04 Мамыр, 2014

Атырау волейболшылары Азия чемпионатының күміс жүлдесін алды

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау волейболшылары (1)

АТЫРАУ. 4 мамыр. Атыраудың мүгедек спортшыларынан құралған волейболшылар командасы Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Бұл туралы «Мүгедектер» спорт клубының директоры Бауыржан Тахауов хабарлады. Мүгедек волейболшылар командасы волейболды отырып ойнайды. Атыраулық мүгедек спортшылардан жасақталған бұл команда еліміздің намысын халықаралық сайыстарда бірнеше жыл қатарынан абыройлы қорғап келеді. Бір ерекшелігі, волейболды отырып ойнаудан ел құрамасы атыраулық мүгедектерден жасақталған. Жақында Иранның Мешхед қаласында өткізілген Азия чемпионатында ел намысын тағы абыройлы қорғаған аталған команда мүшелері күміс жүлдеге ие болды. «Мүгедектер» спорт клубының директоры Бауыржан Тахауовтың айтуынша, ел құрамасы Азия чемпионатында Моңғолия, Жапония, Ирак құрамаларынан басым түсіп, ақтық бәсекеде Иран елінің командасымен кездесіпті. Бірнеше рет әлемдік бәсекелерде топ жарған ирандық волейболшыларға ғана есе жіберген атыраулық мүгедек волейболшылар енді Польшада өтетін әлем чемпионатына берілетін үш жолдаманың бірін ұтып алды. Әлем чемпионаты маусым айында өткізілмек. «Ал күзде Кореяда өтетін Рио-де-Жанейродағы параолимпиадалық ойындарға лицензия беретін сайыстарға қатысамыз. Сол сыннан параолимпиадалық ойындарға қатысу жолдамасына ие болуды көздеп отырмыз»,–дейді Б.Тахауов. Жолдасбек Шөпеғұл. Дереккөз: Атырау «Мүгедектер» спорт қоғамы. Фото: Атырау «Мүгедектер» спорт қоғамы.