06 Мамыр, 2014

Жамбылда нағыз жауынгер болатын жастар көп

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
нужное фотоДәл қазір еліміздегі барлық әскери комиссариаттардың алды жастарға толы. Яғни, көктемгі әскерге шақыру жұмыстары жүріп жатыр. Әрине, жыл өткен сайын Отан алдындағы азаматтық борышты өтеудің де талаптары қатайып, әскер қатарына нағыз лайық жастар тартылып жатқаны белгілі. Біз Жамбыл облысы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, келісімшарт және шақыру басқармасының бастығы, подполковник Нұрбол ЗЕЙНЕЛОВПЕН жолығып, жастардың әскерге баруға деген ынтасы, олардың денсаулықтары, дайындықтары туралы,  жалпы осынау жұмыстардың қалай ұйымдастырылып жатқаны жайында әңгімелескен едік. – Нұрбол Қуантқанұлы, әрине, әскерге шақыру әр жарты жыл сайын ұйымдастырылады. Былайша айтқанда қорғаныс департаменті әбден меңгеріп алған тірлік. Әйтсе де әр шақырудың өзіндік ерекшелігі бо­ла­тыны анық қой. Бұл істе дәрі­гер­лердің атқаратын рөлі зор. Бұл бағытта жұмыстар қа­лай ұйымдастырылып жатыр? – Көктемгі әскерге шақыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Күн сайын әр аудан рет-ретімен келеді. Осылайша жыл сайын 1000-нан аса баланы әскерге жібереміз. Әрине, әскерге жібереміз деп айта салу оңай, оның астарында қаншама еселі еңбек жатыр. Біз ең алдымен әскерге баратын жастардың денсаулығын сараптайтын дәрігерлер құрамын өте сәтті жасақтадық деп айта аламын. Дәл қазір 12 дәрігер жұмыс істейді. Мұнда келген жасөспірімдер ең алдымен психологиялық тест тапсырады. Нашақорлыққа байланысты тексеруден өтеді. Соңғы жылдары жастар арасында жүрек, бүйрек ауруларының көбеюіне байланыс­ты дәрігерлер құрамына кардиолог пен урологты да қосқанбыз. Департамент басшысы, полковник Бақыт Әбдібаев осы қызметіне келгеннен кейін аудандық әскери комиссариаттар ғимараттарының бәрін аралап, жай-күйін көріп, облыстық әкімдікке барлық жағдайды баяндаған болатын. Облыс басшылығына үлкен рахмет, қаржы бөліп, нәтижесінде ғимараттарымыз жөнделіп, дәрігерлер құрамы көбейіп, қажетті медициналық құрал-жабдықтардың бәрі алынды. Соның нәтижесінде жұмыс сапасы да артып, соңғы үш жылдан бері біздің комиссияның қорытындысын алып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жасөспірімдер арасында денсаулығы сыр беріп, мерзімінен бұрын әскерден босап келген жас­тар жоқ. Наурыз айында Тараз қаласында республикалық оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, барлық облыстардан арнайы келген өкілдер тәжірибе алмасып, жергілікті департаменттің жұмыс сапасына жоғары деңгейде баға беріп кетті. Содан болар, соңғы екі жыл қатарынан республика бойынша «Ең үздік қорғаныс департаменті» деген атақты жеңіп алып, ауыспалы туды ешкімге бергеніміз жоқ. – Бұл жолы шақырылған жастардың көңіл-күйі, денсау­лығының жай-күйі қалай екен? – Дәл қазір әскерге өткен ғасырдың соңында, яғни еліміз нағыз экономикалық қиындықты бастан өткерген 90-шы жыл­дардың соңында дүниеге келген жасөспірімдер шақырылып жатыр. Бұл буынның балалық шақтары өте қиын кезеңге тап келіп, тұрмыс тауқыметін көп тартқаны бәрімізге белгілі. Иә, көптеген отбасылардың балалары сол жылдары дұрыстап тамақ ішпей, шиеттей шақтарынан «шағылып» өскендіктен, осы көктемде әскери комиссариат табалдырығын аттап отырған жасөспірімдердің арасында әскер қатарына денсаулықтары жарамайтындар едәуір көп болатын шығар деген күдіктің болғаны рас. Күдігіміз бекер екен, комиссиядан өтіп жатқан жастардың арасында әлжуаздары өте аз. Бұл, әрине, бір жағы олардың алдымен аудандық әскери комиссариаттан іріктеліп келгендігінен де болар. Әйтеуір, қуаныштысы – Жамбылда нағыз жауынгер, денсаулығы мықты, спорттан хабары бар, алымды жастардың қатары көп екеніне көзіміз анық жетіп отыр. Бір жылдары бала кезінде Қытайдың арзан аяқ киімдерін киіп өскендіктен, «майтабан» жастар көбейіп кеткен болатын. Қазір жыл сайын оның көрсеткіші төмен түсіп келеді. Бұған дейінгі шақырулардағы комиссиялардың берген қорытындысын сараптайтын болсақ, бүгінде қалалықтарға қарағанда ауыл жастарының денсаулығы мықты. Қала балаларында көбінесе көру қабілетінің нашарлығы, қос жанарының әлсіздігі байқалады. Бұл, әрине, азаннан кешке дейін компьютер, теледидар, ұялы телефонға шұқшиюдың арқасында жабысқан дерт екені анық. – Жастардың әскерге бару­ға, Отан алдындағы борышын өтеуге деген ынта-ықыластары қандай? – Әр шақыру маусымы аяқталған соң келесі науқанға дейін біздің мамандар зерттеу жұмыстарымен айналысады. Яғни, мамандар борышын өтеуге шақырылатын ауыл-ауылдағы жастарды түгелдей дерлік іздестіріп, сұрастырып, мәлімет жинайды. Мысалы, жоғары оқу орнында оқитын немесе дене кемістігі бар мүгедек жастарды әскер қатарына шақырып, әуреге салудың ешқандай қажеті жоқ. Ал, әскерге барудың барлық талаптарына сай жасөспірімдерді мамандар алдын ала зерттеп, оның дәл қазір қайда, қандай іспен шұғылданып жүр, құқық қорғау органдарының тізімінде бар-жоғы, денсаулығына байланысты медицина мекемелерінің тізімінде тіркелген бе, міне, осының бәрін біліп отырады. Жалпы алғанда, бүгінде әскерге барғысы келетін жастардың қатары мол. Мұны, әрине, бір жағы қазір кез келген құқық қорғау органдарына жұмысқа тұру үшін әскери билеттің міндетті түрде қажет екенімен де байланыстыруға болады. Бірақ, ең бастысы, қазір халықтың еліміздің әскеріне деген сенімінің бекіп, жастардың бойында отансүйгіштік, патриоттық сезімнің артып келе жатқанын байқаймыз. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.