– Жақында баспадан жаңа кітабыңыз шықты деп естіп едім, құтты болсын, – деді. Қаламгер маңғаздана бас изеді.
– Айтсын, айтсын.
– Тиражы, былайша айтқанда, қанша данамен шықты?
– Е, несін айтасың, тегі сол тиражға жарымай-ақ қойдық қой.
– Сонда да қанша данамен шықты дегенім ғой.
– Таздың биті санаулы деген, әйтеуірі жоқтан жоғары. Бес жүздің ар жақ, бер жағында.
Тілеулес серіктесі қынжылыс білдірді.
– Алдыңғы кітабыңыз да сол шамада шығып еді, бұл кітабыңыз да соның таз кепешін киген екен ғой.
– Әлбетте солай, әдебиет ауылында сондай бір қалыптасқан таз кепеш бар. Соны бір мен емес, күллі қаламгердің кітабы киіп жатыр. Айтпақшы, анау кезде шыққан сенің кітабыңның да данасы сол шамалас-ау деймін.
– Иә, дәл үстінен түстіңіз. Кітаптардың саны төбесінде тоғыз, самайында сегіз, желкесінде жеті бит тірлік кешкен таздың мехнаты тәрізді болып тұрған мына заманда қайтіп айымыз оңынан туа қойсын...
Әңгіме осы арада кілт үзіліп еді. Жаңағы сөзге екеуі де күлгенсіді...
Бұл оқыс бас қосқан екі немесе үш жазушының басындағы жай емес. Бұл бүгінгі қолына қалам ұстаған күллі қазақ жазушысының басындағы қалыптасқан жағдай. Сол үшін де мұны жекелеп, оңашалап қарауға болмайды. Кітап таралымы мәдени өміріміздегі өзегіне құрт түскен, жазылуы қиынға айналған қоғамдық құбылыс. Сондықтан мұны әлеуметтік сипатта қараған жөн. Демек, бұл мақаланың тақырыбы да, айтар ойы да, мақсаты да кітап тиражы туралы болмақ. Бұдан ары кітап саны, данасы демей, тираж деп жазғанды жөн көрдік. Басқасының бәрі түгенделіп, көлеңкеде қалған осы сөз ғана емес шығар...
Кейбіреулер айтады, негізі қазақ әдебиеті қай кезде болсын тиражға жарыған жоқ. Қай кезде болсын тартқан азап, көрген бейнетіміз осы тираж тапшылығы деп ой топшылайды. Бұл жөн емес, бұл біржақты шалағай пікір. Неге дейсіз ғой, негесі сол кешегі Кеңес үкіметі, қызыл қоғам тұсында кітаптардың тиражы көп болған. Жазушының әр шыққан кітабының тиражы 30-40 мың, кейде одан да әлденеше есе көп болған. Айтушылар кітаптың тиражы тым көп болуы себепті ақшасы да аста-төк болған деседі... Бір ғана мысал келтіре кетейін. Менің алғашқы кітабым «Адал ас» деп аталады. 1983 жылы «Балауса» баспасынан шықты. Тиражы – 30 000. Сол шақтағы әділқазылар алқасының төрайымы Ф.Оңғарсынова «..жақсы жазылған жинақ екен. Оқиғасы да қызықты, тартымды дүние екен. Міне, балалар әдебиеті деген осы. 50 000 данамен шығарайық...» деп уәж айтыпты. Бір қасқа бас «... бұл автордың тұңғыш кітабы екен. Сол жағын да ескерейік. 30 000 тираж да болып қалар депті. Ақыры сол қасқаның дегені болыпты. Кітап сол шамада жарық көрді. Менің ғана емес, сол шақтағы жазушы кітаптарының бәрінің де саны осы төңіректе болған.
