06 Мамыр, 2014

5 000 «Беларусь» тракторы құрастырылды

335 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Интеграция ізі

«Интеграциялық үдеріс алға жылжи бермек, өйткені бұл да тәуелсіздігімізді нығайту мәселесі».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Біртұтас экономикалық одақтың электр энергетикасы саласындағы негізгі міндеттерінің бірі Ортақ электр энергетикалық рынок қалыптастыру болып табылады. Ортақ электр энергетикалық рынокты қалыптастыру одаққа мүше елдердің тең дәрежедегі қарым-қатынасында өзара пайдасына негізделіп, сондай-ақ одаққа мүше-мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін есепке ала отырып, мемлекеттердің субъектілері арасындағы электр энергиясының саудасы негізінде жүзеге асырылады. Мақсат халықаралық стандарттарға сай өнім өндіру үшін жағдай жасау, менеджмент жүйесі мен технологиялық қайта жарақтандыруды ендіру. Энергетика-14

Ортақ электр энергетикалық рыногын қалыптастыру қағидаттары жөнінде

2013 жылы ортақ электр энергетикалық рыногын қалыптастырудың негізгі қағидаттары қабылданды. Одаққа мүше-мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы өзара іс-әрекеттері келесі қағидаттарға сүйенеді: * Мүше-мемлекеттердің электр энергетикалық жүйесіндегі қосарлы жұмыстардың экономикалық және техникалық артықшылықтарын қолдану; * Қосарлы жұмыс атқару барысында экономикалық нұқсан келтірмеу; * Әр мүше-мемлекеттің электр энергиясы рыногы модельдерінің ерекшеліктерін есепке ала отырып, мемлекеттердің жұмыс жасап тұрған электр энергетикасы жүйесі негізінде мүше-елдердің ортақ энергетикалық рыногын кезең-кезеңімен қалыптастыру; * Электр энергиясына деген сұраныстың тұрақты жүйесін қалыптастырудың негізгі құралдары есебінде рыноктық қарым-қатынас пен адал бәсекелестікке негізделген тетіктерді қолдану; * Мүше-мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы заңнамаларын үйлестірудің кезеңділігі; * Техникалық нормалар мен ережелердің үйлесімділігі.

Бизнеске қысым жасалмайды

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингке Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберд Рау және осы саланың бірқатар өкілдері қатысты.

«Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер бизнеске қысым жасайтын шешімге тыйым сала алады. Атап айтқанда, Еура­зиялық экономикалық одақтың бірде-бір органы бизнеске қысым жасайтын шешімді қабыл­дай алмайды. Бұны барлық жауап­кершілікпен мәлімдеймін. Егер де осындай факті анықталса, қаты­сушы мемлекет оның деңгейін жоғары көтеруге немесе Үкіметтің ветосын енгізуге мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыдағы мәселелер толық қарастырылған», деді Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі А.Рау.

Сондай-ақ, ол алдағы қол қойы­латын келісімнің аясында Кеден одағында жинақталған тәжірибелер ескерілгенін де тілге тиек етті. Бұл тұрғыда бизнеске жағдай жасау, кедергілерді жою мәселелеріне айрықша мән берілді. Мемлекетүстілік органдарға ешқандай да ерекше өкілеттілік құқығы беріліп отырған жоқ дегенді де алға тартты. Басқосуда сонымен бірге, Қа­зақстанның құрылыс мате­риалдары өнеркәсібі қауымдастығының төрағасы Марал Томпиев инте­гра­ция жағдайында отандық кәсіп­орындар табысты жұмыс істеуі үшін ұлттық стандарттарды жоғарылату керек деген ойын айтты. «Бұрын қазақстандық қамту болды, яғни тендерлерге қатысу үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылды. Қазіргі кезде ЭКСПО-2017 ауқымды жобасы дайындалуда. Осы тұрғыда отандық кәсіпорындар қиын жағдайға тап болуы ықтимал. Осыны еңсеру үшін біздің кәсіпорындарға қан­дай кеңес беруге болады? Менің ойымша, біз тапқырлық таны­тып, бір қадам алда болуымыз қажет. Мен осы кәсіпорындарға өзде­рінің стандартын, яғни ұлттық стан­дартты әзірлеуді ұсындым. Сайып келгенде, қол қусырып отырғаннан пайда шамалы», деді ол. М.Томпиевтің сөзіне қарағанда, ресейлік және беларустық өнді­рушілер әзірге ауқымдылық тұр­ғысында ұтысқа шығуда. Өн­дірістің ірі көлемі арқылы тауар­лар­дың құны төмендетілуде. Егер қазақстандық стандарт бұл ел­дерге қарағанда жоғары болса, онда өзіміздің нарықты қорғауда қауқарлылық танытуға елеулі мүмкіндік тумақ. Бұл тұрғыда отандық кәсіпорындардың аталған елдердегі өндірістерге қарағанда әлеуеті арта түспек. Сондай-ақ, қауымдастық төрағасы елімізде соңғы буынды жабдықтарға негізделген зауыттар салуға айрық­ша басымдық беру қажеттігін де назардан тыс қалдырмады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».

