Интеграция – елдер үшін игілік
Бүгінгі күні дүниежүзінде екі жүзге таяу интеграциялық бірлестіктер жұмыс істейді. Олардың арасында Еуропа Одағы, солтүстікамерикалық NAFTA, оңтүстікамерикалық MERCOSUR, АТЕС, БРИКС секілді әлемдік экономикалық даму үрдістеріне ықпал жасайтын алпауыт ұйымдар бар. Осыған қарап-ақ уақыт алға жылжыған сайын төрткүл дүниедегі интеграциялық өзара іс-қимыл мен экономикалық әріптестік әлеуетінің одан әрі нығайып, бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер өндіру мен сервистік қызмет көрсету бағыттары бойынша ортақ рынок қалыптасқанын айқын аңғаруға болады. Осындай толқынның алдыңғы қатарында белсенді қатысушы ретінде танылған Қазақстан Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік жүйесінде өз орны мен әріптестік іс-әрекетін жандандырып келеді. Шекаралық аймақта орналасқан Солтүстік Қазақстан облысы Ресей өңірлерімен сыртқы экономикалық, сауда-саттық қызметінде үлкен басымдыққа ие. Төменде осы жөнінде әңгімеленеді. Нелли КУКУШКИНА, кәсіпкерлер палатасының директоры: – Елбасы биылғы Жолдауында дамыған 30 елдің қатарына кірудің стратегиялық жоспарын ұсынып, күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында алға ілгерілеу жолдарын белгілеп берді. Олардың ішінде басым бағыттар бойынша шағын және орта бизнеске ерекше екпін түсіріліп, Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі деген тұжырым жасалды. Бүгінде елімізде жұмыс істейтін 800 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне 2,4 миллиондай адам тартылған екен. Осыған қарап-ақ индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудағы пәрменді рөлін бағамдай беруге болады. Бір-бірімен шырмауықша шырматылған әлемдік қауымдастық жаңа мемлекеттермен толығып, интеграциялық байланыстар жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысының 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де экономикалық өзара қарым-қатынастарға негізделген бірлестік құру жөнінде идея айтып, бастама көтергені бәріміздің есімізде. Содан бері Қазақстан осы үдерістің бастаушысы әрі белсенді қатысушысы бола жүріп, бүгінгі күні 170 миллион адамдық кең ауқымды рынокта өмір сүріп отыр. Осы кезең аралығында солтүстікқазақстандық бизнес субъектілері де сан жағынан өсіп, Біртұтас экономикалық кеңістікке ену барысында бәсекеге қабілеттілік талаптарын біршама игеріп алғаны байқалады. Өйткені, олар ресейлік әріптестерімен жиі байланысқа түседі. Көрші елде кәсіпкерлер қатаң тәртіпте жұмыс істейді. Маркетингтік қызмет, салық жүйелері жетілдірілген. «Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заң қабылданып, елімізде алғаш рет кәсіпкерлер үшін міндетті мүшелікке негізделген ұйым пайда болды. Осылайша, бизнестің мемлекетпен диалогтағы өкілдігіне көптеген өзгерістер енгізілді. Бұл бір жағынан, мықты қаржылық қолдауды қамтамасыз етсе, екінші жағынан, кәсіпкерлік қызметке қатысты туындайтын кез келген мәселелерді заңдық тұрғыдан шешуге, мүдделерін қорғауға жәрдемдеседі. Облыста 21 мыңға жуық бизнес субъектілері тіркелсе, олардың жүз шақтысы ғана сауда-өнеркәсіп палатасына мүше болып келді. Мұндай жағдайда туындаған проблемаларды шешуде елеулі қиындықтар туатын. Енді аталмыш заң бизнес өкілдерінің билік орындарымен келіссөздерін жақсартуға басымдық береді. Бізге арыздар жиі түсіп жатады. Солардың бірінде ауыл шаруашылығы саласында жүрген кәсіпкерлер экологиялық тәртіп бұзушылық жөніндегі заңның тым қаталдығына шағымданады. Енді мұндай мәселелерді өңірлік палаталар шеше алады. Болмаса ауылдық жерлерде тұратын бизнес өкілдерінде консалтингтік, заңгерлік компания да, бухгалтерлік фирма да жоқ. Алда-жалда салық төлеуде немесе қандай да даулы мәселе туындаса, көмекке дайынбыз. Отандық тауар өндірушілер тарапынан Ұлттық компанияларға айтылатын реніштер аз емес. Мәселен, Петропавл қаласында электр оқшаулағыш материалдар шығаратын екі кәсіпорын