Аймақтар • 27 Шілде, 2022

Жетісудың жеті кереметі

574 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қасиетті мекеннің қай қырынан қарасаңыз да көз суырар сұлулыққа толы. Асан қайғы бабамыз жер жәннаты атап кеткелі алып даланың, тәубе, басынан бақ кеткен емес. Жеті өзенді бауырға басып, күннің нұрына шомылып жатқан құйқалы қонысты суреттеуге сөз жете ме?! Тұмса табиғатының мөп-мөлдір ауасымен бір тыныстасаңыз, жан сарайыңыз ашылады, жаныңыз рақат табады. Жақында Жетісудың жеті кереметін көзбен көрмекке бекініп, саяхаттап қайтқан едік.

Жетісудың жеті кереметі

Алдымен Айғайқұмға табан тіредік. Бір-бірімен иық тіресіп жатқан, үйілген төбелердің үніне құлақ түрген сәтте шаршағаны­мыз сап басылды. Әншіқұмның даусы алыстан құмыға естіледі. Самал желдің әсерінен туған бөгде әуенді сезген балалар аң-таң. Атағы әлемді шарлаған Айғайқұм туралы ел ­аузында жүрген әпсананы сол жерде жолыққан қария баяндап берді. Қарттың айтуынша, жоталардағы жаңғырық кері пиғылды, іші қара ниетке толы адамның құм астында қалып, жаны қиналғаннан шық­қан өксігі көрінеді. Ал кейде ел-жұрт дуаланған арудың айқа­йына телиді. Екі нұсқаның да өз жоралғысы бар. Құмды тау­дың басына шығу оңай шаруа емес. Ән салып тұратын мұндай әуезді құмтөбе дүние жүзінің алты елінде бар. Десе де, Айғайқұм­ды тамашалауға туристер ағылып ке­ліп жатыр. Солармен бірге біз де арма­нымызды айтып тарқастық.

Айғайқұмды артқа тастап, Шыл­быр шатқалының төменгі сағасында жатқан ғажайып Бес­шатыр қорымына келдік. Аты айтып тұрғандай, Бесшатыр бес қор­ғаннан құралған. Бұл – көп­ші­ліктің берген анықтамасы. Не­гі­зінде, бұл атау кейінгі кезде қо­рымның ортасындағы қорған­дар­дың біріне қарап айтылыпты. Шындығына келгенде, Шылбыр шатқалындағы қорғандар одан әл­де­қайда көп. Жәдігерлердің айыр­машылығын ажырату мүм­кін емес. Археологтердің еңбегін айрық­ша айтып кеткен де жөн. Үл­кен ізденістен табылған рухани қаз­ба байлықтар қазақтың қайдан шыққанын, қалай өмір сүргенін айғақтап тұрғандай. Ал біз бабамыз сақтардан қалған сарқыт деп түйдік.

Алтын-Емел асуынан алған әсе­рімізді айтып болғанша, алды­мыздан шырайлы Шарын шат­қалы қарсы алды. Шіркін, кемиек аңғарлар кешегі баһадүр баба­ларымыздың болмысы тектес биіктіктен қорықпайды. Шат­қал­дардың ажымдары адамды бірден өзіне баурап алады. Сирек кездесетін өсімдіктердің мекенін 2004 жылдан бастап мемлекет қор­ғауға алған. Көруге келген әрбір адам арнайы рұқсатсыз кіре алмайды. Күллі әлем Үлкен Ко­лорадо каньонының «кіші бауыры» санайтын Шарын шатқа­лын америкалықтардың өздері айналсоқтап жүр. Тіпті кейбірі­нің кеткісі жоқ. Тау жыныстарынан құралған ескерткіштер құдды қолмен жасалғандай құмыраға, адамға ұқсас. Неше ғасыр бойы жауын-шашын жуып, қызғылт түске боялған ойдым-ойдым шатқалдар әртүрлі кейіпте. Үнсіз жатқан алып жартастар таңғажайыптығымен таңдандырады. Ірілі-ұсақты жартастарды пішініне байланысты маңайындағы халық «жалма­уыз кемпір шатқалы», «қамалдар аң­ғары» деп те атайды екен. Тағы бір айта кететіні, Шарын шатқалы Қазақстан табиғатының інжу-мар­жаны саналады. Бұл – оған елдің берген бағасы.

