Қоғам • 28 Шілде, 2022

Алаяқтардың арбауына түскендер азаяр емес

422 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғаламторда отырып алып, халықтың қалтасын қағып, соқыр тиынына дейін алып кететін алаяқтарға қарсы күрес шаралары күшейгеніне қарамастан, оңай олжаға дәніккендердің саны сиремей тұр. Аңқау елге арамза молда болғысы келгендер жұртты түрлі тәсілдермен алдауын жалғастырып жатыр. Өкініштісі де сол...

Алаяқтардың арбауына түскендер азаяр емес

Жалпы, Қазақстанда интернет-алаяқ­тық 2017-2021 жылдар аралы­ғын­да өрши түсті. Айталық, 2017 жылы бұқара халықтың қалтасына түс­­­кендердің кесірінен 2000 қылмыс тір­­­келсе, бұл көрсеткіш жыл өткен са­йын үдеп, 2021 жылы 20 000-нан асып жығылды. Байқап отырсақ, төрт жылдың бедерінде қылмыс саны он есеге ұлғайып кеткен. Бірақ еліміз бойынша сақтандыру шаралары қолға алынғанымен, алаяқтардың арбауына түскендердің қарасы азаймай тұрғаны қапаландырады.

Соңғы жылдары елдің санасы оянды ма, әлде басқа бір факторлар әсер етті ме, кім білсін? Әйтеуір интернет-алаяқтық санатындағы қылмыстардың саны 18 пайызға төмендеген деген дерек бар. Бұл – республикалық көрсеткіш. Ал Жамбыл облысында жағдай қалай? Облыста алаяқтармен күрес лайықты деңгейде іске асырылып жатыр ма? Деректерге сенсек, жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұл санат­та­ғы қылмыс түрлері Жамбылда да едәуір төмендеген екен. Әйтсе де, халықтың 37 миллион теңгесін қалтаға басқысы келген күдіктілер бүгінде тергеліп жатыр. Жақында ғана олардың жолы қиылған болатын.

«Ішкі істер министрлігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде осы жылдың есепті мерзімінде қылмысты ашу жұ­мыс­тары оң нәтижесін бергеніне тоқ­талғым келеді. Жамбыл облысының по­лиция департаменті қызметкерлері интернет-алаяқтық фактілерінің 44 пайызға немесе 270-тен 150-ге дейін тө­мен­дегенін хабарлады. Мұның бәрі тәр­тіп сақшыларының жедел әре­кет­терінің арқасында мүмкін болып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл ба­ғыт­­тағы жұмыс алдағы уақытта да жал­­ғасын табады», дейді Ішкі істер ми­нистрлігі криминалдық полиция де­партаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай жағдайды түсіндіріп.

Ведомство өкілінің айтуынша, таяу­да ғана 37 миллион теңгені жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тер­геу жұмыстары қолға алынған. Нәти­же­сінде, көп ұзамай ұйымдасқан қыл­мыс­тық топ қолға түскені белгілі болды.

«Тараз қаласының тұрғынынан 37 миллион теңге көлемінде қаражатты алдап жымқыру фактісі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өткім келеді. Қылмыстық істі тергеу жұ­мысына Ішкі істер министрлігінің кибер­қыл­мысқа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері айрықша атсалысқан болатын. Оларға Павлодар облысы мен Алматы қаласындағы әріптестері барынша қолдау көрсеткенін айта кеткен ләзім. Бірлескен әрекетінің, жемісті жұмыстың арқасында құрамында он бес адам бар қылмыстық топ құрықталды. Олардың Ресей Федерациясының және Қазақстанның азаматтары екені анықталды. Бір сөзбен айтқанда, халық­ты қанағысы келген алаяқтар алысқа ұзап кете алған жоқ. Бізді қуантатыны да сол. Жалпы, аталған топтың мүше­ле­рі бір емес бірнеше қылмыстық іске қатысы бар болуы мүмкін. Алдағы уа­қыт­та осы мәселе зерделенбек», дейді Жандос Сүйінбай.

Интернет-алаяқтық әрекеттердің сан түрлі жүйесін меңгеріп алғандар көбінесе қарапайым халыққа әлеуметтік желілер арқылы психологиялық шабуыл жасайтыны белгілі. Олар бірінші кезекте әлеуметтік желілер арқылы жеңіл табыс табудың жолдарын ұсынатын жарнамалармен елдің миын ашытады. Осылайша, олар халықтың қалтасына түсудің жоспарын құрады. Ал тумысынан аңғал қазекем алаяқтардың айт­қанына көніп, айдауында кетіп жататыны жаға ұстатпай қоймайды. Түсін­діру жұмысы жүргізіліп жатқанына қа­рамастан, қарапайым халық алаяқ­тар­дың «ертегісіне» илануын тоқтатар емес.

«Халық телефон арқылы банктік мекемелердің атынан келетін кез келген хабарламаға айрықша назар аударып, қайта тексеріп отырғаны дұрыс. Рұқсат етілмеген операцияларды бұғаттау үшін телефон арқылы бейтаныс адамдардың бірінші талабы немесе ұсынысы бо­йынша банктік деректемелерді немесе SMS-хабарламалардың кодтарын жазып алудың, өзге жинақтарын банктің қандай да бір шотына аударудың еш­қан­­дай қажеті жоқ. Өз атыңызға кар­та­ны, абоненттік нөмірді ашу, оның ішінде осындай әрекеттерге басқа адамдарды тарту ұсынылады. Кей­бір жағдайларда телефонға банкинг орна­туды немесе карталарды басқа адам­дарға беруді сұрайды. Кейіннен көрсетілген карталар мен абоненттік нөмірлерді алаяқтар ақшаны алу үшін пайдаланады. Осындай оқиғалар орын алған кезде сауысқандай сақ болған жөн», дейді ол.

Расында да, интернет арқылы елдің есін шығаратын алаяқтардың әре­кет­теріне тосқауыл қою бойынша түр­лі жұмыстар атқарылып жатыр. Әйтсе де, халық сауатты болмайынша алаяқтардың ақ дегені алғыс, қара деге­ні қарғыс болып қала бере ме деген қауіп те жоқ емес.

 

Жамбыл облысы