Азаматтық борышты өтеуге құлшыныс артып келеді
Ең басты мәселе – әскерге шақырылушының толық отбасында тәрбиеленуі. Ата-анасының екеуінің де бар болуы, сонымен бірге, психологтың кеңесі басты рөл атқарады. Психолог-мамандар әскерге шақырылушыға оң баға бермесе, онда әскер қатарына алынбайды. Сондай-ақ, ата-анасының келісімі алынады. Ең бастысы, бұл күндері Қазақстанның Қарулы Күштерін әскери міндетті орындауға психологиялық тұрғыдан толық дайын сарбазбен қамтуға баса көңіл бөлініп отыр.
– Ал жастардың өздерінің тарапынан әскерге баруға ынта қалай?
– Шындығын айтсам, бұрынғыдай емес, жастардың тарапынан әскерге баруға құлшыныс артып келеді. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштеріндегі ахуал жақсарды. Екіншіден, әрбір әскери бөлімдегі тәрбие жұмысы жолға қойылды. Үшіншіден, әскери бөлімдердегі офицерлер, жалпы басшылық тарапынан сарбаздардың бір-біріне әлімжеттік жасау фактілерін болдырмауға жете көңіл аударылып отыр. Міне, осындай оң себептер жастардың арасында әскерге баруға құлшынысты арттырды деп ойлаймын.
– Әскерге шақырылатын жастардың бойына, дене салмағына назар аударылатын шығар?
– Әрине, Қазақстанның Қарулы Күштеріне бойы ұзын, келбетті, күш-қуаты мол жастар алдымен шақырылады. Мәселен, жаяу әскер, шекара қызметі қатарында әскери борышын өтеу үшін бойы 155 см-ден, ал аэроұтқыр бөлімдерінде қызмет ету үшін бойы 175 см-ден кем болмайтын жастар алынады. Себебі, әскерге шақырылып жатқан әрбір жас біздің айбынды армиямыздың айнасы болуы тиіс. Сондықтан медициналық комиссия әрбір жастың денсаулығын толық тексереді.
– Әскерге барып, кейін тұрақты қызмет етуге ынта танытушылар бар ма?
– Бар. Мәселен, былтыр әскери борышын толық өтеген 4 сарбаз әскер қатарында тұрақты қалуға шешім қабылдады. Биылғы көктемде әскер қатарында тұрақты қызмет етуге тағы да 6 сарбаз түпкілікті шешім қабылдап отыр. Бұған қоса, соңғы жылдары келісімшартпен әскери қызметке алынып жатқандар қатары да көбейді. Өйткені, әскер қатарында келісімшартпен қызметке шақырылғандарға мемлекет тарапынан жасалатын қолдаудың аясы кеңейіп келеді. Жыл басынан бері Атырау облысынан келісімшартпен 124 жас әскерге алынып, қазір батыс аймақтағы әскери бөлімдерге жіберілді.
Әңгімелескен
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.