Елімізде әр адамның заң алдындағы теңдігі мен сот әділдігінің артуына мұрындық болар заңның жаңа жобасы әзірленді. Көптен айтылып келе жатқан бұл Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы соттардың азаматтық істерді қарау сапасын, тиімділігін, шапшаңдығы мен мінсіздігін арттыруды қамтамасыз етуге негіз болуға тиіс.
Соған орай Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел шарасы да өткізіліп үлгерілді. Заң жобасын жетілдірудің негізгі бағыттары бойынша Бас Прокурордың орынбасары Ж.Асанов, Әділет министрінің орынбасары З.Баймолдина, ғалымдар мен шетелдік сарапшылар өз пікірлерін ортаға салды. Жобада азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу көзделген. Атап айтқанда, азаматтық істерді қарау тараптардың жарыспалы сөз сөйлеуі үдерісінде жүргізіліп, судьяның сот талқылауына негіз болған мәселені бақылаудағы құзыреті аздаған деңгейде ғана сақталады екен. Осылайша Кодекстің жаңа редакциясында сот ісіне қатысушылар мен судьялардың процессуалдық құқықтары мен міндеттерінің шынайы теңгерімі көзделген.
Дауларды реттеудің соттан тыс тетіктерін дамыту үшін жекелеген санаттар бойынша «Дауларды соттан тыс реттеу» атты жаңа тарау енгізілген. Кассациялық сатыдағы соттың істерді апелляциялық сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберу үрдістері азайтылды. Мұндай ереже барлық сот сатыларында мемлекеттік баждың енгізілуімен үйлеседі. Татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану және азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерін іске асыру мақсатында жобада дауды бейбіт реттеуге ықпал ету де көзделеді. «Татуластыру рәсімдері» атты бөлек тарауда медиация тәртібімен дауды шешуге бағытталған бітімгершілік келісімдер мен шарттар жасаудың рәсімдері мен салдарын егжей-тегжейлі реттеу қарастырылады.
Бұған қоса, жобада азаматтық істерді қарау тәртібін жеңілдетуге, соның ішінде соттар қызметінде техникалық құралдарды кеңінен қолдану арқылы оңайлатуға бағытталған ережелер бар. Көзделіп отырған барлық шаралар халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз топтарының мүддесін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, қабылданатын болады. Бұл орайда судьялар Ұ.Сүлейменованың, Н.Мамонтовтың және Қарағанды облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрайымы Ж.Сейдалинаның баяндамалары азаматтық сот өндірісінің міндеттері мен қағидаттары, Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасының жалпы ережелері, бірінші сатыдағы сот өндірісі мен сот актілерін қайта қарау мәселелеріне арналды. Ал аталған шараға Жоғарғы Сот және жергілікті соттар судьялары, Конституциялық Кеңес мүшелері, Бас прокуратураның, Судьялар одағының, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысты.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».