Қоғам • 01 Тамыз, 2022

Қантты да «қару» еткен алаяқтар

163 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

IT-технология дамыған сайын интернет-алаяқтықтың да жаңа түрлері пайда болуда. Ішкі істер министрлігінің айтуынша, еліміздегі қылмыстардың басым бөлігі шекараның арғы шетіндегі қулардың әккі әрекетінен орын алады. Пысықайлар шетелде отырып, Қазақстаннан «әріптестерін» іздейтін көрінеді. Қылмыстық топтың көбі осылай жасақталады екен.

Қантты да «қару» еткен алаяқтар

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осы ретте еліміздің тәртіп сақшы­лары шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға көшкен. Нәтиже жоқ емес. АҚШ-тың полицейлерімен бірлесіп, Өскемен және Павлодар қала­ла­рындағы қылмыстарға қатысы бар 2 азамат құрықталған. Өз жерінде отырып алып, талайды өкіндірген өзбек азаматы да қолға түсіпті. Ресейлік құқық қорғау органдарымен де баянды байланыс орнатылып, бірнеше қылмыстың беті ашылған.

«Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қи­мыл жөніндегі шаралар туралы» атты брифингте Ішкі істер министрлігі Кри­миналдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталы­ғы­ның бастығы Жандос Сүйінбай тұр­ғын­дар­ды барынша сақ болуға шақырды.

– Киберқылмысты ақпараттық тех­но­логиялардағы соңғы жаңа­лық­тар­дың есебінен күн сайын қуаттанып, жаңаланып келе жатқан қылмыс түрі десе де болады. Киберқылмыстың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың өте жылдам өршуіне пандемия кезіндегі сауда орындары мен дүкендер қызметінің кідірісі әсер етті. Азаматтар өздерінің тұтыну талаптарын қанағаттандыру үшін тауарлар мен қызмет көрсету түрлеріне тапсырысты интернет арқылы бере бастады. Міне, осы арада фейк пен жалған хабарландырудың мазмұнын ажырата алмаған азаматтар қылмыскерлердің құрығына ілініп жатты. Аталған қылмыстың киберсалада тез өріс алып кетуіне Қазақстанның ішіндегі және таяу шетелдегі жұмыссыздық мәселесі де кері әсерін тигізді.

Қылмысты ұйымдастырушылардың дені Қазақстаннан тыс жерлерде мекен­де­генін де баса айтуымыз керек. Олар кәсіби схемасын жүзеге асыру үшін еліміздің ішінен қолұшын берушілерді тартқан. Сол азаматтар банкілерден шот ашты немесе Қазақстан азаматтарының есепшоттары туралы ақпараттарды қол­ды еткен.

Жыл басынан бері бұл бағыт бойын­ша 11 мың 500 қылмыс тіркелді. Бұл көр­сеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмен (13 515). Биыл 7 айдың ішінде банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының атын жамылып жасалған алаяқтық қылмыс саны 2,5 мыңды құрап отыр, – дейді Ж.Сүйінбай.

Соңғы уақытта елімізде қант тап­шы­лығына байланысты түсін­беу­ші­лік көп. Тұрғындар тапшы десе, құзырлы министрліктер алаңдамауға кеңес бе­ре­ді. Бұл қарама-қайшылықты өз пайдасына жаратуға тырысқан алаяқтар да табылды. Алматы қаласының Поли­ция департаменті криминалды поли­циясының қызметкерлері еліміздегі қант тапшылығын «сәтті» пайдаланған интернет-алаяқты ұстады. Қылмыскер olx.kz сайтына төмен бағамен көтерме және бөлшек сауда арқылы қант сататыны туралы жалған хабарландыру жариялаған. Ақша қолына түскен соң алаяқ ізін жасырған. Осындай 15 әрекет жасаған. Қылмыскер қазір қамауда отыр.

Сонымен ғаламтордағы ақпараттық қауіпсіздік негіздері қандай, алаяқтардың құрбаны болмау үшін не нәрсеге назар аудару керек? Банк қызметкерлерінің немесе құқық қорғау органдарының телефон арқылы жасалынатын – несие толтыру туралы, мүлікті сату мен қаражатты қауіпсіз шотқа аудару немесе қарыз толтыру туралы «нұсқауларына» еш уақытта құлақ аспаған жөн. Құқық қорғау органдары телефон арқылы арнайы операция жасамайды.

Ешкімге жеке мәліметтерді, пластик картадаға реквизиттерді, ақша ауда­ры­мы туралы түбіртекті, код пен кодтық сөзді, тіпті «банктің және полиция қызметкерімін» деген жағдайда да тіс жарып айтпауға тиіс. Бейтаныс адам­ға, тексерілмеген сайтқа, басқа да кү­мән­ді «көздерге» жеке мәліметтерді сеніп беруге болмайды. Нақты көз жет­кі­зіп тексермейінше, ақша аударымы жа­сал­мау­ға тиіс. Тауар алынған соң ғана төлем жасауға келісу керек.