02 Мамыр, 2014

Мүшәйра

631 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ақ сауытын киініп, ата-бабаның ақ туын көтеріп, қазақ даласының аумақтық тұтастығы мен шекара шебінің бүтіндігін қас қақпай күзетіп, қасық қаны қалғанша жоңғарлармен айқасып, қасиетті атамекеннің сынық сүйем топырағын жауға таптатпай азат еткен аруақты батыр, қаһарман хандар, ақылман билер бүгінгі әлеуетті де сәулетті Қазақ елінің терең тамырына нәр беретін сарқылмас қуат десек болады. Сондай тұлғалардың бірі – биыл туғанына 300 жыл толып отырған жаужүрек сардар, қабырғалы би, көреген қолбасы Ер Жәнібек Бердәулетұлы. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі «Ел қорғаны – Ер Жәнібек» атты республикалық ашық мүшәйра жариялайды. Мүшәйраның мақсаты – ерегескен жауын жер жастандырған, елінің шекарасын кеудесімен қорғаған батыр баба Ер Жәнібектің жеңімпаздық жолын жыр жолымен өрнектеу. Сонымен қатар, Ер Жәнібекпен бірге ел намысын қорғаған көсем, сөз бастаған шешен Хан Абылай, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбей, шапырашты Наурызбай, Төле, Әйтеке, Қазыбек билер секілді көптеген тарихи тұлғалардың ынтымағы мен елді біріктіру жолында атқарған өлшеусіз еңбегін өлеңмен дәріптеп, жастарға үлгі ету. Ер Жәнібектің соңында қал­ған мұрағаттағы аңыз-әпсаналар, шешендік сөздер, музейдегі жорық саптыаяғы, ҚХР-дағы қазақтар арасынан табылған туы салынған сандық, кездік секілді мұраларын өлең жырға өзек ете отырып, батырдың даңқты жолы бүгінгі ұрпаққа жалғасқанын мадақ ету. Ер Жәнібектің елінің бірлігі мен ынтымағы, жерінің аумақтық тұтастығы, халқының ырыс-берекесі жолында өмірін сарп еткен қабырғалы би, көреген қолбасшы ретіндегі тұл­ғасын сомдап, өлеңмен өрнектеу. Ең негізі – ел басына күн туған алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыдан халқын құтқарып, ұрпағын бүгінгі күнге аман-есен жеткізуге негіз қалаған қаһарман тұлғалардың жиынтық бейнесін, замана бедерін топтастыра сомдау. Батыр бабаның кескін-келбетін жыр тілімен айшықты сомдап, оқырманның патриоттық сезіміне әсер етіп, жүрегін тербете алатын көркем туындыға жүлде беріледі. Мүшәйраға еш жерде жарық көрмеген өлеңдер, толғаулар, поэмалар қабылданады. Бас жүлде – жеңіл автокөлік; бірінші орын – біреу; екінші орын – екеу; үшінші орын – үшеу; ынталандыру сыйлықтары – бесеу. Мүшәйраға қатысушылардың шығармалары компьютерге басылған бес данадан кем емес және электронды нұсқасымен 2014 жылдың 1 тамызына дейін мына мекенжайға келіп түсуі керек: Индекс: 010000, Астана қаласы, Әуезов көшесі, 20 «А», Сәкен Сейфуллин мұражайы. Тел: 32-84-67, 53-34-03, e-mail:astanakalamger@mail.ru. Мүшәйра қорытындысы 2014 жылдың 15 тамыз күні шығарылады. Жүлдегерлердің Өскемен қаласына келіп-кету жол шығыны мен жатар орны мәселесін ұйымдастыру комитеті мойнына алмайды. Қазылар алқасының шешімі қайта қаралмайды деп хабарлады ұйымдастыру комитеті.