Өнер • 31 Шілде, 2022

Қазанғап пен Сәдуақас

2726 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақтың рухани әлеміндегі шоқтығы биік өнер саласы – күй туралы зерттеу еңбектерін аз деуге де, көп деуге де болмас. Қазақ өнертануының атасы, белгілі академик – Ахмет Қуанұлы Жұбановтың «Құрманғазы», «Дәулеткерей», «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» секілді шығармаларынан бастап, бүгінгі сүбелі туынды Ақселеу Сейдімбековтің «Қазақтың күй өнері» атты күйлер жинағына дейінгі аралықта талай еңбектердің жарық көргені рас. Алайда әр зерттеудің өзіндік ерекшелігі бар. Бір кітапта тарихи шолу басым болса, біреуінде өмірбаяндық деректер молырақ, енді бір автор тақырыптық талдау жағына мән берген. Мұның бәрін ізденістің нәтижесі деп қараған жөн. Ұлттық өнертану ғылымы осылай бірте-бірте жүйеге түседі. Бабаларымыздың асыл мұрасын дәріптеу, жаңа тұрғыда зерттеу – бүгінгі таңдағы кезек күттірмес мәселелердің бірі.

Қазанғап пен Сәдуақас

Сөзбасы

Кешегі сарытап кезеңде өнер мен мәдениетке біржақты ғана мән беріліп, бұларды идеология, саясат құралына айналдыру мақсаты болғаны мәлім. Ол уақытта идеологияға қарсы келмеген шығармаларға ғана жол ашылған-ды. Мақаламызда айтайын деп отырған Қазанғап Тілепбергенұлы күйлері ол заманда неге көзге ілініп, дәріптелмеді деген сауалдың астарында осындай мән-мағына жатыр. Қазанғап мұралары XIX ғасырдағы қазақ ұлты бастан кешкен, отарлық пиғылдың қолынан жасалған аштық, қуғын-сүргін секілді орасан зор қасіретті бейнелейді.

Күйші шығармалары байыпты, терең зерттеуді қажет етеді. Ол туралы жеңіл-желпі пікір айту қиянат. Сондықтан баба мұралары сырларына терең бойлау үшін ыждағатты түрде тер төгу ләзім және бұл іс үлкен жүректі керек ететінін есте ұста­ған жөн. Егер бұлай етпеген жағдайда, даңқты күйші мұрасын қайта жоғалтамыз.

Өнер саласында соңғы 15-20 жылдың көлемінде Қазанғап Тілепбергенұлы­ның күйшілік мұрасына деген қызығушы­лық арта түсуде. Оның негізгі себебі – Қазан­ғап күйлерінің сұлу сазға, мұң мен философияға толы терең мазмұнда жат­қаны даусыз. Оның қай күйін алып қара­саңыз да, әр күйінен жеке адамның емес, бүкіл елдің жан күйзелісі, қайғы-қасіреті, бастан кешкен тарихы сезіліп тұрады. Жеке тағдырдан басталған леймотивтің халықтық, жалпыадамзаттық құбылысқа айналуы хас таланттың құдіретінен туатын нәрсе.

Солай десек те, Қазанғап Тілепбер­ген­ұлы күйлерінің жұртшылыққа кеңінен танылып, ұлттық ықыласқа көтерілуіне себепші болғандардың бірі де бірегейі белгілі домбырашы марқұм Сәдуақас Балмағамбетов екенін мойындаған жөн. Сәдуақас Балмағамбетов Қазанғап күйлерін қайта сөйлеткен, оның орындалу тәсілін жаңа сатыға көтерген ойлы да шебер ұлы күйші. Ол өзінің бүкіл ғұмырын Қазанғап күйлерін зерттеп, зерделеуге арнап, ел аралап жүріп, оның көптеген күйін тауып, халық алдында ойнап жарыққа шығарды.

Қазақтың күйлері кезінде нотаға түс­пеген, белгілі орындаушылардың жеткізуі арқылы тараған. Әр домбырашының орындаушылық ерекшелігіне, шеберлігіне, күйді түсінуіне байланысты күйлердің әртүрлі нұсқалары пайда болған. Сондықтан күй тарихын күйшілердің орындаушылық ерекшелігімен байланыстыра отырып, зерттеу – оң құбылыс. Мәселен, «Күй шақырғыш Ақжелеңнің» алғаш нотаға түскен нұсқасы мен Бақыт Басығараевтың орындауындағы күйдің нұсқасын салыстырсаңыз, екеуі екі бөлек күй секілді көрінуі мүмкін. Бірақ мұқият тыңдасаңыз, екеуінде ортақ әуендердің бар екенін аңғару қиын емес.

