05 Мамыр, 2014

Хоккей. Қазақстан құрамасы Францияға екі рет ұтылды

224 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

05-05-14-hokkei-kazakhstan-1

АСТАНА. 5 мамыр. Бүгін түнде Қазақстан құрамасы француздың Руан қаласында әлем чемпионаты қарсаңындағы дайындық сериясы ретінде Францияның бас командасымен жолдастық кездесу өткізіп, аталмыш жамағаттан қатарынан екінші жеңілісіне ұшырады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Кездесу 3:5 есебімен аяқталды. Матчта қазақстандық Роман Старченко есеп ашқаннан кейін, француздар Виталий Еремеевтің қақпасын төрт рет дәл көздей білді. Мұны Тедди Да Коста, Антони Гюттиг және екі дүркін Жюльен Дерозье жасады. Ойынның үшінші кезеңінде біздің жасаққа Старченко мен Талғат Жайлауовтың голдары арқылы есепті қысқартудың орайы келді. Ал соңғы нүктені француз Дамьен Флери қойды. Еске сала кетейік, бұл командалардың бұдан бір күн бұрын өткен бірінші жолдастық кездесуінде француздар 3:1 есебімен басым түскен болатын. Қазақстандықтар құрамынан жалғыз шайбаны Старченко салды. Осы тұста біздің команда 0:2 болып ұтылып тұрған еді. Қақпада Алексей Ивановтың тұрғанын да айта кетейік. Тағы да еске сала кетейік, мұның алдында Қазақстан құрамасы Италия командасымен де екі жолдастық кездесу өткізген. Оның бірінші матчында біздің жерлестеріміз 1:3 болып ұтылса, екіншісінде 4:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Үстіміздегі жылғы элиталық дивизиондағы әлем чемпионаты 9 мамыр күні Беларусьтің астанасы – Минск қаласында басталады. Онда Қазақстан құрамасы «В» тобында Финляндмя, Ресей, АҚШ, Швейцария, Германия, Латвия және Беларусь құрамаларымен күш сынасады. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: sports.kz.