗЫРЕВ,

саясаттанушы