Бір күйдің бірнеше нұсқасын естіп, салыстыру арқылы түпнұсқаны көзге ­елестетуге болады.

«Жұртта қалған» күйінің шығарылуы жайында әртүрлі екі аңыздың, «Көкіл» туралы үш аңыздың, «Бұраң бел Ақжелең» туралы төрт аңыздың берілуі күй тарихын байытпаса, кемітіп отырған жоқ.

Қандай болса да, қиындық, тосқауылға қарамай Қазанғап күйлерінің ұлт санасынан жоғалмай келе жатқаны баба мұраларының өміршеңдігін көрсетті. Оның сыры күйшінің ұлт тарихын шынайы шеберлікпен жеткізіп толғауына байланысты.

Күйшінің өнерін келешекке шәкірттері жеткізген

Қазанғап Тілепбергенұлы 1854-1921 жылдар аралығында Арал теңізінің бойындағы Құланды түбегінің Ақбауыр деген жерінде дүниеге келген. Деген­мен күйші туралы деректер бізге бас­қа күйшілерге қарағанда кештеу жет­ті. Оның бірден-бір себебі – 1934 жылы өткен өнерпаздардың бірінші респуб­ликалық слетіне Қазанғап күйлерін орын­даушылардың көбісі әртүрлі себептермен келмей қалды. Бұл өнер ордасының шақыруына үн қосып келген Қазанғаптың шәкірті Жәлекеш Айпақов қана болды.

Қазанғаптың күйшілік мектебі со­ңы­нан ерген шәкірттері арқылы дамып, өз жалғасын тауып келеді. Оның күй­лері ойнауға өте қиын болғанымен, өміршеңдігінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, күйшілік мұрамыздың алтын қазынасына айналып отыр.

Қазанғаптың күйлерін оның шәкірттері біздің заманымызға айна-қатесіз жеткізді деуге әбден негіз бар. Олардың қатарында Қадырәлі Ержанов, Жәлекеш Айпақов, Келбет Тілеулин, Құрманғазы Боқаев, Балмағамбет Сайымұлы, Шүрен Сартов, Нұрқат Қосуақұлы, Райымберген Жо­лекенов, Айса Шәріпов, Рүстембек Омаров, Медеубай Бақтыбергенұлы, Күнжан Сайымкеліні, Момын Байғанин, Мәмбетәлин Нәжімеддин, Қожагелді Аманов, Задаш Байдәулетов, Жұмабай Жансүгіров, Нұрболат Жанаманов, Ақаш Мұратов, Биман Кежетаев, Жұмалы Ембергенов, Боранбай Бердалыұлы, Мәжит Бейсембаев, Ізбасар Ілиясов, Мырзалы Төлеуұлы, бертін келе Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев, Әбдулхамит Райымбергенов, Жайлау Асылханов, Талап Хамзин сынды орындаушыларды атап айту керек.

Өкінішке қарай, Қазанғаптың бала­ларының немесе туған-туыстарының ішінен өнерін жалғастырған ешкім болмады. Сөзіміздің дәлелі ретінде шал­қарлық журналист Мұхамедқали Есма­ғамбетовтің «Домбырамен қоштасу» арқылы мақаласынан үзінді келтіре ке­тейік. «Қазанғапты көкжөтел қысып, ауырып жүрген кезі. Дем ала алмай, тынысы тарылған ол: «Жалғас-ай, сүйеші мені, дәрменім құрып барады», – деп қарлық­қан даусымен ат байлап жатқан баласын шақырды. Баласы: «Ұзақ жолға шыдай алмайтыныңды білесің, суықта төбенің басына шығып...», деп дүңк етіп жауап бер­ді. Баласынан көңілі қалған сәттерде осы­лай өзінен-өзі мұңға бататын. Жалғас баласы дүниеге келгенде қатты қуанған бола­тын. Бірақ Жалғастың мінезі дойыр болып өсті. Ең болмаса, әке жолын қуып, домбыра құлағын ұстаған жоқ. Қазанғап: «Ей, Жасаған, қу ағашқа тіл бітіргізген дарынды тұқымымда маған беріп, жалғаннан өзіңмен бірге ала кетесің бе? Тумаса да туғанымдай болған Қадырәлім, сен аман бол! Сенің саусақтарың менің үнімді ке­йін­гіге жеткізеді, сенен басқа кімім бар ме­нің?! Ей, дүние, өтесің де кетесің!», депті».

