Қоғам • 26 Шілде, 2022

Қашқын-әке азаяр емес

206 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шаңырағы шайқалып, ажырасып жататын ерлі-зайыптылардың арасында жазықсыз бала қалатыны – бүгінгі күннің ең ащы шындығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялағаны да қоғамның осы қорғансыз мүшелерінің құқын қорғауға басымдық беруді көздесе керек. Осыған орай Үкімет отбасы институтын нығайту жолдарын қарастырып жатса да, баласынан безген көкек-аналар мен алимент төлеуден жалтарған қашқын-әкелердің саны азаяр емес.

Қашқын-әке азаяр емес

Әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында некені бұзу туралы азаматтық істер көп тіркеледі. Бұдан туатын мәселе – алимент төлеу. Бү­гінде республика бойынша 3 миллионнан астам әр түрлі санаттағы атқарушылық істер сот орындаушының есебінде  тұр. Мұндай деректі Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Аза­мат­тық және әкімшілік сала­­лардағы құқықтық ақ­па­рат­­ты қалыптастыру бас­қар­масының басшысы Дамиля Хамитова ұсынды.

Осы ретте, прокуратура ор­ган­дары жұмысындағы ма­ңыз­ды бағыттарының бірі – ба­ла­лардың құқықтарының қор­ғалуын қадағалау екенін айта кету керек.

Бас прокуратураның Құ­қық­­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі коми­тетінің дерегінше, биыл­ғы 6 айда сот неке және отбасы дауларына қатысты 23 755 азаматтық істі қарап, 22 341-ін қанағаттандырған. Оның ішінде некені бұзу туралы – 18 282, алимент өндіру бойынша 1 510 азаматтық іс талапкерлердің пайдасына шешілген. Алматыда некені бұзу туралы 2 564 азаматтық іс тіркелді. Бүгінде бұл – ең үлкен көрсеткіш. Алматы облысында осындай 2 048 іс қаралса, елордада – 1 604, Қарағанды облысында – 1 538 іс тіркелген.

Осылайша, 2021 жылдың жарты жылдығымен салыс­тырсақ, Алматы қаласында неке бұзу деректері 8%-ға, ал Нұр-Сұлтан қаласында 2%-ға артып отыр. Қалған өңірлерде керісінше ерлі-зайыптылардың ажырасу саны едәуір азайған.

Алимент төлеуден жалтарған әкелердің жауап­сыздығы кәмелетке тол­маған бала мен оның анасының тұрмыстық жағдайын нашарлататыны белгілі. Қазірдің өзінде ел бойынша түрлі санаттағы 3 949 027 борышкер сот орындаушының есебінде тұр. Оның ішінде 133 мыңнан астам әке алиментті өз еркімен төлесе, қалғаны түрлі сылтау тауып, ақша төлеуден жалтарып жүр.

Айта кетсек, алимент тө­леуден жалтарып жүр­ген­дерге қатысты шет елге шы­ғуға, банк операцияларын жасауға, шоттардағы қара­жат­ты пайдалануға, мүлікке тыйым салу сияқты шектеулер қойылған. Алайда құзырлы органдар көптеген борышкерден алиментті өндіре алмай жүр. Мұның басты себептері - борышкердің тұрақты жұмыс орны болмауы немесе әдейі тіркелмей жұмыс істеуі, сот орындаушысынан қашу, тұр­ғылықты мекенжайы мен байланыс нөмірлерін жасыру, тағысын-тағы әрекеттер. Бұл ретте борышкерлердің жеке көліктерін айыппұл тұрағына қою ең тиімді әдіс болып отыр. Әдетте көлігінен айырылып қалған борышкер алимент бойынша қарызын тез төлеп тастауға асығады. Сонымен қатар шетелге шығуға арналған төлқұжаттарға да қатысты осылай деуге болады.

Дамиля Хамитованың айтуынша, жұмыссыз борыш­керлерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету шаралары қабыл­дануда.

«Осы тұрғыда ана мен балаға қатысты құқықбұзушылыққа жол берген тұлғалардың жа­уап­кершілігін күшейту үшін бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Кей борышкерлер баланың кә­мелет жасына толғанын күтіп, берешектен құтыламын деген оймен алимент төлемеуі мүмкін. Баланың кәмелет жасына толғаны борышкерді берешектен босатпайтынын назарға алуды сұраймын. Ерлі-зайыптылардың ойлары мен мақ­саттары бір арнаға то­ғыс­пай жатқанына бүлдір­шіндер кінәлі емес. Сол себепті, ана қолында қалған ұрпағына мо­раль­дық, материалдық жәр­дем көрсету – әкенің парызы», дейді басқарма басшысы.

Жалпы, алименттің мөл­шері мен төлеу тәртібі, сондай-ақ отбасы мүшелерінің қар­жылық міндеттемелері Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексінің 5-бөлімімен реттеледі. Қазақстандағы 2022 жылғы алимент мөлшері туралы айтатын болсақ, онда ең төменгі сома – бір балаға 15 мың теңге. Бұл ең төменгі жалақының төрттен бір бөлігі. Ал ең төменгі жалақы мөлшері биыл 1 қаңтардан бастап 60 мың теңге болып бекітілген. Яғни бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға та­бы­сының жартысы берілуі ке­рек. Болашақта қаржылық және отбасылық жағдайларға бай­ланыс­ты бекітілген сома өзгеруі мүмкін.

Айта кетсек, Қазақстанда үш айдан астам уақыт алимент төлемей жүргендердің аты-жөні Qamqor ақпараттық порталында жарияланады.

Қазақстанда заң бойынша алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Десе де жа­уапсыз әкелерді темір тордың ар жағына тоғыту тәжірибеде өте сирек кездесетін жағдай. Әкенің берешегі жиналып қалған жағдайда сот орындаушылар астындағы көлігін алып қойып, оны сатып, қарызды өндіреді. Дүние-мүлкіне де тыйым салып жатады. Али­мент бойынша қарызын өте­мегенше, жүргізуші куә­лігінің күшін жояды. Яғни оларды абақтыға қамап қой­ғаннан гөрі, али­ментті уа­қы­тында төлеп тұруға түрткі болатын шараларды қа­былдау тиімді болып отыр.