Көшкен ауылға жолыққан адам «Көш көлікті болсын, Құдайым аман көшін берсін» деп тілек білдірген екен. Белгілі суретші Өмірбек Жұбаниязовтың «Көш» атты картинасына қарап, сол нақылды қайыра айтқыңыз келеді. Бірақ кімге айтасыз?! Естір құлақ бар ма?! Бүгінде заман басқа, уақыт бөлек, талғам ерек. Қоғамның ойлау өрісі өзгерген шақта ескінің көзі ұлттың байлығына айналады екен-ау! Көз апара қараңызшы...
Қылқалам шеберінің шығармасының негізгі культі – тарих. Өткен дәуірдің елесі мен ақыл-ойы кенеп бетіне түс болып тамған. Нәсібін төрт түліктен тапқан қазақтың бір орыннан екінші орынға көшіп отыруы – тұрмыс тіршілігіне тән сипат. Көшті бастау ісі көпті көрген, жолды анық білетін, орта жастан асқан азаматқа тапсырылған. Ол зерлі, шанақты жабумен немесе түкті кілеммен жабылған жүгі бар түйені жетелеп, көшті бастайтын болған. Оның соңын ала түйе жүн шекпен мен ақ қалпақ киіп, жорға мінген ауыл ақсақалдары жүрді. Бұл – қансіңді тәрбие.
Суретші ежелгі қалаға жақындап келе жатқан түйе керуенінің қалай тұрмыстық заттар мен шағын шатырларды артып алғанын бейнелеген. Құмды боранның тозаңды бұлтының арасынан оның нобайы ғана байқалады. Керуеннің басындағы есекке мінген керуенбасы қимыл ырғағын көрсетіп келеді. Ол жолдың дұрыстығына, демалатын және түнейтін орын мен уақытты таңдауға, сол сияқты малдардың жем-шөбін беріп, суғару тәртібіне жауап береді. Керуенді қарулы жауынгерлер қорғап келеді, араларында бүркіт ұстаған аңшылар да бар. Ақылды төбеттер болса керуенге ілесіп келе жатқан қой мен ешкілерді айдап келеді.
Көштің ең соңында жорға мен сәйгүлік мінген кәмшат бөрікті, бүрмелі шайы көйлекті, сәукеле киіп, шолпы таққан, сырғалы сылқым қыздар мен жас жігіттер жүріп отырған. Осындай салтанатты шеру жыл мезгілдері ауысқан сайын ұлттың берекесін келтіріп, жанға жайлы қоныс іздеген қазақтың тіршілігіне мән сыйлаған.