Сонымен бірге ел аузындағы мына бір әңгімеде былайша баяндалады: «Қазанғап шәкірті Қадырәлі екеуі Жем бойын аралап жүргенде, елдегілер күйшіден: «Біреуіңнің көзің – көк, біреуіңнің көзің – қара. Бірақ бір-біріңнен айнымайсыңдар. Мына бала туысың ба, әлде өз балаң ба?» деп сұрапты. Сонда Қазанғап: «Туыс дейтін туыс та емес, балам да емес. Бірақ күйге мұндай тәнті болған баланы бұрын-соңды көрген емен. Алла Тағала менің жолымды осы балаға беретін шығар, баланың өзіме ұқсас болуы да, мүмкін содан шығар», деп жауап беріпті».

Міне, осы әңгімелерден байқағаны­мыздай, Қазанғаптың өнерпаздық қасиеті, өз кіндігінен өрбіген ұрпағына дарымаса да, өнер жолын қуған шәкірттеріне мирас болды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, соңында қалған он саусағынан өнер тамған шәкірттері оның күйлерін кейінгі ұрпақ игілігіне, рухани мұрамызға айналдырды. Тыңдаушысы бар халықта қастерлі күйдің шырақ-жұлдызының сөнбесі анық.

Қазанғап дәстүрінің танылуына белгілі күйші, марқұм Сәдуақас Балмағам­бетов­тің де өлшеусіз үлес қосқаны ақи­қат. Ол қамшының сабындай ғана қысқа ғұмы­рында, қас-қағым алмағайып өмір жолында ұлы философ-күйші, дарынды әрі асқан шебер домбырашы, дана Қазанғаптың күйлеріндегі тұнып тұрған құпия сырды жан-жақты зерттеп, зерделеді.

Көрнекті ғалым Бекежан Сүлейменов Сәдуақастың өнеріне мынадай баға берген: «Сәдуақас асқан шебер домбы­рашы ғой. Қазанғаптың күйлерін ойна­ғанда, батыстың әуеніне еліктеушілік әсері бар. Күйдің өзіндік қаз қалпын өзгер­ту байқалады». Мұны шынайы жанашыр­лыққа саяр сын ескертпесін білген жөн.

Ал Сәдуақастың досы Әлібай Дүй­сенов: «Сәдуақас менен бұрын өлсе, оның саусағын жерге бермей, кесіп алып, үйімнің қақ төріме іліп қоямын», деп сау­сақтағы ерекше қимыл мен икемділікке, сезгіштік пен дәлдікке таңғалысын жасырмай айтып отыратын-ды. Осындай талант иесіне айрықша баға берген Әлібай, өзінің дегеніне жете алмай өмірден ерте өтіп кетті.

Міне, қайсар күйші Сәдуақас, осы­лайша ерекшеленіп, тірі Қазанғап атанды. Ол біртуар философ-күйші Қазан­ғаптың терең мәнді күйлерін он жылдан астам уақыт бойы жан-жақты зерттеп, қайталанбас күйдің қасиетін сомдап, тірілт­ті. Сол себептен де күйші ұстаз Сәдуа­қас Балмағамбетовтің қазақ музыка өнеріне сіңірген еңбегі ерекше деуіміз керек.

Сегіз қырлы Сәдуақас

Сәдуақас Балмағамбетов – күй өне­рін, оның ішінде Ақтөбе өңірінің күй­шілік мектебін жалғастырушы. Ұлы күйші Қазанғап шығармаларын түбе­гейлі меңгерген, заманымыздың тірі Қа­зан­ғабына айналған азамат. Сәдуақас – домбыра, күй өнерінің хас шебері. Ол ең алдымен сол ықылым заманнан бері қос ішекке тіл бітірген күйші-домбы­рашылар мұрасын кейінгіге жеткізіп, ұлт­тық дәстүрді жалғастырды. Сондықтан да киелі өнерді дамытушылар қатарынан ойып тұрып орын алды.

