Өнер • 26 Шілде, 2022

Шабыттың шаңқай түсі

307 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Композитор Серікжан Әбдінұровпен тығыз араласуым жұмыс бабында басталған еді. Мен зейнет демалысына шыққаннан кейін астанадағы Музыка академиясына ұстаздық қызметке ауыстым. Осы оқу орнында менің ежелгі досым әнші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, профессор Қанат Омарбаев қызмет істейтін. Бір күні ол менің кабинетіме келді. Біраз шүйіркелесіп, сөйлескеннен кейін маған көкейінде мазалап жүрген ойын айтты. Бірде пойызда келе жатып, бір орысша журналдан оқыған шығармасы ойынан кетпейтінін баяндады.

Шабыттың шаңқай түсі

Айтуынша, либретто жазатын адам болса, операға сұранып тұр­ған та­қырып. Сөйтсек, ол Ғабит Мүсі­реповтің «Қыпшақ қызы» деген пье­сасының орысша аудармасы екен. Журналдың аты есінде жоқ. Оны өзіміз «Простор» журналы болар деп топшыладық. «Либреттоны сен жаз» деп Қанат маған қолқа салды. «Мен келістім, ал музыкасын кім жазады? Композитор кім болады?» деп сұрадым. Ол: «Жазатын адам бар. Әбдінұров деген композиторды білесің бе?» деді.

Серікжан Әбдінұров деген композитормен бұдан бұрын Қараған­ды­да Қазақстан композиторларының фестивалінде танысқан едім. Онда ол Мәдениет және спорт министр­лігінде істейтін. Қазіргі кезде осы Музы­ка академиясында ұстаз екен. Мен: «Оны білем. Ол өндіріп жазып жүрген композиторлардың бірі» дедім. «Ендеше, жүр» деп, мені бірден Серікжанға ертіп барды. Біздің тығыз байланысымыз осылай басталды.

Серікжан операның либретто­сын оқуға кірісіп кетті. Операны «Қып­шақ қызы Аппақ» деп атайтын бол­дым. Сонда мұны Ғ.Мүсіреповтің ізімен дейміз бе? деген сұрақ туды. Ұлы жазушының пьесасын тауып алып оқып шықтым. Либретто жанрының талаптарына келіңкіремейді екен. Содан мен өз вариантымды жаздым. Қанат пен Серікжанға «бұл назира» болады дедім. Жұмыс басталып кетті.

Сабақта үзіліс кезінде, бос уақы­тымда Серікжанның кабинетіне ба­рып жүретінмін. Сол жерде Ер-аға­мен (Еркеғали Рахмадиев) кездесіп, әңгіме-дүкен құратын едік. Жұ­мыстан қайтарында Ер-ағаны Бөгенбай батыр даңғылының бойындағы үйінің алды­на дейін шығарып салатынмын. Ер-аға міндет­ті түрде «жүр, шәй ішіп отырып жалғас­тырайық әңгімемізді» дейді. Мен оның шаршап тұрғанын көріп келіспеймін. «Аға, сіз демалыңыз, әңгімені ертеңге қалдыра­йық» деймін. Сондағы әңгімеміз өскен ауы­­лымыз туралы. Ер-аға мен екеуміздің ауыл­­дарымыздың арасы алыс емес. Оның ауы­лында Құл деген ақын болған. Мен Құл ақын туралы біраз материал жинап, жазға­нымды айттым. Ел ішінен не білгенімді сұрайды, мен айтамын. Құл ақынның әндері туралы әңгімелейді. Менің не білетінімді тексереді. Құл ақынның «Шұбар ағаш – Ойжайлау», «Бүрлен-бүрлен» деген әндері туралы білетінімді айтамын. Оның «Өтебай» әнінің әуенін Мұқан Төлебаев «Біржан-Сара» операсының 2-актісіне кіріспеге пайдаланғанын айтқанымда ол маған риза болды. Мен Ер-ағаның ауылында қандай суырыпсалма ақындардың болғаны туралы, оның өзінің әкесі Рахмадидің де ақын екенін айтамын. Осылай жиі кездесіп жүрдік. Бірде мен «Ер-аға, сіз туралы поэма, не баллада жазсам деймін, сізге арнаған әнім де бар» деген едім. Ол үнсіз құптағандай болды. Кәкімбек Салықов ағамыздың Ер-аға туралы поэма жазғанын білетінмін. Кейінгі кезде ағасына ән арнағандар «сен сондайсың, жан аға, сен мұндайсың, жан аға» деп айтып жүр. Ер-ағаға арнаған әнімде мен Балқаштың жағасында жастық шағы өткен ағаның асау толқындардан шабыт алған шағын суреттегім келді. Бұл көрініс Ағаның жанына жақын болатыны даусыз. Осындай ойдан туған әнді «Толқиды Балқаш» деп атадым.

