02 Мамыр, 2014

Отбасы – мемлекет тірегі

2179 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Зәуреш Баймолдина ХамитқызыҚашанда еліміздің басты құндылығы – адам, оның қадір-қасиеті, игіліктері мен құқықтары, амандығы мен заңды мүддесі дейміз. Соған орай әр азамат туғаннан бастап әлеуметтік және басқа да игіліктерге сөзсіз әрі тең тұрғыда еркін қол жеткізе алуы тиіс, ал бұл әр азаматтың саламаттығына, сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, лайықты жалақы алуына, жеке баспанасының болуына, отбасын құруға, өз балаларының болашағын қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді. Ол үшін заңның талапқа сай болуы, халыққа қызмет көрсету мінсіз жүргізілуі аса қажет. Міне, біз осы мәселелерге орай көкейде жүрген бірқатар сауалдарға жауап алу мақсатымен Әділет министрінің орынбасары Зәуреш БАЙМОЛДИНАҒА жолығып, әңгімелескен едік. – Зәуреш Хамитқызы, елдегі демографиялық ахуал мемлекеттік саясаттың құрам­­дас бөлігі болып табылады. Сондықтан да Президенттің «Қазақстан-2030» Жолдауында қуатты демографиялық саясат елдің ұлттық қауіпсіздігінің жетекші басымдықтарының қатарына шығарылды. Жалпы алғанда, демографиялық саясат экономикалық, әкімшілік үгіттеу іс-шараларының кеше­ні, яғни осы арқылы мемле­кет өсіп-өнуге әсер етеді дей­міз. Әң­гімені осы тұрғыдан бастасақ. – Мемлекет жалпы өсіп-өнудің және халықтың экономикалық саладағы табиғи өсімінің дең­гейін көтеру мақсатында отбасыларға әлеуметтік қолдау және балалардың дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау шараларын қабылдады. Бірінші кезекте, бұл баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы; бала бір жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жәрдемақы; аз қамтылған отбасылардағы он сегіз жасқа дейiнгі балаларға жәрдемақы; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдарға жәрдемақы тағайындау болып табылады. Бұл ретте бала тууына байланысты жәрдемақы енгізілген кездегімен салыстырғанда орта есеппен 5 есе, бала күтімі жөнін­дегі жәрдемақы 3 есе арт­ты. Ал міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жүйесі енгізілген кезден бастап 330,5 млрд.-тан астам теңге әлеуметтік сақтандырудың қатысушыларына, яғни еңбек ету қабiлетiнен, асыраушысынан, жұмысынан айырылғанына, жүктілігіне және босануына және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылғанына байланысты әлеуметтік төлемдерге бағытталды. – Ал бұл шаралардың эко­номикалық және әлеу­мет­тік ахуалды өзгертуге ба­ғыт­талғаны белгілі ғой, дегенмен туу деңгейінің тұрақты өсуіне әсер етті ме? – Әрине, соңғы жылдары туылған балалар санының тұрақты өсу тенденциясы байқалады. Мысалға, 10 жыл бұрын республика бойынша 250 мыңнан астам бала туылды, 2009 жылы 360 мыңдай, ал 2013 жылы туған нәрестелердің саны 400 мыңнан асты. Сол сияқты жыл сайын тіркелген нәрестелердің саны 2-3 пайызға ұлғаюда. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, жыл сайын туылған нәрестелер санының іс жүзінде екі есеге артқаны жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Екі-үш бала асырайтын қазақстандық отбасылардың да саны артты. Екі мыңнан астам отбасы 4 және одан да көп бала асырайды. – Елімізде туған сәбилердің көптігімен қай аймақтар айрықша мақтана алады? – Демографияны көтерудегі рекордшылар Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болып табылады, ол жерде туған сә­билердің саны іс жүзінде респуб­лика бойынша туған сәбилердің төрттен бір бөлігін құрайды. Сондай-ақ, Алматы облысында, Алматы қаласында, Жамбыл облысында туған сәбилердің саны көп. Бала туумен қатар, отбасы құрғандардың саны ұлғаюда. Жыл сайын тіркелген некелердің санының 1-2 пайызға өсуі байқалады. Өзіңізде аңғарып отырғандай, бұл деректер мемлекеттің оң әлеуметтік-экономикалық саясатының, сондай-ақ, ел ертеңіне сенімді азаматтар қолдауының нәтижесі болып табылады. – Дұрыс екен. Ендеше, елдегі демографиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы әкім­ші­лік құқықтық шаралар тура­лы сөз қозғай отырып, бі­рінші кезекте, неке-отбасы қатынастарын реттейтін заңн­а­ма туралы айта кеткен жөн емес пе? Бұған қалай қарайсыз? – Қазақстан Республикасы­ның отбасы туралы заңнамасы, ең алдымен, 1995 жылғы Конс­титуцияның ережелеріне негіз­деледі, оның 27-бабына сәйкес неке және отбасы, ана мен әке және бала конституциялық-құқық­тық қорғауда болады, сон­дай-ақ ата-аналардың және балалардың конституциялық құқықтары мен міндеттері белгіленеді дейміз. Бұл орайда отбасы туралы заңнаманың негіз­гі актісі 2011 жылғы 26 жел­тоқсанда қабылданған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отба­сы туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Кодексі болып табылады. Неке туралы кодексті қабыл­дау азаматтық хал актілерін тіркеу, суррогат ана болу, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу, атап айтқанда, бала асырап алу мәселелерін реттеудегі құқықтық олқылықтарды жою, сондай-ақ заңнамалық деңгейде ата-ана және балалар арасындағы мүліктік және мүліктік емес қатынастарға байланысты мәселелерді, оның ішінде алименттік міндеттемелер тетігін жетілдіру арқылы шешу мүмкіндігін берді. Неке туралы кодекс неке ұғымын бекіту арқылы отбасындағы ерлі-зайыптылардың тең құқылығын, сондай-ақ неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) ерікті әрі толық келісім беру қағидатын бекітеді. Осылайша ерлер мен әйелдердің гендерлік теңдігі мәселелерін ескере отырып, бірыңғай неке (ерлі-зайыптылық) жасы еркектер мен әйелдер үшін он сегіз жас болып белгіленді. – Ал бұл орайда балалардың жағдайларын жақсартуды көздеген қандай нормалар туралы айта аласыз? – Әрине, балалардың жағда­йын жақсарту басты талап еке­ні белгілі. Олардың ішінде – күндізгі оқу нысаны бойынша жиырма бір жасқа дейінгі білім алушы балаларға алимент төлеу, алимент төлемдерін уақтылы төлемегені үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігі, алимент төлегенін растайтын құжаттары болмаған жағдайда борышкерге Қазақстаннан тыс жерлерге кетуге рұқсат берілмеуі секілді нормалар бар. Сондай-ақ, Кодексте бала асырап алуға арналған арнайы тарау көзделген, онда нормалар Қазақстандағы бала асырап алуды ынталандыруға бағытталған. Неке туралы кодекс қолда­ныс­қа енгізілгеннен кейін неке-отбасылық қатынастарын рет­тейтін барлық заңға тәуелді нормативтік құқықтық базаны кешенді жаңғырту жүзеге асырылғанын жақсы білесіз. Сондықтан бұл орайда біздің еліміз әлемдік қоғамдастықтың толыққанды қатысушысы болып табылатынын, ал отандық заң шығарушы отбасылық қатынастарын реттеуде ұлттық заңнаманың халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларына және қағидаттарына сәйкес келуін қамтамасыз етуге әрдайым ұмтылатынын атап өткен жөн. – Мемлекет басшысы Н.На­зарбаев: «Отбасын ны­ғайту және дәстүрлерді сақтау – мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі. Сондықтан да біз отбасының мерейін барынша үстем ете беруіміз керек», – деді. Отбасына қатысты мәселелер туралы не айта аласыз? – Иә, отбасы – біздің қоғамы­мыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты. Ұрпақтар сабақтастығы, жасы үлкендерге құрмет көрсету, балаларға қамқор болу, өзара қолдау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық тек отбасында қалыптасады. Өзіңіз айтқандай, ел Президентінің «Отбасы күні» ұлттық мейрамын бекітуі мұндай саясаттың жүргізілуіне дәлел, ол қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі. Отбасы күнін тойлау бірінші кезекте некенің оң имиджін қалыптастыруға, ана болудың, әке болудың және балалық шақтың қоғамдық маңыздылығы мен мәртебесін арттыруға, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттауға, отбасы беделін арттыруға бағытталған. Бұл үшін көші-қон саясатында отбасының өмір сүру жағдайларын жақсарту, неке-отбасы қатынастарын нығайту, түсіндіру және насихаттау жұмысын жүргізу бойынша мемлекеттік органдардың міндеттеріне елеулі рөл беріледі. Біздің қоғамның жақсы жағы оның отбасы маңыздылығын, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде оның рөлін, қоғамдық тұрақ­тылық пен прогресті қамтамасыз етуді түсінуі, отбасы мен балалардың мүдделерін есепке алу қажеттілігін мойындауы болып табылады. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Болашақта біздің еліміздің қандай болатыны бүгінгі күні өз балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізге тікелей байланысты», деп атап көрсеткені белгілі. Бұл басымдықтарды еліміздің болашағы қолында тұрған жас ұрпақтың бойына біздер дарыта білуіміз керек. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, жастар өзінің тағдырына, өз отбасының амандығына, өзі­нің болашақ балаларының тағды­рына жауапкершілік сезімін дұрыс қалыптастыруда кәсіби мамандардың көмегіне мұқтаж. Бүгінгі күні Астанада «Отба­сылық тәрбие институты» ЖШС-мен бірге жас отбасыларына арналған «БІРГЕМІЗ» жобасы іске асырылуда, ол астаналық әділет органдарының жанынан құрылған. Бұл жоба көпшіліктің көңілінен шығып, соған орай аталған мектептерге отбасын құруға бел буған жастар көптеп келуде. Фрэнсис Бэкон «Отанға сүйіспеншілік отбасынан басталады» деп айтқандай, шаңырағының астында іргетасы мықты, тұрмыс жағдайы жақсы отбасын құратын, бақытты да дені сау балалар өсетін Қазақстан дәл осы ұранды ұстанады деп ойлаймын. Міне, жоғарыда айтылған жағдайлардың бәрі жүзеге асуы үшін, яғни азаматтар өміріндегі барлық маңызды оқиғалар әділет органдарының тиісті қызмет көрсетуімен сүйемелденетіндігін және олардың ішінде азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы қызмет аса көп сұранысқа ие екендігін ескере отырып, оларды қолжетімді ету бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Оған дәлел халыққа арналған көп қызметтер қазіргі күні электрондық түрде көрсетілуде. Мәселен, тууды, неке қиюды тіркеуге өтініш­ті «электронды үкіметтің» порта­лындағы қызметтердің арқа­сында үйден шықпай-ақ беруге болады. Осылайша мұрағат анық­тамаларын да осы портал арқылы алуға болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».