Дерек пен дәйек 

«Екібастұз-ГРЭС-1» Ресейге сағат сайын 300 МВт көлемінде электр энергиясын экспорттайды. *      *      * 2010 жылдың 19 қарашасында «Баға белгілеу және тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополия қызметіне қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы» келісімге қол қойылды. *      *      * 2011 жылы 7 сәуірде Келісімді іске асыру мақсатында құжаттар әзірлеудің күнтізбелік жоспары бекітілді. *      *      * 2012 жылдың 22 тамызы Келісімді іске асыру құжаттары жасақталды, желтоқсанда ЕЭК-тің ортақ электр энергетикалық тұжырымдамасын жасақтау бойынша Өндірістік күштерді зерделеу жөніндегі кеңестің техникалық тапсырмасы мақұлданды. *      *      * 2014 жылы Өндірістік күштерді зерделеу жөніндегі кеңестің ортақ электр энергетикалық рыногын қалыптастыру тұжырымдамасын жасақтауды аяқтау жоспарлануда. (2014 жылдың қарашасы деп күтілуде). Тұжырымдама келісілген соң одаққа мүше-мемлекеттер ортақ электр энергетикалық рыногын қалыптастыру бағдарламасын жасақтайды. *      *      * Одаққа мүше-мемлекеттер бағдарлама шаралары орын­далған соң ортақ электр энергетикалық рынок қалып­тас­қандығы жөнінде халықаралық келісімшартқа отырады.

