Аймақтар • 28 Шілде, 2022

Адам жұтқан арна: Шомылу маусымында төрт азамат мерт болды

148 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шомылу маусымы басталғалы бері жұрт өзен-көлдер мен бассейндерді, каналдарды жағалап кететіні мәлім. Оңтүстіктің аптап ыстығында қарапайым халық тау суына түсіп, салқындайтыны бар. Бірақ олар қай жерлерде суға түсуге рұқсат етілгенін біле бермейді. Содан да болса керек, ағысы қатты суға түскен адамдар мерт болып жатыр. Қысқасы, шомылу маусымы кезінде Жамбыл облысында кісі шығыны азаймай тұр.

Адам жұтқан арна: Шомылу маусымында төрт азамат мерт болды

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жамбыл ауданына қарасты Жас­өрк­ен ауылында болған оқиға жан түр­­шік­тіреді. Ағысы қатты тау суына түс­­кен 7 жасар немересін құтқаруға ұм­тылған 61 жастағы қария да не­ме­ре­сімен бірге бақиға аттанды. Бұл – өңірде кездесіп отырған алғашқы кісі өлімі емес. Мұндай жағдай бұған дейін де болған еді. Ал дәл осы жағдайға құз­ырлы мекемелер қаншалықты да­йын болды? Облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Мәделіұлының айтуынша, оқиға кезінде төтенше жағ­дай­лар департаменті мен өзге де жа­уап­ты ме­кемелер міндетін лайықты ат­қар­ма­ған.

«Жасөркендегі қайғылы жағдай бәрімізді өкіндірді. Жағдайдан хабардар болған соң, облыс әкімінің тапсырмасымен оқиға орнына бардым. Алдымен мәселенің мәнісіне қанығу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментіне атбасын бұрдым. Мекемеге бармас бұрын күн жексенбі болғандықтан, департамент басшысына телефон соқтым. Үш-төрт мәрте қоңырау шалғаныма қарамастан, Ермек Момбаев тұтқаны көтермеді. Ал жауапты мекемеге жеткен соң, ғимарат ішіне кіре алмай дал болдым. Сыртта жарты сағаттай уақыт жоғалтқаннан кейін жауапты кезекшіге жағдайды түсіндірдім. Ол 74 адам жұмылдырылғанын, техника жеткілікті екенін айтты.

Мамандар жағдайды түсіндір­ге­німен, әлеуметтік желідегі халықтың шуы басылмады. Кезекшіден басшыға хабарласуын өтініп едім, ол мүмкіндігі жоқ екенін алға тартты. Облыс әкімінің кеңесшісі жауапты кезекші басшыға хабарласа алмаса, қарапайым халық оған қалай мұңын айтады? Бұдан кейін басшының орынбасары Мақсат Қосыбаевқа қоңырау шалдым. Ол да тұтқаны алмады», дейді Н.Мәделіұлы.

Оның айтуынша, департамент басшысы ақпаратты жауапты кезек­шіден алып отырған. Кейін өзі оқиға орнына жедел жетіп, жағдаймен та­нысқан.

«Оқиға орнына жеткен кезде жүздеген адамның мәйітті іздеп жатқа­нын көрдім. Төтенше жағдайлар де­пар­таментінің қызметкерлері де жұ­мыс істеп жатқанын аңғардым. Құт­қарушыларға ешқандай өкпеміз жоқ. Бір анығы, екі күн бойы 300-400 адам су жағалап, өз-өзімен жүр екен. Оларды бақылап жатқан жергілікті атқарушы билікті, басқа да жауапты азаматтарды көз шалмады. Ал маман жігіттермен сөйлессем, олар: «Судың деңгейін төмендету керек. Облыс әкімі Қырғыз Республикасындағы азаматтарға хабарлассын» деп қарап тұр. Бұл тиісті департамент тарапынан лайықты штаб құрылмағанын, алгоритмнің жоғын білдіреді. Тиісті мекеме басшыларының бар­лығына қоңырау шалғанда олар қандай шара қолданатынын білмей дал болды. Ал қыздың денесі 18.10 шамасында табылды. Алғаш болып суға түскен ерікті азамат сол жерде жарақат алды. Ақиқаты сол, оқиға орнында ұйым­дастыру жұмыстары ақсап тұр­ғаны айқын байқалды. Жұмылған жұ­ды­рықтай біріге алмадық. Жедел жәр­дем қызметі де келмеген», дейді өңір басшысының кеңесшісі жағдайды түсіндіріп.