Міне, әдебиетіміз осындай ит басына іркіт төгілген заманды да бастан өткерген. Тираждың тамырына тұз құйылып, құрыған кезі тәуелсіздік алған тұстан басталды. Еліміз қалай тәуелсіздік алды, сол шақтан бастап, әдебиетімізде «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама» басталды. Тәуелсіздік жылдары басқасын білмеймін, әдебиет үшін шын мәніндегі тоқырау, құлдырау жылдары болды. Көркемсөз өнері дамымады. Соның салдары болар осы Тәуелсіздіктің 30 жылында әдебиет майданында атойлап алға шыққан, адақтап көзге түскен қаламгерлер тобы қалыптаспады...
Кітап дегеніңіз шықпай қалды. Бұрындары аздап болса да шығушы еді. Енді оған да зар болдық. «Тоқал ешкі құдайдан мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылыптының» күйін кештік. Әупірімдеп жүріп, әрең шығарған кітапқа ақша берілмеді. Оның есесіне кітаптың өзін қоржыныңа сықап берді. Одан ары не болды дейсіз ғой, болғаны сол кітапты сөмкеге толтырып, көшеге шықтық. Балабақшаға бардық, мектеп жағаладық, түкке тұрмайтын қайдағы бір бастықсымақтарға барып, жағдай айтып, өзіңнің кім екеніңді таныстырып, жәркеленші болдық. Сөзімізге тұздық болсын, тағы да бір мысал келтіре кетейін. 2014 жылы Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен менің «Өшпейтін оттың жарығы» деген кітабым шықты. Тиражы – 500. Оның 100 кітабы қолға тимеді. 400 кітап тіршілік таразысына түсті. Әлгідегі шет-жағасын шығарып айтқан жайттар сол кезде бастан өткен. Енді сәл сабыр етіп, ойлап көріңіздерші, 400 кітап қай жыртыққа жамау болады? Қазақстанда 15 облыс, 200-ден астам аудан бар. Ал, шыққан кітаптың сұры анау. Сонда 400 кітап қаламгерді қай мұратына жеткізбек. Ашығын айтқанда, 400 кітап бір облыс, немесе жан-жағы ауылға толы бір ғана қалаға тиесілі дүние ғой. Жазушы Жұмабай Шаштайұлы «...біз шығармашылық қызығын көре алмайтын жазушылармыз. Біздің еңбегіміз еш, тұзымыз сор. Өйткені біз тарихтың өліара кезінде ғұмыр кешіп жатырмыз» деп айтып еді өзінің бір сөзінде. Жүкеңнің айтқаны рас. Оны бәрімізде қос қолдап қолдаймыз. Кітаптың таралымы анау болса, оған алған ақшаңның түрі анау болса, қайтып барқадар шегесің. Екі жыртық бір келіп, абыройыңның төгілгені сол емес пе? «Соқырдың тілегені екі көзі» демекші, қаламгердің де тілегені өзінің жазған әдеби дүниесінің бүгіні мен ертеңі, қала берді болашағы. Жазушы өз шығармасын жеке облыс, не болмаса шектеулі аймақ үшін жазбайды. Жазушының әр жазған кітабы күллі оқырманның рухани азығы, игілігіне айналуға тиіс.
Ал, сол жазғандарын ел сүйсініп, қызығып оқитын жазушы бар ма, бар болса, ол қандай кітаптар. Бұған жауап молынан табылады. Баспадан шыққан кітабы пышақ үстінде тарап кететін қаламгерлер баршылық. Жазушы бар, баспадан шыққан кітап та бар, өкініштісі сол, үмітімізді үзгендей етіп, алдыңда тұрған үлкен тас қамал бар. Ол кітаптың тиражы. Жазушы деген жанкешті халық. Оған кітап жаза қойшы, жазғаныңды оқуға дайынбыз деп, құлшынып тұрған ешкім жоқ. Әйтсе де, жазушы жаза береді. Жақсы жері сол жазушыларымыздың әрбір шыққан кітабын күнделікті баспа беті хабарлап жатады. Біз сол хабарламаны оқып, сонымен ғана шектелеміз. Ал, әлгі 1 000, не болмаса 2 000 яки 3 000 данамен шыққан кітап қайда, ол жағы тегі белгісіз. Әлгі айтылған кітаптарды ешбір кітап сөрелерінен таба алмайсың.
