Қабырғаны қайыстырған қайғылы хабар
Жыл басынан бергі сарбаздардың өліміне қатысты қайғылы жағдайлар ұмытыла қойған жоқ. Күні кеше тағы екі оқиға елді шулатты. Степногор қаласындағы әскери бөлімде Ұлттық ұланның әскери қызметкері асылып қалған жерінен табылды. «29 шілдеде сағат 21.00 шамасында автопаркте кезекші қызметін атқарып жүрген мерзімді қызметтегі қатардағы сарбаз Н.А.Оразбай кезекшіден дәретханаға баруға сұранған. Біраз уақыттан кейін ол автопарк қоймасында асылып қалған жерінен табылды», делінген Ұлттық ұланның «Орталық өңірлік қолбасшылығы» таратқан ресми хабарламада.
Автопарк кезекші қызметі дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Одан кейін сарбаз жедел жәрдеммен Степногор қаласының орталық қалалық ауруханасына жеткізілгенімен көз жұмды. 1995 жылы туған қатардағы жауынгер Оразбай Жетісу облысы Қорғаныс істері жөніндегі Панфилов басқармасынан 2021 жылдың күзінде шақырылған.
Ал 30 шілдеде сағат 05.15-те әскери бөлімге аға сержант А.С.Мерғалиевтің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат түскен. «Мән-жайды нақтылау кезінде зайыбының түнгі сағат 03.30 шамасында күйеуінің денесін үйінің дәретханасынан тауып алғаны белгілі болды», деп хабарлады Ұлттық ұлан. Арнайы комендатураның қарауыл бастығы аға сержант Абылай Серікұлы Мерғалиев 1990 жылы туған, үйленген, бір қызы бар. Ұлттық ұлан қатарында 2015 жылдан бастап қызмет еткен. Аталған екі оқиғаға қатысты тиісті тергеу шаралары басталып кетті.
Бұған дейін Жамбыл облысында Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальда мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаз Әлібек Қалбайдың өлімі қоғамды дүрліктірген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған қатысты істің нақты себебін анықтауды құзырлы органдарға тапсырған еді.
Бұл ретте Қорғаныс министрлігі жеке құрамды жеткіліксіз бақылау және 30212 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан жұмыстағы олқылықтар фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізген. Нәтижесінде, 30212 әскери бөлімінің командирі және осы бөлімнің оқу ротасының командирі лауазымынан шеттетілді. Одан бөлек, сарбаз өліміне байланысты аталған әскери бөлімнің тағы 3 лауазымды тұлғасы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қорғаныс министрлігі Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тергеу шарасы әлі жалғасып жатқанын хабарлады. «30212 әскери бөлімінің кадр құрамының сапасын арттыру мақсатында қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсеткен лауазымды тұлғаларға қатысты ұйымдастыру-кадр сипатындағы шараларды іске асыра отырып, 1 ай мерзімде офицерлік және сержанттық құрамды аттестаттаудан өткізу туралы шешім қабылданды. Аттестаттаудан кейін босаған лауазымды орындарға кадр жинау үшін іріктеу жүреді», дейді ведомство басшылығы.
Өкініш һәм өтініш
Сарбаздардың өлімі ұл тәрбиелеп отырған ата-аналардың жүйкесіне кері әсерін тигізгені рас. Қазір кез келген тұрғынды тоқтатып, «Балаңызды әскерге жіберуге қалай қарайсыз?» деп сұраңызшы. Ешкім баласын әскерге жібергісі жоқ. Қазіргідей халықаралық қақтығыстар белең алған алмағайып заманда тез арада әскерде тәртіп орнатылуға тиіс деп санайды. «Балық басынан шіриді» демекші, әр сарбаздың өлімі үшін шенділер жауап беру керек екенін алға тартады жұртшылық.
Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев соңғы уақытта әскерде жиі болатын сарбаздардың өліміне байланысты пікірін білдірді. Генерал азаматтық борыштың бұрынғыдай 2-3 жыл емес, 1 жылға қысқарса да сарбаздардың өлім-жітімі тоқтамай тұрғанына күйініп отыр.
– Мұнда бүкіл кінә командирден. Әрі жергілікті әкімдіктер де жауапкершілікті сезінбейді. Әскерге жіберу жоспарын миларына құйып алған. Жүгіріп жүріп военкоматқа тізім тапсырады, болды. Ары қарай бақылау жоқ. Командир сарбазға әке де, ана да болуы керек. Кейде оның көлеңкесінде өзгелері осындай қитұрқы әрекетке барып жатады. Бұл жағдайда да жауапты командир болып қалатыны сөзсіз. Сондықтан қазір көп адам командирліктен қашып жатыр. Мұны тоқтату үшін реформа керек. Яғни ол жерде, ең алдымен, кім болсаң да әрбір опасыздыққа кінәліні шеніне қарамай жазалаған жөн. Мейлі генерал, мейлі сержант болсын, қатаң жазалау қажет. Тіпті бүкіл елге көрсету керек. Білсін. Сол кезде аяқ тартады. Бұл жағдай тоқтайды, – дейді генерал.