5 000 «Беларусь» тракторы құрастырылды

Бұрын жеңіл өнеркәсібімен әйгілі болған Семей қаласында бүгінде ауыр өнеркәсіп те дамып келеді. Сол санаттағы Семей автоқұрастыру зауыты еліміздің еуразиялық экономикалық интеграция аясындағы соны мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр. Жуырда «СемАЗ» ЖШС бас директоры, Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Әсемқан ДОСҚОЖАНОВПЕН еуразиялық экономикалық байланыстар шеңберіндегі отандық кәсіпкерлердің мүмкіндігі жөнінде әңгімелескен едік. Дускужанов– Әсемқан Серіханұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назар­­баев­тың бастамасы бойынша еуразиялық экономикалық интеграция үдерістері күн санап жанданып келеді. Сіз басқарып отырған зауыт белорустық тракторлар мен ресейлік жүк көліктерін шығаратынынан хабардармыз. Қазақстан, Ре­сей және Белоруссия мем­ле­кеттері арасындағы эконо­микалық байланыстың ны­ғаюы кәсіпорындарыңызға қаншалықты пайда әкелді? – Біздің зауытымыз Қазақ­станның индустриялық-инно­ва­циялық даму стратегиясына сәйкес, еліміздің машина жасау және автоөнеркәсібін дамыту мақсатында құрылған болатын. Құрылған кезеңнен бастап еліміздің барлық қалаларымен және Белоруссия, Ресей, Қытай мемлекеттерімен тығыз жұмыс істеп келеміз. Алғашқы жылдары Белоруссиямен интеграциялық байланыс аясында «Беларусь» тракторының түрлі маркаларын және ауыл шаруашылығы сала­сына қажетті егістік техникаларын шығардық. Одан бөлек, ресейлік «Орал», қытайлық «Shacman» жүк көліктерін және кореялық  «Daewoo Bus» автобустарын шы­ғарып жатырмыз. Бұл өнімдерді біз Ресей мен Белоруссия нары­ғына экономикалық интеграция шеңберінде сатуға мүмкіндік алдық. Қазіргі уақытта зауыт өнім­деріне сұраныс бар. Зауыт­та құрастыруды енді қол­ға алып жатқан ресейлік жүк маши­на­сының үстіне түрлі салаға қа­жетті жабдықтарды орнатып, пай­далануға мүмкіндік мол. Мә­селен, шаруа қожалықтары оның үстіне кішігірім үй сияқты жаб­дықталған вагон, құрылыс компаниялары көтергіш кранды орнатуына болады. – Зауыт 2006 жылы тіркел­ген екен. Сол уақыттан бері қан­ша өнім шығардыңыздар? – Иә, жұмысымызды баста­ғалы он жылға жуықтап қал­ды. 2006 жылы заңды түрде тіркел­дік. Ал жұмысымызды 2007 жылы бастаған болатынбыз. Со­дан бері алты жүз данаға жуық авто­бус шығардық. Әсіресе, Бело­рус­сиямен тығыз әріптестік бай­ланыстың нәтижесінде, 5 000 трактор құрас­тырдық. Бұлардың барлығы дерлік сатылып кет­ті. Енді зауытымызда жүк ма­ши­налары құрастырылуда. Бүгінге дейін екі жүзден астам жүк көлігін шығардық. Биыл мың жарым машина шығаруды жоспарлап отырмыз. Семаз – Зауыт өніміне көрші­лес­ ел­дерден сұраныс қанша­лық­ты? – Әрине, сұраныс жоғары. Тіпті, Моңғолия елі де қазақ­стандық техникаларға қызы­ғушы­лық танытып, алып жатыр. Өнімдерімізді өзімізге жа­қын орналасқан Ресейдің Алтай ай­мағындағы шаруа қожалықтары көп алады. Жалпы, өнімдердің бағасы Ресей мен Белоруссияда шығарылатын техника құны­­мен шамалас. Десе де, көршілес елдердің шекаралас өңірлері бізден алса техниканы тасы­малдау шығыны азаяды. Яғни жаңа техниканы Семей қаласынан жүргізіп алып кететіндіктен, оларға біздің техникаларымыз әлдеқайда тиімді. Ал өнімдері­міздің сапасы өте жоғары. Ресей техникасының сапасы туралы айта алмаймын. Өйткені, олар конвейерлік тәсілмен шығарады. Біздің зауыт та осы тәсілге жүгі­неді. Бірақ біз күніне сегіз техника құрастырамыз. Негізі ма­шина құрастыру саласында таза автоматтандырылған жүйеден гөрі қол еңбегіне сүйенетін за­уыт­тардың өнімдері сапалы бо­лады. Біз де тәжірибелі маман­дардың қол еңбегіне арқа сүйей­міз. Сондықтан, техниканың сапа­сында мін болмайды. – Отандық шаруа қожа­лықтарына техникалар арзанға түсе ме? – Еліміздің көптеген шаруа­шы­лықтары бізге тапсырыс беріп жатыр. Өйткені, мемлекет тарапы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы шаруа қожалықтарын инвестициялауға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының субъектілері бүгінде техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік алды. – Кәсіпорында қанша адам еңбекпен қамтылды? – Зауыт жұмысын бастаған кезеңде сексен адам еңбек ете­тін. Бүгінде мамандар мен жұ­мысшылардың саны үш жүзге жетті. Олар орташа есеп­пен айына 85 мың теңге көле­мін­де еңбекақы алады. Біз Елба­сы­ның үндеуіне байланысты қыз­меткерлеріміздің жалақысын 10 пайызға көтердік. Алдағы мамыр, маусым айларында тағы да көтеруді жоспарлап отырмыз. Зауыттың өрістеуіне мемлекет тарапынан көптеген көмек болып жатыр. Мәселен, Президенттің Жарлығымен кәсіпкерлерді тек­серуге мораторий жария­лан­ғаны белгілі. Әлбетте, бизнес ны­сан­дарын тексеру еңбек өнім­ділі­гін саябырсытады. Кәсіп­орын­­ның есеп-қисап бөлімі тек­­се­ру жұмыстарымен уақыт өткі­­зеді. Өзге жұмыс өнбейді. Сон­­дықтан, кәсіпкерлікті тексе­ру­­ге жарияланған мораторий зауы­­тымыздың ілгерілеуіне көп пай­­дасын тигізіп жатыр деу­ге бо­лады. Біз тосқауылсыз жұ­мыс істеп, еңбек өнімділігін арт­тыр­сақ, салық түсімі де көп бола­ды. Жылына бюджетке 100 мил­лион теңгеге жуық салық төлейміз. – Ауыр өнеркәсіп саласы экономикалық қиындықтар туғанда алдымен сыр береді дейді. Зауыт бүгінде өзін-өзі ақтап жатыр ма? – Толығымен ақтайды. Елімізге ірі зауыттар керек. Сондықтан заман сұранысына жауап бере алатын техника мамандарын көптеп даярлауымыз қажет. Мемлекет басшысы өнімдерді шетелден дайын күйінде ала бермей, өзіміз дайындауымыз керектігі жөнінде үнемі айтып келеді. Мәселен, біздің зауытқа қажетті жекелеген бөлшектерді өндіретін цехтар мен зауыттар құрылса жақсы болар еді. Болашақта оны да үйренеміз. Мұның бәрі интеграциялық үдерістер барысында елдік қуатымызды еселейді. «СемАЗ» басшылығы Ресей мен Белоруссия елдеріне сатылған өнім көлеміне жыл сайын сараптама жасап отырады. Сондай-ақ, әскери салада мемлекеттік сатып алу бо­йынша тапсырыстар түсуде. Мемлекеттің қолдауы үлкен себін тигізіп тұр. Егер мұндай қолдау болмаса, зауыт аяғынан тік тұра алмайды. «ҚазАгроҚаржы» институты 6 пайыздық үстемемен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Биыл бұл қарызды жабуға мүмкіндігіміз бар. Еуразиялық экономикалық интеграцияның пайдасы мол. Бұрын 16 миллион халық болсақ, бүгінгі таңда 170 миллион халқы бар алып кеңістікке шығып отыр­мыз. Бұл – үлкен нарық. Жұмыс істейтін жан жолын табады. Біз бұл интеграцияға нарықтық эко­номикаға бейімделген кезде кел­дік. Енді бір-екі жылдан кейін отандастарымыз осы үлкен нарық­тың алғашқы пайдасын көре бас­тайды деп ойлаймын. Аталған нарықты шағын кәсіпкерлердің де тиімді пайдалануына болады. Сондықтан, зауытты кеңейту жұ­мыстарымен айналысып жа­тыр­мыз. Сәтін салса, алдағы жыл­да­ры зауытта мың жұмыс орны ашылатын болады. Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.