Бірде Ер-аға екеуміз Серікжанның каби­нетінен бірге шықтық. Сыртта біраз таза ауа жұтып аялдадық. Серікжан туралы сөз болды. Менің либреттом бойынша опера жазып жатқанын тілге тиек еттік. «Бұл жігіттің еңбекқорлығы ұнайды» деді. Оның кабинетіне тегін бармайтынын айтты. Одан зор үміт күтеді екен. «Еңбекқорлық» дегенде менің ойыма «дарын бес пайыз болса жеткілікті, қалғаны еңбекпен келеді» деп бір ғұлама айтыпты деген сөз оралды. Менің ойым­ды түсінгендей, «бұл жігітте үшеуі де: дарын да, еңбек те, мінез де бар» деді Ер-аға.

Серікжан Әбдінұров Оңтүстік Қазақ­стан облысы Төле би ауданы Ақ­бастау ауылында 1962 жылы туған. Әкесі тау-кен инже­нері, анасының ма­мандығы дәрігер екен. Серік­жанның музыкалық тәрбие алуына әкесі­нің ықпалы болыпты. Әкесі Құттымбеттің музыкаға әуестігі ерекше болса керек. Ол Ташкенттегі политехникалық инс­титутта оқып жүргенде жатақхана­ға жаяу қатынапты. Сол кезде кон­серваторияның жанынан өтеді екен. Жақындап келгенде консерватория терезесінен әртүрлі дыбыс­тар естіліп жатады. Біреулер скрипкада сызыл­та ойнап, біреулер күйсандықта күм­бірлетіп күй шалқытады дейді. Бір жерден оркестр гүмпілдетсе, бір жақ­тан бұлақ сылдырындай әсем дауыс­ жас жігіттің еркін жаулап алады. Си­­қыр­лы үндерді елтіп тыңдаған жігіт­тің сабақтан қайтқан студенттер­мен жатақханаға қайта оралған күндері де болған деседі. Осылай музыканы армандаған Құттымбет енді өз балаларының музыкадан сауаты болға­нын армандайды. Сөйтіп, 7 жасқа кел­­генде Серікжанға аккордеон, ал үлкен қызына пианино алып береді. Серік­жанға аккордеонда ойнауды өзі үйрете бастайды. Баласының ынтасына кө­ңілі риза болып, 1972 жылы Шымкент­ке көшіп келген соң, үлкен қызын да, Серікжанды да музыка мектебіне береді.