бар. Сапасы жоғары. «Қазақстан теміржолы» АҚ бұл өнімдерді шетелдерден сатып алады. Алдағы уақытта осындай жайттарға да назар аударатын боламыз. Бизнес субъектілеріне пост-терминалдар енгізу жөнінде нормативтік акт қабылданғаны белгілі. Алайда, ешкім ауылда орналасқан бизнестің банктің келісімде көрсеткен айналымдарды жасай алмайтындығына мән бермеді. Ұлттық кәсіпкерлік палатасының наразылығынан кейін Үкімет бұл тұжырымдаманы қолдануды 1 шілдеге дейін шегерді. Себебі, шағын кәсіпкерлік талапты орындай алмаса, банк одан пост-терминалды алып қояды. Ал, пост-терминал жоқ болса, салық органдары айыппұл төлеттіреді. Мәди ХАСЕНОВ, кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы: – Біз интеграция ғасырын бастан кешіріп отырмыз. «Араласпаса, ағайын да жат болады» демекші, бүгінгідей жаһандану заманында оқшауланып өмір сүретін елдерді кездестіру қиын. Сол себепті әріптестік әлеуетімізді тиімді пайдалану жолдарын талмай іздестіре отырып, іскерлік қарым-қатынастарды жетілдіре түссек, сауда-саттық та күшейеді, инвестициялық, интеграциялық өзара іс-қимылымыз да жоғарылайды. Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына жатады. Үш мемлекет арасында Біртұтас экономикалық кеңістік /БЭК/ жүйесі орнағалы осы үрдіс одан әрі өрістеп, шағын және орта бизнес субъектілерінің өзара үйлесімділігі қамтамасыз етіле бастады. Өйткені, шағын және орта бизнес экономикамыздың қозғаушы күші екені айтпаса да түсінікті. Ол бірінші кезекте тауарлардың, қызметтердің, еңбек ресурсы мен капиталдың маңызды жақтарын қамтып, еркіндік пен қолжетімділік, фирма және салааралық интеграциялық басым бағыттарымен сипатталады. Соңғы кездері инновациялық өнімдерді экспорттау, өндірістік жобаларға қатысу, шетелдік компаниялармен біріккен кәсіпорындар құру маңыздылығының арта түскенін аңғаруға болады. Бүгінгі күні Ресей және Беларусь мемлекеттерімен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, басқа да салалар бойынша байланыс аясы тіпті кеңіді. Өңірдің 30 кәсіпорны өз өнімдерін жүйелі экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Атап айтатын болсақ, «С.Киров атындағы зауыт» Бүкілресейлік автоматтандыру және байланыс ғылыми-зерттеу институтымен микропроцессорлық блоктау жүйесінің бағдарламалық қамтамасыз етілуін және кешендік локомотивтік қауіпсіз қондырғыларын әзірлеу мен жеткізу бойынша, сондай-ақ, осы жабдықтарды шығару кезінде ғылыми-әдістемелік басшылықты жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты бірнеше жылдан бері жалғастырып келеді. «ЗИКСТО» АҚ Мәскеу қаласындағы «Промтехэксперт» мекемесімен бірлесіп, жүк вагондарының пайдалану мерзімін ұлғайту мақсатында оларды техникалық диагностикалау жұмыстарын аяқтауға жақын. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «ХИМПЭК» Орал холдинг компаниясымен бірлесіп, өндіріске ғылым мен техника жетістіктерін, инновациялық жобаларды жеделдетіп енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына қазақстандық, ресейлік кәсіпорындар үлкен қызығушылық танытып отыр. «Сұлтан» ЭММК» АҚ Қызылжардың сапалы бидайынан жасалған макарон өнімдерінің 40-қа жуық түрлерін алыс-жақын шетелдерге жөнелтеді. Сол сияқты «Богатырский продукт», «Надежда» серіктестіктерінің өнімдері де үлкен сұранысқа ие. Светлана САВИНКОВА, кедендік бақылау департаментінің бөлім жетекшісі: – Біртұтас экономикалық кеңістік экономиканы реттеудің біртектес механизмімен жұмыс істеу, келісілген саясат жүргізу, тауарлардың, қызметтің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету деген ұғымды білдіреді. Кеден одағына енуге орай кеден заңын реттейтін негізгі құқықтық акт – «Кеден ісі туралы» Кодекске өзгерістер енгізіліп, Үкіметтің жиырмадан астам қаулысы қабылданды. Одақ қарамағындағы үш мемлекет арасында тауарлар мен қызметтер шекарадан төлем ауыртпалығынсыз және қағазбастылықсыз өту үшін бизнесті оңтайландыру жолдары