Сәдуақас Балмағамбетов 1941 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы 8 наурыз кеңшарының №11 ауылында, қазіргі Сарыбұлақ маңында дүниеге келген. Туып-өскен ауылы әнші-күйшілер мен өнер иелерінің шоғырланған ортасы десе де болады. Ол Батақтың Сарысының, Пұсырман жыраудың, өзге де атақты сал-серілердің жыр-толғауларын, ән-күйлерін бала күнінен құлағына сіңіріп, солардың өнеріне еліктеп өсті. Осындай бірегей дарындардың орындауларын көзімен көріп, тәлім-тәрбие алған Сәдуақастың өнер жолын таңдамауы мүмкін емес еді.

Оның бойына Қазанғап күйлері ана сүтімен дарыған. Олай дейтініміз, Сәдуақастың әкесі Балмағамбет Сайымұлы Қазанғаптың ең үздік шәкірттерінің бірі болған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, жас баланың күй өнеріне деген құштарлығының оянуына әкесінің септігі молынан тиді. Сонымен қатар оның бірыңғай домбырашылық жолға түсуіне туған нағашысы, сол елдің атақты күйшісі, Қазанғаптың белді шәкірттерінің бірі Матай Қуантайұлының да ықпал еткені анық. Бертін келе Қадырәлі Ержанов, Келбет Тілеулин, Жәлекеш Айпақов, Құрманғали Өмірзақов сынды күйшілерден шеберлігін толықтырады. Олар тек күй үйретіп қана қоймай, күй тартудың қыры мен сырын да танытты.

Сәдуақастың әкесі Балмағамбет Сайым­ұлы 1890 жылы Ақтөбе облысының Шал­қар маңында, Ырғыз уезінің бұ­рынғы №11 ауылында, қазіргі Есет батыр елді мекенінде дүниеге келген. Ол ауыл-аймаққа сыйлы, адамгершілігі мол кісі болған деседі. Әкесі Сайым Бал­мағамбеттің жас күнінде көз жұмады. Қазанғап әке тәрбиесін көрмей өскен бала Балмағамбетті өз қамқорлығына алған екен. Оған әкелік ақылын айтып, мейірімін төгіп, жанынан тастамай ертіп жүреді. Өз күйлерін үйретіп, күйшілік өнерге баули бастайды. Ол кезде Балмағамбеттің жасы небәрі он екіде еді. Қазанғап үйреткен күйлерді қағып алатын Балмағамбет сол елге жасынан аты шығып, көпшіліктің алдында күй тарта бастайды.

Балмағамбеттің баласы Сәдуақас та әкесінен ерте айырылады. Ұлы Отан со­ғысы жылдарында ел қорғауға аттанған Балмағамбет майдан даласында қайтыс болады. Өнерпаздық қасиет әкеден балаға дарыған болар, Сәдуақас та үш-төрт жасында-ақ домбыра тартуға әуестенеді. Ал анасы Күнжан – домбыра тартпаса да, Қазанғаптың күйлерін жас кезінен ел ішіндегі домбырашылардан естіп өскен жан. Ол Қазанғаптың көзін көрген, оның тартқан күйлерін тыңдаған. Жолдасы Балмағамбеттің күйші достары мен қатар құрбыларының тартқан күйлерін естіп, домбыра үнін көкірегіне ұялата білген.

Анасының күйге деген құштарлығын Сәдуақастың мынау әңгімесінен аңғаруға болады: «Бірде үйге әкемнің достары қонаққа келіп, олар түннің ортасы ауғанға дейін күй тартты. Біраз уақыттан соң қонақтар үйді-үйіне қош айтысып тарай бастады. Осы мезетте мен манадан бері тыңдап отырған күйлерді анама тартып беруге кірістім. Ондағы ойым, осы менің анам күйді шынымен-ақ түсіне ме екен, әлде жай ғана басын изеп отыра бере ме екен? Осындай күдікпен бір күйдің бір буынын әдейі бұзып тарттым. Сол кезде анам Күнжан маған жалт қарап:

– Мына бөлімін дұрыс ойнамадың, – деп маған ескерту жасады. Ал мен болсам күле сөйлеп:

– Мен сізді сынаған едім, – деп анама күйді басынан аяғына дейін мүдірмей қайта тартып бердім. Сонда Күнжан анам:

– Басқа жерде күйді бұлай бұзып тартушы болма, сен – әке өнерін кейінгіге жалғастырушысың, балам! – деп айтқан еді».