«Бір жылдан соң әпкем музыкаға оқы­ғысы келмеді де, мектептен шығып кетті. Әкем менен «сен оқисың ба? – деп сұрады – дейді Серікжан, бала кезін есіне алып. – Мен оқимын – деп едім әкем қуанып, «онда мына пианино да сенікі, аккордеон да сенікі» дегенде қуанышымда шек болмады», дейді. Содан екі аспапқа да ие болған Серікжан жеке бөлмеге кіріп алып, музыкаға дайындалып отырады. Бұл кезде ешкім оған бөгет жасай алмайды. Ата-анасы оның музыкамен айналысуына ерекше мән бергені сонша, тіпті қонақ шақыратын болса, Серікжанның көңіліне қарап, баласының музыкамен да­йындалуына кедергі жасамау үшін оның рұқсатын алатын болған. Өнерге осындай құрмет пен қамқорлық жасалған отбасында өскен баланың да еңбекке ынтасы, өнерге деген құштарлығы жоғары болмақ. Оның үстіне Серікжан үлкен әжесінің бауырында өскен бала. Қалдыгүл әжесі халық ертегілерін айтып беріп, оны жастайынан кішіпейілділікке, қайырымдылыққа тәрбиеледі. Жақсы көретін әженің айтқандары, өнегелі, үлгілі тәрбиесі бала көңілінде өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өзінен кейінгі інісі Әлібиге қамқор болып жүргені сол әже тәрбиесінің жемісі деуге болады.

1977 жылы әкесі Серікжанды Шым­кент­тің музыкалық училищесіне алып барады. Музыкалық қабілетін тексеруден сүрінбей өтеді. Бірақ оған скрипка ұнамайды. Үні тым әлсіз, нәзік болып көрінеді. Оған виолончель ұсынады. Оның дыбысы тым дөрекілеу естіледі. Сонымен қатар әлжуаздау балаға аса үлкен болып көрінді. Училищедегі ұстаздар қабілетін біле тұрып оны жібергілері келмейді. Оған хор бөлімі­не түсуге кеңес береді. Хор комиссиясына оның музыкалық қабілеті бірден ұнайды. Сонда да Серікжанға «қабілетің өте жақсы, алайда дауысың тым нәзік, әлжуаз, бойың да әлі кіш­кентай екен. Келесі жылы кел. Бойың өсіп, дауысың қатайып келсең, сені емтихансыз-ақ қабылдаймыз» дейді. Бірақ Серікжанның қайтқысы келмейді.

«Оқуға түсе алмапты» деп сынып­тас­тары мазақ етеді ғой. Ол осылай ойлап, көз жа­сы­на ерік береді. Егіліп, солқылдап жылап тұр­ған баланы көрген училищенің күзетінде тұр­ған қазақ апай бұларға келіп, не болға­нын сұрайды. Бұлардың жағдайын білген соң: «мұнда музыка теориясы деген бөлім бар, оны бітіргендер композитор болады деп кеңес береді. Әкесі баласынан: «композитор боласың ба?» десе ол «боламын, боламын» деп жылап жібереді. Теория бөліміндегілер музыкалық қабілеті жоғары, әрі құл­шынып тұрған балғынды қуана қабылдайды. Сөйтіп, Серікжан музыка училищесінің теория бөлі­міне оқуға түседі. Болашақ дарынды ком­позитордың алдынан осылай даңғыл жол ашылады.

Музыкалық училищесін бітірген соң Серікжан Әбдінұров Алматыдағы Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік кон­сер­­ваториясының композитор­лық бөлі­міне Қазақстанның халық әртісі Құддыс Қожа­мияровтың сыныбына оқуға түседі. Алғашқы жылдан-ақ оның дарыны көзге түсе бастайды. Ол жазған шығармаларын Бүкілодақтық және Республикалық конкурстарға жолдап отырады. Оның жеке дауыс пен фортепианоға арнаған Естайдың «Хорлан» әніне жазған вариациясы 1987 жылы Мәскеуде өткен конкурста 1-жүлдеге ие болса, 1988 жылы скрипка, виолончель, фортепиано, домбыра­ға арналған квартеті Республикалық «Жігер-88» жастар шығармашылығы фестивалінде 1-орын­ды жеңіп алды.

Сондай-ақ оның үздік шығар­ма­лары: шекті аспаптарға арналған квартеті Халық­аралық фестивальге (Германия, Дрез­день), Үлкен симфониялық оркестрге арналған симфо­ниясы Л.Бернстайн Халықаралық фестивалінде (Израиль, Иерусалим) орын­далды, шекті аспаптарға жазған «Ата­тү­рік» симфониясы симфония­лық музыка фес­тивалінде (Өзбекстан, Ташкент) үздік шығарма аталды.

Республика бойынша өткен конкурстарда да табыстарға жетті. Ол Республикалық «Астана – Байтерек», «Тәуелсіздік толғауы», «Елім менің» конкурстарының бірнеше дүркін же­ңімпазы болды.

Осындай тәжірибеден кейін ол күрделі шығармалар жазуға кірісті. Ал­ғашқысы ме­нің либреттома жазған «Қыпшақ қызы Аппақ» деген операсы болды.

Осы либреттодан бөлек мен оған тағы бір либретто жазып бердім. Оны алғашқыда «Асыл арман – Астана» деп атаған едік, кейін «Махаббатым менің» деп өзгерттік. Бұл заманауи ­жастар тақырыбына жазылды. Тақырып заманауи болғасын композиторға жазуға да жеңіл болды. Бұл операны ол жыл­дам жазып бітірді. Сосын оның үзін­дісін Ұлттық өнер университетінің сту­денттерінің күшімен Университет сах­насына шығарды.

Бұған дейін де Серікжан күрделі шығар­малар жаза бастаған. Ол хорға арналған acapella «Бейіт-симфониясы» еді. Бұл шығар­масымен Серікжан Қазақстан компози­тор­ларының көшін бастады. Ол бірінші болып осындай шығарманы, қазақ музыка тарихында бірінші хор симфониясын жаз­ды. Симфониялық музыкаға хорды енгізу классик композиторларда бар үлгі. Ол үлгіні немістің ұлы композиторы Люд­виг ван Бетховеннің Тоғызыншы симфо­ниясының финалынан, басқа да композиторлардан кездестіруге болады. Дәлірек айт­сақ, 2017 жылы Аstana Opera сахнасында орындауға бірнеше өнер ұжымы, 1500 адам қатысқан неміс композиторы Густав Малердің Се­гізінші симфониясы дарынды дирижер Алан Бөрібаевтың басқаруымен орындалғанын көзі қарақты көрермен әлі ұмыта қойған жоқ.

Композитор шығарма­шы­лығында «Бейіт-симфония» сөзі азаттық жолында, елдік үшін күресте шейіт болған­дардың құлпытасына жазылған эпитафия, аруағына тағзым, атына құрмет деген түсінік береді.

Саяси қуғын-сүргін құрбанда­ры­на арнал­ған Республикалық хор фестивалінде «Бейіт-симфониясы» 3-орынға ие болды. Бұл шығарманы жазуда ол грузиннің дарын­ды композиторы Гия Канчелиге еліктегенін жа­сыр­майды. Жақсыға еліктеудің ерсілігі жоқ. Серікжанның неміс композиторы Роберт Шуманға еліктеген жері бар. Шуман «Карнавал» деген шығармасында жастық ша­ғында ұнатқан Мета Абегг (Abegg) де­ген қыздың атын және тағы бір әуес бол­ған сұлу қыз тұратын Аш (ASCH) қала­сының атын музыка дыбыстарымен бел­гілеп, сол тональ­дықта музыка жазғаны бел­гілі. Осы бір үрдіс­ті Серікжан да өз музы­касын­да қол­данды. Ол фамилиясының үш әрпін музыканың дыбыстарымен
(a-ля, b-си-бемоль,d-ре) белгілеп, фор­тепианоға арналған «Айша-бибі», «Фараб Отырар», екі гобойға арналған «Бейіт» шығармаларында пайдаланды.

Оның шығармалары көптеген оркестр, өнер ұжымдарының, белгілі дирижерлер­дің репертуарына енген. Ол оркестрге, хорға, драмалық спектакльдерге, аспаптарға арнал­ған музыка жазды. Оның романстары мен әндері белгілі әншілердің орындауында көпшіліктің көңілінен орын алуда.

 

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК,

Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Композиторлар одақтарының мүшесі