Жұртшылықтың жағымсыз пікіріне қатысты Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың өз уәжі бар. Оның айтуынша, кейінгі кездері жиілеп кеткен сарбаздардың өліміне әскери сала кінәлі емес. Салаға жауапты тұлғаларға жала жаппас бұрын жастардың суицидке баруының себебін анықтау қажет.
– Біз бірінші кезекте жастардың өз-өзіне қол салуының астарына үңілуіміз қажет. Мұндай жағдайға тек әскер немесе әскери сала ғана кінәлі болмайды. Бозбала әскери борышын өтеуге келгеннен кейін оның өмірі үшін жауапкершілік командирге жүктелетіні айдан анық. Алайда адам әскер қатарына жетілген, толысқан күйде, қоғам арасынан келеді. Ол өз мәселелерін, жанын жеген проблемаларды өзімен бірге арқалай келуі мүмкін, – дейді министр.
Бұл – министрдің биыл маусым айында айтқан пікірі. Президенттің тапсырмасынан кейін әзірге оң өзгерістер байқалмайды. Шілде айының соңындағы 2 қайғылы оқиға соның айқын дәлелі. Тапсырма бермей-ақ жағдайды реттеуге болмас па? Сонымен әскердегі құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– ҚР Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп айтылған. Яғни отбасылық жағдайға, қорқақтығына байланысты бармай-ақ қойса болады деген сөз жоқ. Әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін ұғу керек. Бұл – Отан алдындағы, отбасы алдындағы парыз. Әскер – соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы. Ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын орта. Жігіттік жігері жоғынан әскерден қашқандар Отанына адал қызмет ете алмайтыны анық, – дейді Қорғаныс министрлігі басшылығы.
Осы орайда ведомство басшысы қазір бүкіл Қарулы Күштерде құқық бұзушылықтарға жол бермеу шаралары қолданылып жатқанын жеткізді. Барлық құрылым бір шақырылымның әскери қызметшілерінен жинақталады.
«Әлімжеттік барлық жерде жойылған десек те болады. Барлық казармалар әскери бөлім бойынша кезекшіге шығарылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған, бұл жағдайды үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Сарбаздарға бас және өңірлік әскери қолбасшылары, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша орынбасарларының ұялы телефон нөмірлері беріледі. Ол нөмірлерге кез келген уақытта қоңырау шалып, SMS хабарлама жазуға болады. Сондай-ақ анонимді түрде хабарлай алады. Келіп түскен әр өтініш бойынша тексеріс жүргізіледі. Егер тәртіп бұзушылық анықталса, жедел шара қолданылып, кемшіліктер жойылады», дейді министр.
Сауалға жауап
Осы жылдың мамыр айында бірқатар Мәжіліс депутаты Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Қысқаша тоқталсақ, онда: «Біздің Қарулы Күштерде екі проблема – қатардағы жауынгерлердің зәбір көруі, әскердің ел алдындағы беделінің төмендеуі байқалуда. Бұл – мемлекетті қорғау саласындағы жүйелі проблема, азаматтар мен әскер өкілдері бұл мәселені бірігіп шешуі қажет. Яғни еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені қайта қарау өте маңызды!
Көптеген ғалым «Ел, халық санасымен жасалған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырында ел тәуелсіздігін сыртқы жаулардан қорғау сарыны үстем», деп атап өтеді. Балалық шақтан батырлар жырындағы патриоттық сезімді ардақтап, батырлықты мадақтаған, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттерді дәріптейтін мектепке дейінгі, мектеп кезеңіндегі бағдарлама қажет.
Қарулы Күштер құрамында әскери-патриоттық жұмысты жүйелі түрде нығайтып, жаңа технологиялар енгізу қажет (интерактивті мазмұн, геймификация тәсілдері мен игротехника/игропрактика механизмдері). Әскери оқу орындарында темірдей тәртіппен қатар, адамгершілік, бауырмалдық курстарын ұйымдастыру маңызды тәрізді. Адамның тағдырын тікелей шешетін командирлердің жоғары моральдық-психологиялық дәрежеге ие болуы маңызды», делінген.