Ал Сәдуақас өзінің күйге деген ықы­ласын, домбыра тартуға деген талабының қалай оянғанын, күйді қалайша тез үйрен­гені жайында былайша әңгімелеп берген болатын: «Әкем соғысқа кетіп, содан елге оралмады. Анама қарау, күнкөріс қамы қиын да болса, менің мойнымда. Азаннан қара кешке дейін қой соңында жүріп, қозы-лақ бағамын. Үйге әкемнің жолдастары жиі келіп тұратын. Олар тартқан күйлер құлағымнан кетпей, бала көңілімді ерекше тебірентетін. Осылайша, қозы бағып жүріп, далада өсіп тұрған жыңғыл ағашының бір бұтаған сындырып алып, өзімше домбыра қылып тартатынмын. Естіген күйлерімді есіме түсіріп: «Мынау күйдің басы, ал мынау ортасы, мынау сағасы» деп әуенді ыңылдап, күйді ішімнен әндетіп ойнайтынмын».

Сәдуақас Қазанғап күйлерін нақышы­на келтіре ойнаған. Сонымен қатар ол бала күнінен, мектеп қабырғасында жү­ріп те, қалың жұртқа өзінің бойындағы күй­шілік қабілетін мойындата бастады. Сол кездің өзінде-ақ жас күйші халық шығармаларын, Қазанғап, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Ыбырайдың, Абайдың әндерін шебер орындаған. «Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер» дегендей, осы қасиеттердің барлығы Сәдуақастың өн бойынан табылуы оның бала күнінен сегіз қырлы өнерпаз болып ержеткенін білдіреді.

Сөзіміздің дәлелі ретінде ел ішіндегі қариялардың мынау естелігіне де жүгініп көрсек: «Бірде мектеп оқушылары қой­ған концертте бір қара бала шығып Қазан­ғаптың «Ақжелең» атты күйін тарта жөнелді. Күй бітіп, жұрт ду қол шапа­лақтағанда, әлгі қара бала Сәдуақас ел құрметіне бас июге де қысылып, жүзі бал­бұл жанып, домбырасын құшақтаған күйінде сахнадан аяқтарын жылдам басып кетіп қалады. Концерттен кейін ел-жұрт үйді-үйіне тарап бара жатқанда, мына бір әңгімені оның құлағы шалып қалады: «Құрманғазы мен Құрманғалиға нұр жаусын, Қазанғап атасының күйлерін ерекше ықыласпен үйреткен екен. Тінәлі мен нағашы ағасы Матай да балаға күйдің құдіретін ұғындырғаны көрініп тұр. Е, сұм соғыс жалмамағанда, Қазанғаптың оқ бойы озық шәкірті Балмағамбет шерткен күйлерді әлі күнге дейін естіп жүрген болар едік қой! деп күбірлесіп бара жатты».

Сәдуақас небәрі он бес жасында Қа­­­зан­­ғаптың бірнеше күйін меңгеріп үл­­гер­ген еді. Олардың қатарында «Күй басы», «Үлкен қаратөс», «Кіші қара­төс», «Қаратөстің бұлдыратпасы», «Дома­лат­пайдың жеті түрі», «Ақжелең – 62 түрлі», «Жима Ақжелең», «Шырылдатпа», «Бұраңдама, келіншек», «Балжан қыз» атты қиын да күрделі күйлері бар.

Сәдуақастың бұдан былайғы өмірі Шал­қар ауданындағы орта мектепті ойда­ғыдай бітіріп, болашақтағы арманы өнер жолына бетбұрыс жасауына байланысты еді. Жақсы күйші болу үшін тек талант пен бойға біткен табиғи қасиеттің аздық ететінін, оған қоса белгілі кәсіби білімнің керек екенін түсінген ол Алматыдағы өнер ордасы, киелі шаңырақ Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсуге бел буады. Өкінішке қарай, әртүрлі себептермен бұл тілегі орындалмай, ол туған ауылына қайтып оралуға тура келеді.