Әкім кеңесшісінің сөзіне сенсек, оқиға орнына уақтылы келген бірде-бір полиция қызметкері болмаған. Учаскелік полиция қызметкері мен ауыл әкіміне оқиға орнында жүрген азаматтардың өздері жағдайды хабарлап отырған екен.

«Біз кішкентай қыздың денесін таптық. Сіздер қайда жүрсіздер?» деп оларға хабарластық. Жарты сағаттан кейін ауыл әкімі, шамалы уақыттан соң учаскелік полиция қызметкері келді. Мәйіт табылғаннан кейін жедел тергеу тобы бір жарым сағаттан кейін ғана жетті. Одан соң аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары оқиға орнынан табылды. Осылайша, әркім өз бетінше жүрді. Басымыз содан кейін ғана бірікті. Бәріміз барымызды салып жұмыс істегенімізбен, басымыз тым кеш қосылды. Еріктілерге алғысым шексіз. Олар аянған жоқ», дейді ол ашынып.

Жағдаймен жіті танысқаннан кейін таңғал­масқа шарамыз қалмады. Кейін­нен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаевты әңгімеге тарттық.

«Биылғы шомылу маусымында төрт адам­ның өлімі тіркелді. Оның екеуі ересек адам болса, екеуі – ба­ла­­. Жалпы, шомылу маусымы бастал­ғалы бері төтенше жағ­дай­лар комис­сиясының отырысында мау­сым­ға дайындық барысы пысық­талып, туындаған сұрақтар жан-жақты зерделенді. Аудандар мен қала әкімдеріне тиісті деңгейде тапсырмалар берілген. Бүгінде Тараз қаласында «Зербұлақ» көлінде ғана шомылуға рұқсат етілген. Ол жерде жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатқандықтан, рұқ­сат етілген өзге орын жоқ.

Тыйым салынған жерлердің бәріне тақтайшалар орнатылған. Онда ескерту мәтіні жазылған. Тапсырманың орындалуын арнайы ұйымдастырылған тексеру кезінде қадағалап отырамыз. Бүкіл қаланы қадағалау оңай емес. Аптап ыстыққа байланысты ха­лық рұқсат етілмеген жерлерде шомылуды бастап кетті. Бір емес екі бірдей мобильді топ құтқарушылармен бірлесіп, арнайы құралдарын, ескерту материалдарын алып, күнделікті ала таңнан қара кешке дейін Аса және Талас өзенінің бойында жүр.

Біздің ғимарат режімдік мекеме саналады. Демалыс күндері қақпа құлыптаулы тұрады. Өйткені талап сондай. Облыс әкімінің кеңесшісі асығыс болған шығар, бәлкім, кезек­ші­лер дер кезінде аша алмаған болуы ықтимал. Қазір жағдайды анықтап, мамандармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ал түнгі уақыттағы мәселеге келсек, министрлік бекіткен алгоритм­ге сәйкес, іздестіру жұмыстары күн жа­рық уақытта жүргізіледі. Ол жеке құ­рамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шара екені рас. Қараңғыда судың астын­да­ғы мәйітті көру мүмкін емес. Ми­нис­трдің бұйрығы қалай да орындалады. Қызметкерлердің де ата-анасы, отбасы бар екенін ұмытпаған жөн. Қыздың мәйітін тапқан жігітті облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес алдағы күндері марапаттаймыз», дейді Мақсат Қосыбаев мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Жасөркендегі тау суы тасқындап аққан каналда осылайша екі адам мерт болды. Оқыс оқиға жауапты меке­ме­лердің дайындығы төмен екенін аңғартқан сияқты. Маусым басталғалы төрт адамның бақиға аттанғаны ойландырмай қоймайды. Ал Жасөркендегі каналды жұрт: «Адам жұтқан арна» атап кетті.

 

Жамбыл облысы