Келесі күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің табалдырығынан аттаған сәтте, сонау V ғасырда жүргендей күй кеш­тік. Сақ пен ғұннан сақталған бұйымдар білімгерлердің архео­логияға деген құштарлығын оятты. Іші көне дүниелердің кеніші іспетті. Әлем халқы аузын ашып қарайтын «Алтын адамды» қолмен ұстап, көзбен көрдік. Айта кетейік, мұражайда «Сақтардың тарихы мен мәдениеті», «Алтын адам», «Қа­зақстан археологиясы» және «Алтын адамның құпиясы» атты 4 экс­позициялық зал мен «Алтын адам­ды» алғаш ашушылардың бірі археолог Бекмұханбет Нұр­мұ­­ханбетовтің мемориалдық бөл­­месі бар. Біз үшін ең кереметі ежел­­гі сақ қалаларының мәдениеті болды.

Сапар барысында V ғасырдан аттап, XIX ғасырда салынған Жар­кент мешітінің алдына келдік. Сәу­летші Хон Пиктің шеберлігінен туған дүние. Қытайлық құпияны қазақ даласына әкелген хас ше­бердің басы осы мешіттің кесірінен шабылыпты. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бүгінде ұлттық музейдің есебінде. Сыры кетсе де, сыны кетпеген мемориалды мешіт 52 бағана тізбегімен айнал­дыра қоршалған. Арқалығы ағаш­қа түсірген әсем оймышпен на­қышталып жасалыпты. Бағана­ларды құрастыруда бірде-бір шеге, бірде-бір тұтқа қағылмаған. Ин­терьерін қоспағанда осының өзі мешіттің ерекшелігінен хабар береді. Сонымен қатар алдына отыр­ғызылған қара ағаш мешіттің жасын санап тұрғандай. Бұтақта­ры жер сүзіп жатыр. Әртүрлі түске боялған сыртқы көрінісі алыстан менмұндалап тұрады. Бі­лім­гер­лер енді мұнда жиі келіп тұра­ты­нын жарысып айтып жатты. Біз де қайта айналып келерімізге еш күмән келтірмедік.

Жақұтты Жаркент қаласында көнекөз мешітпен қатар жеті ға­сыр­дың куәсі Әулиеағаш бар. Қала­ға келіп тұрып, оған соқпай кету орны толмас олқылық. Тамыры тереңде жатқан алып ағашқа жеті адамның құшағы әрең жетеді. Басынан талай нәубетті өткізсе де, өз тұғырын сақтап қалған. Айна­ласындағы өзі тұрпаттас қара ағаштар қалқан болып тұрғандай. Айтпақшы, Әулиеағаш жайлы айтылатын аңыз-әңгімелер өте-мөте көп. Бір таңғалатыны, ағаштың жанында бір тамырдан таралған жеті бірдей жас ағаш өсіп тұр. Халық оны «Жеті ағайынды» деп атайды. Сол ағайындылардың діңінен тамшылап тұрған шипалы судан барлығымыз дәм таттық.

Соңғы аялдамаға да таяп қал­дық. Жүргізуші Іле жағасында са­лынған көне шаһарға барып тоқ­тады. Арнайы салынған ша­ғын қалашық қонақжай қазақ руха­ния­тының қаймағы іспетті. Қақпасы үнемі ашық жатады. Жаугершілік заманда соғысуға тиімді болу үшін бой көтерген қаланың көшірмесі бұл. Ішіне байырғы қазақ елінің салт-дәстү­ріне негіз болған дүние­лер жиналған.

Үш тәулікке созылған сапар­дың салтанаты осымен тәмам. Же­тісу – рухани өлке. Неге десеңіз, даңқты бабалардың табаны тиген топырақтың құнарлығы мен құн­дылығы ақынның жырына арқау болып, мәдениеттің мәйегіне айналды.

 

Жетісу облысы