Енді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабына зер салсақ:
– Балалардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, оларды туған өлкеге, еліне және оның тарихына деген сүйіспеншілікпен тәрбиелеу білім берудің барлық деңгейінде, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында және үлгілік оқу бағдарламаларында қамтылған.
«Біртұтас ұлт – Біртұтас әскер» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірленіп, Қорғаныс, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілді. Бағдарламада жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің мақсаттары, міндеттері, жүзеге асыру мерзімдері, нысаналы индикаторлары, қаржыландыру көздері және күтілетін нәтижелер айқындалған. Бағдарлама өскелең ұрпаққа әскери- патриоттық тәрбие беруді одан әрі жетілдіруге жаңа серпін береді.
Қорғаныс министрлігімен Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларының жобасы әзірленуде. Аталған жоба Қазақстан Республикасының азаматтарына әскери патриоттық тәрбие беруді ұйымдастырудың және жүзеге асырудың тәртібін айқындайды, – делінген жауапта.
Әскерге барғың келе ме?
Бұл сауалға ата-аналар нақты жауап берсе, ер азаматтар бірден ойын білдіруі екіталай. Әскерге міндеттілердің статистикасын сараптасақ, 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Тегін жазбауды өтінген Арман есімді студент қатарласының көбі әскерде 1 жыл уақыт жоғалтқанша, жұмыс істеп, табыс тапқанды тәуір көретінін айтады. Ол әскери билетсіз-ақ екі қолға бір күрек табылатынына сенімді.
– Еліміздегі әскери жүйе сонау Кеңес өкіметінің ескі тәртібімен қалыптасып қалған. Жаңа өзгерістер енгізу керек. Неліктен әскерге қызығушылықты оятатындай жүйе ойлап таппасқа? Теледидардан, интернет желісінен бейбіт заманда әскер қатарында жүріп о дүниеге аттанған азаматтарды көргенде, ата-аналар баласын әскери борышын өтеуге жіберуге қорқады. Сенімнен гөрі күдік басым. Әскерге бару міндет екенін түсінемін. Бірақ барынша ыңғайлы жағдай жасалуы керек деп есептеймін. Жылы төсек пен тамақ мәселесін меңзеп тұрғаным жоқ, – дейді Арман.
Міндетін мінсіз атқарып келген сарбаз Дидар Ботиннің айтуынша, әскердегі уақыт үлкен өмірге нық қадам басуға оң ықпалын тигізген.
– Мектепте жүргенде-ақ тентектігім басым болды. Бертінге дейін бұзықтығым басылмады. Кез келген істі ақылға салып, ойланып істемейтінмін. Жауапкершілікті терең сезінбедім. Әскерге барғанға дейінгі және әскерден келген Дидардың арасы жер мен көктей. Әскер мені көп нәрсеге үйретті. Ең әуелі ата-ана, бауыр, туыс-достарымның қадірін терең түсіндім. Уақыттың қадірін білдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жаққа өзгертті, бұзықтығым да қалды. Әскерге барғаныма қатты қуанамын. Жастарға да әскерден қашпауға кеңес беремін. Ел болашағы – жігерлі жастардың қолында! – дейді Дидар.
Үлкен ағаларымыз әскер жайлы әңгіме қозғалса, өздерінің сол шақтарын ерекше сағынышпен еске алып жатады. Екі жыл өзге мемлекетте парызын өтеген «дембельдерге» 1 жылдық әскердегі қызықтарыңды айтып таңғалдыра алмайсың. Бұрындары «әскерге өтпей қалды» деген сөз жігіт үшін өліммен тең болған. Ауылдан әскери комиссариатқа аттанған бір топ жігіттің барлығы Отан қорғауға аттанғанша асық еді. Қазіргі жастар физикалық тұрғыдан қуаты кемігені былай тұрсын, рухани тұрғыдан әлсіз.
Қорыта айтсақ, дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Келешектің тұтқасы болар ер азаматтарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасыдағы тәрбиеден бастау алмақ. Тәуелсіз еліміздің еңсесін тік ұстайтын жастарымыздың патриоттық сезімі биік, күш-қайраты толық, жігері жалынды болғаны жарасымды емес пе?! Жасыратыны жоқ, еліміз нарықтық экономикаға қадам басқалы азаматтардың көзқарасы да өзгере бастады. Патриоттық тәрбиені тұрмыстық сана ұмыттырды. Сарбаздар өлімінің жиі тіркелуі де жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Осы орайда Жаңа Қазақстанда қорғаныс саласына да жаңа реформа қажет сияқты. Көптің тілегі осыған саяды.