1964 жылы бозбала Сәдуақас көздеген арманына қалайда жетсем деген ниетпен консерваторияға қайтадан келіп, құжаттарын тапсырады. Бұл жолы Құдай сәтін салған екен, емтихандарынан сүрін­бей өтіп, оқуға түседі. Дайындық бөлімі­нің домбыра мамандығына таңдаған ол белгілі оқытушы, кәсіби маман Хабидолла Тастановтан дәріс алады. Сәдуақастың Қазанғап күйлерін нақышына келтіріп орындайтын талантына алғашқы күн­дердің өзінде-ақ ұстазы Хабидолла Тас­танов таңдай қағып, тамсанған көрі­неді. Оқытушы өзінің шәкірті жайында мынадай пікір айтқан: «Сәдуақас өзінің шеберлігімен бірден көзге түсіп келеді. Оның домбыра тартудағы шеберлігі сол, тартқан күйлерінде ешкімге ұқсамайтын бір ерекшелік бар. Оның оң қолы мен сол қолының жүрісі, домбыраның бет қақпағына тигізбей алатын қағыстары тыңдаушысын тәнті етеді».

Сәдуақас өзінің Қазанғап күйлерін алғаш орындаған сәттерін есіне алып былай деген еді: «Қалың қазақтың мұң-шерін қос ішекте сөйлеткен, тамыры терең философиялық оймен астасып жат­қан мұңды, сазды күйлерді бір кез­дері сахналарда ойнау, тыңдау арманға айналып кеткен еді. Кейбір білгір белсенділердің іс-әрекетінен, оның үстіне қазақ өнерінен жырақ өскен, жаны ашымайтын адамдардың билік басында жүргендігінен болар, «Қазақтың осы уақытқа дейін жылап келгені де жетеді, мұңды ән мен күй сахналарда орындалмасын» деген өктем сөздер де естіле бастаған. Осы уақыттарда консерваторияда өткен концертте мен Құрманғазы атамның «Бозшолақ» күйін орындайтын болдым. Бірақ сахнаға шыққанда Қазанғап атамның «Жұртта қалған» атты күйін бастап жібердім. Алғашқыда не болар екен деп қорыққаным да рас, алайда көрерменнің құлшына қол соққаны, жақсы тыңдағаны күдігімді сейілткендей болды. Оның үстіне, ұстаз домбырашы Қали Жантілеуовтің: «Айналайын, мына күйіңде Құрманғазының «Кісен ашқаны» секілді жанды тебірентетін бір мұң бар екен», деп қолымды алып, ерекше құт­тықтағаны көңіліме қуат берді. Осыдан кейін Қазанғап күйлерін сахнада жиі орындай бастадым. Кейде адамға талантпен қатар, төтен ерлік те қажет екен-ау деген ойға қаласың осындай сәттен кейін».

Сәдуақас 1974 жылы консерваторияны бітіріп, осы оқу орнында оқытушы болып жұмысқа қалады. Бұл оның шеберлігін, біліктілігін, кәсібилігін оқытушыларының да мойындағандығын аңғартады.

Қазанғап күйшінің шәкірті Қадырәлі Ержановқа: «Көзімдей көріп ұстарсың, жетімсіретпей тартып жүр» деп қалдырған өз домбырасын Қадырәлі дүниеден өткен соң оның зайыбы Зейнеп апай асылдың көзіндей мүліктің қадірін біліп, сандық түбіне сақтап жүрген. Сол қара домбырасын қызы Ақілгектен алып, оны қалпына келтіріп, халыққа жеткізген де Сәдуақас болатын. Бұл қастерлі домбыраның үнін алғаш рет естіген белгілі өнертанушы Болат Сарыбаев еді.

Асылдың тот баспайтын сынығындай қазынаны халыққа жеткізген Сәдуақастың ерен еңбегін ерекше деп айтуға тұрарлық. Сонымен қатар Қазанғаптың бьюстін жасап, ұмытылмас ескерткіш белгі ретінде орнаттырғанын құнды еңбек деп бағалауға тиіспіз.

Сәдуақас 1999 жылы 17 қыркүйек күні 58 жасында дүниеден өтті. Оның бей­­несі өнерсүйер қауымның, халық жү­регінде музыка әлемінде ұмытыл­май­тынына, халықтың есінде мәңгіге сақта­латынына сеніміміз мол.

 

Аягөз НҰРСҰЛТАН,

күйші