Аймақтар • 29 Шілде, 2022

СҚО-да пара алған көлік инспекторы сотталды

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында 100 мың теңге пара алған көлік инспекторлары 6 жылға қамалды. Ал қарамағындағы екі қызметкері сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін көліктік бақылау инспекциясының басшысы сөгіс алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да пара алған көлік инспекторы сотталды

СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көліктік бақылау инспекциясы автокөлікте бақылау бөлімінің екі бас маманына қатысты қылмыстық істі қарады. Көлік инспекторлары 100 мың теңге парамен ұсталған еді.

Еске сала кетейік, былтыр облыстың көліктік бақылау инспекциясының Байзақ және Сәрсенов деген екі бас маманы Петропавл-Мамлютка автожолының көлік басқару пунктіне тәуліктік ауысымға түскен. Жұмыс барысында олар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің біріне тиесілі транзиттік Камазды тоқтатып, 100 мың теңге пара талап еткен. Сол үшін инспекция мамандары жүк көлігінің кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасамақ болған.

Қылмыстық іс айыпталушылардың кінәсін толық мойындауына байланысты жеделдетілген тәртіпте өтті.

Петропавл қалалық соты 8 сәуір күні Байзақ және Сәрсеновты мемлекеттік қызметте өмір бойына қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, көліктік бақылау инспекциясында сыбайлас жемқорлықпен күрес тиісті деңгейде жолға қойылмаған. Салдарынан бұл ведомствоның мамандары жыл сайын парамен ұсталып келеді. 2020 жылы Мұқанов 3 жылға, 2021 жылы осы Мұқановтың тікелей бастығы Мағзұмов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері жылжымалы бақылау пункттерінде кезекшілік атқару кезінде бейнеожетонды немесе мобильдік зияткерлік бақылау құралын пайдаланбайтындығы анықталды.

Осылайша қызметкерлердің әрекеттері (әрекетсіздігі) аудио, бейнежазба арқылы тіркелмейді. Көліктік бақылау инспекциясы басшылығы және арнайы құралдар арқылы онлайн режимінде қызметкерлердің жұмысына мониторингті жүзеге асыратын Комитеттің ахуалдық орталықтары кезекшілері тарапынан бақылаудың толық болмауы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға себеп болған. Жүйелі түрде жасалып келген сыбайлас жемқорлықты жою үшін бірнеше ұсынымдар берілді», дейді Нұрлан Жахин.

Ұсынысты қарау нәтижелері бойынша өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін көліктегі бақылау бөлімінің бас маманы В. Морозов сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қарамағындағы қызметкерлердің жұмысына ведомстволық бақылаудың жоқтығы үшін Инспекция басшысы Р.Сейталин де сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.