Кітапсүйер қауым жаңа кітаптың қанын жерге тигізбей талапайлап алып кетеді. Демек, оқырман бар деген сөз. Оқырман бар, ал кітап шіркіннің саны оны қанағаттандыра алмайды. Өкінішті...
Қазақ прозасының қара жорғасы Тұрысбек Сәукетай шығармалары да қасқалдақтың қанындай. Таба алмайсың. Сонымен басқаны білмеймін, мен өзім Түкеңнің кітабын сұрап үйіне бардым. Әңгімені айтпаса да түсінді. Бүгінгі әдебиеттің інжу-маржандары саналатын. «Желқайық», «Айқараңғысы», «Мен – жындымын» кітаптары қолға тиді. Бір емес, бірнеше кітабын алып, мол олжамен үйге қайттым. Ал, қабырғалы қаламгер Тұрлыбек Мәмесейіттің кітаптары қайда, еш жерден таппаған жайымыз бар. Сол секілді бүгінгі көрнекті жазушыларының Серік Асылбектің, Мереке Құлкеновтің, Тұрсынжан Шапайдың, Асқар Алтайдың, Жұмабай Шаштайұлының, Нұрдәулет Ақыштың, Қуандық Түменбайдың, Әлібек Асқардың, Қали Сәрсенбайдың, Жүсіпбек Қорғасбектің, т.б. талантты қаламгерлердің жазғандары республика көлеміне тегіс таралуға тиіс. Мақала көлемін ескеріп, мен бүгінгі қаламгерлердің шет жағын ғана жағалап шықтым. Ар жағында аты аталмаған апайтөс арыстар жетіп жатыр.
Құзырлы орын кітап шығарғанда белгілі бір мақсат, меже қойса жарасар еді. Мәселен, Қазақстан бойынша неше ауыл, неше қалашық, қала бар, неше кітапхана бар. Соның да бір есебін алған жөн ғой. Осы айтылған елді мекендерге ең құрығанда бір данадан кітап барса, жазушының кітабының саны әлденеше еселенер еді.
Бұл күндері қағази әдебиет азайып кетті. Кітаптар сан жағынан аз. Ал, оқығанға да, төрде сақтап қойғанға да қағази кітап жақсы. Әсіресе, жас балалардың оқуына өте ыңғайлы. Жанарын жасытпайды. Ойы тұнық, санасы сергек болады. Қағази кітап атадан қалған мұра. Біз сол мұраны жалғастыруымыз керек.
Міне, бұл күндері өстіп дабыл қағамыз. Соңыра электронды кітап қаптап кетті, бұл бала денсаулығына тым зиян, баланың ойын бұзып, санасын улайды. Сол секілді жанары ерте сөнеді дегенді де қосып қоямыз. Жағдайларға кім кінәлі, кінәлі түптеп келгенде өзіміз. Тиражы мардымсыз қағази кітап жетпей жатса, жас ұрпақ электронды кітап оқымағанда, не оқиды. Тегінде оқу мен білім керек қой.
Бұл айтылғандардан қорытынды шығару үшін не істеген жөн? Не істейтініміз де қол бұлғап, шақырып тұрған жоқ па? Оқырманды бұл тығырықтан құтқаратын жалғыз ғана жол бар. Кітап тиражын еселеп көбейту керек. Әр шыққан кітаптың орташа тиражы кем дегенде 10 000-нан төмен болмағаны жөн. 20 000-30 000-нан асса, нұр үстіне нұр жауғандай болар еді. Кітап мәселесі жолға қойылмай, ел өркениетке жете алмайды. Жаңа Қазақстанды ертеңгі жарқын болашаққа жеткізетін бір ғана нәрсе бар. Ол оқу мен білім. Ал, білімнің кеніші кітапта жатыр. Сол үшін кітаптар тиражын сәт сайын еселеп көбейтіп отыру бүгінгі заманғы басты міндеттердің бірінен саналады.
Дәнеш АХМЕТҰЛЫ,
жазушы
АЛМАТЫ