рәсімделді. Сөйтіп, кәсіпкерлерге өз тауарларын өткізу нарығы әлдеқайда кеңіді. Сонымен қатар, олардың Ресей мен Беларусьтегі әріптестерімен еркін бәсекелестікте кәсіби деңгейін жоғарылатуға деген ынта-жігері мен іске деген жауапкершілігі күшейтілді. Кедендік шекара Кеден одағының сыртқы шекарасына көшірілгеннен кейін солтүстікқазақстандық кеденшілердің міндет жүгі біршама жеңілденді. Қайта құру үдерістерінен кейін 11 кедендік бекеттің қызметі тоқтатылды. Керісінше, ішкі үш бекеттің жұмысы негізінде астық өнімінің экспорты мен қажетті тауарлар импортын кедендік рәсімдеу бағытындағы шаралар күшейтілді. Қызылжар өңірінің экспорттаушы кәсіпорындар үшін Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырудың қолжетімділігі арқасында Еуропа елдеріне қосымша шығу мүмкіндіктері ашылды. Кеден одағына қатысушы елдердің тауар айналымындағы өңірдің жалпы үлесі 75 пайызға жуық. Былтыр сыртқы тауар айналымы 628,4 миллион АҚШ долларын құрады. Облыста шығарылатын өнімдер мен тауарлар әлемнің 30 мемлекетіне тарайды. Экспорттың 63 пайызы ТМД елдеріне тиесілі. Өткен жылы 320 миллион доллардың 1,348 миллион тонна сапалы астығы, 46 миллион доллардың 163 мың тонна ұн өнімі 13 елге жөнелтілді. Импорт бойынша 46 елмен байланыс жасалынады. Олардың ішінде Германия, Украина, Қытай басымдыққа ие. Департамент жұмысында кеден ісіндегі түрлі құқық бұзушылық пен қылмыстарды болдырмауға, алдын алуға да үлкен мән беріледі. Былтыр 29 қылмыстық оқиға тіркелсе, 23-і экономикалық контрабандаға қатысты болды. 5,5 миллион теңгенің заңсыз тауарлары тәркіленді. 36 әкімшілік заңсыздық орын алып, 5,8 миллион теңге айыппұл салынды. – Бұл ретте басты әріптес ретінде Ресей Федерациясы аталатын болар? С.Савинкова: – Әрине. Ресеймен тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 2013 жылы 5 пайызға өсіп, 702 миллион долларға жетті. Бұл ретте экспорт 36 пайызға артып, 66 миллион доллар болды. Импорт 2 пайызға көбейіп, 636 миллион доллардан асып жығылды. Көрші елге негізінен бидай мен ұн экспортталады. Жыл өткен сайын оның өсімі молайып келеді. Бидай көлемі – 12,5 пайызға, ұн 40 есеге артты. Ал, Ресейден машиналар, көлік құралдары, құрал-жабдықтар, химия өнеркәсібі бұйымдары, өсімдік майлары әкелінеді. Н.Кукушкина: – Ресейдің шекаралас Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен ынтымақтық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, денсаулық сақтау, білім, тағы басқа салалар туралы жасалған келісімдер негізінде жүргізіледі. Ресми делегациялармен тәжірибе алмасу барысында бір-бірімізден үйренеріміз көп. Былтыр Қорған, Түмен облыстарының бизнес делегациялары жұмыс сапармен болып, ықтимал серіктестіктер арасында байланыс биржасы ұйымдастырылды. Облыс іскерлік топтарының Калуга қаласына сауда-экономикалық миссиясы табысты орындалды. А.Хасенов: – Солтүстік Қазақстан және Ресей Федерациясының кәсіпорындары арасында қол қойылған құжаттар арасында өзара тиімді тауарлар жеткізуге және қызметтер көрсетуге бағытталған шаралар аясы кең. Қол қойылған меморандумдар шеңберінде «Қазмұнайгазмаш» АҚ мұнай және газ тасымалы үшін жинақталымдарын жеткізу және ұңғыма аузының құрал-жабдықтары мен құбыр арматураларын өндіру жөнінде Қорған қаласының «Корвет» ААҚ-мен, мұнай және газ тасымалы үшін құбыр арматураларын жеткізу жөнінде Түмен қаласының «Нефтемаш» ААҚ-пен уағдаластық орнатты. «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» АҚ Омбы, Қорған, Ишим қалаларына полиэтилен және қысымды су құбырларымен қамтамасыз етуге келісті. Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың табыстылығы, пайдалылығы еш талас тудырмайды. Жүргізілген мониторингтік талдауға қарағанда, шетелдік кәсіпкерлердің өз тауарлары мен өнімдерін Қазақстанға орналастыруға деген ынтасы жоғары. Әсіресе, шекаралық аймақтарда өзара байланыстың күрт өскені аңғарылады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше