Өнер • 25 Шілде, 2022

Перизат пен пәуеске

593 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз де ұзақ ойландық, мүмкін ол да ұзақ ойланған болар. Біз де қызықтырар ештене таппадық, мүмкін ол да ештене көрмеген болар. Біздің айналып өткіміз келді, бірақ ол айналып өте алмады. Сұлулықтан қалайша айналып өтуге болады, сол маңда мәңгілік өкінішіңіз қалып кетсе қайтер едіңіз!? Сіз де кідіре тұрыңыз, пәуескеге отырған перизат бұрылып қарағанша.

Перизат пен пәуеске

Жан Беро. Париждің зайырлы қоғамының бет-бейнесін, эстетикасын, мінезін, қалып-кескінін, тіпті киім киісіне дейін бізге сыйлаған суреткер. Ол француз сұлулық салонының суретшісі. «Виктория» картинасына қараңызшы... Көшірме ме, жоқ көркем кескіндеме ме? Қалай ойлайсыз? Иә, мұнда жарқын композиция, көркемдік шеберлік, қоршаған дүниенің идеалистік көрінісі бар. Талғампаз бикештің тазалығы һәм тәкаппарлығы анық байқалады.

Олай болса Парижге ғашық болмау қылмыс қой. Беро әсем шаһардың жаңа келбетін сызды. Қала тұрғындарының қағидасын, жоғары қоғамның талғампаз ханымдарын мен мәрт мырзаларын, тіпті қарапайым адамдардың өмір күнделігін баяндады. Мұндағы сиқырлы сюжеттер алуан түрлі және шебер детальдармен әдіптелген. Түрлі-түсті реализм дерсіз.

Алайда сарапшылар осыған байланысты шеберді аяу­сыз сынға алды. Неге оның басты кейіпкерлері маңғаз, дөкей келеді? Бұл қарабайырлық не жасандылық емес пе? Жоқ, кешіріп қойыңыз, олай емес. Оның бейнелеу техникасы фотографиялық жазу стиліне жақын. Сонысымен де әсерлі өзгеге ұқсамайды. Өнертанушылар мұндай стиль коммерциялық тұрғыдан ыңғайлы, көпшіліктің талғамына сәйкес келеді деуі мүмкін. Айта берсін...

Дегенмен, «Виктория» сияқты картиналар өз жанкүйерін тапты. Өкінішке қарай, бұл шығарма жайлы нақты ақпарат сақталмаған. Сондықтан бұл атау туындыдағы әйелдің атымен берілді ме, әлде басқа мағынада қолданды ма белгісіз. Пәуескеде келе жатқан, абайсызда немесе әдейі «кадрға түсіп қалған» бикеш бейнесі жаңа уақыт пен жаңа идеялардың жемісі. Ашық түстер, кең штрихтар, шебердің жылдам техникасы қызықтырады.

Суреттің оң жағы толық жазылмаған. Әйтсе де бұл бітпеген жұмыс емес, құдды эскиз сияқты. Беро осы техника арқылы француздар мақтаған «ғажайып дәуірдің» алыстап бара жатқанын меңзеп тұрғандай. Сондықтан оның шығармалары бір мезгілде жаңарған Парижге жаңа көзқарас ретінде қабылданып, өткенді еске түсіруге, өткеннің мұңды жаңғырығымен жүректі жылытуға ұмтылады.