06 Мамыр, 2014

Бізде тыныштық, бақыт бар

520 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы Ассамблеясы – Қазақстанды мекен етуші көп ұлтты ортақ мүдде мен бір мақсатқа жұмылдырып, ұлтаралық татулық, мемлекетіміздің дамуы жолында білек пен тілек біріктіруге ұйыстыратын шаңырақ. Әу баста осындай игі мақсатпен құрылған Ассамблея ұдайы осы биіктен көрініп келеді. 0001Өткен жылы 10 мыңдай іс-шараның ұйымдастырушысы болу – елдің бірлігіне, мемлекеттің дамуына қосылған үлес деуге толық құқылымыз. Қазақстан – сан ұлт өкілдерінің бір отбасы балаларындай бір шаңырақ астында тату-тәтті, жарасымды тұра алатындығын әлемге жария етіп қана қоймай, оны іс жүзінде дәлелдеген мемлекет. Достықтың сипаты көп, ал өмірлік мән-маңызы бар достық – бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі. Биылғы сессия тақырыбының бейбітшілік, келісім, рухания­т мәселесіне арналуы тегін емес, достық біздің Отанымыз – Қазақстанның таңдаған бағыты, оның кең-байтақ даласын мекен етуші ұлттардың тілегі және Ассамблея жұмысының алтын арқауы. Мемлекет басшысы Н.На­зар­­баевтың әр жылғы Жолдау­ларынан соны жаңалық күтіп, айтылған әрбір тапсырмалар мен міндеттерді болашаққа қаланған бір кірпіш ретінде ықыластана тыңдайтын мен, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясынан да зор үміт күттім. Үміт ақталды. Қазақстан халық­тарының достығын нығайта түсу бағытында бейбітшілік пен келісім басты орынға қойылып, осы ізгі ұғымдардан бастау алатын үлкен жұмыстар нақтыланды. Елбасының Маңғыстау облысында Достық үйін салуға тапсырма беруі біз көптен күткен іс болатын. Өңірдегі 20 этно-мәдени бірлестік бір ғимарат табалдырығынан аттап, бір шаңырақ астында кездесіп жүрсек, сан алуан шараларды бірлесе ұйымдастырсақ, бұған дейін қылау түспеген өзара сыйластық одан әрі тереңдей түсетін болады. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орай келер жылды «Ассамблея жылы» деп атау, осы жылы Қазақстан халқы Форумын өткізу мемлекетіміз жүргізіп отырған ұлтаралық достықтың жаңа моделінің іргесін бекемдей түсетін болады. Мен аталмыш Ассамблея мүшесі екендігімді және 130-дан астам ұлт жарасымды өмір сүрген елде өмір сүретіндігімді мақтаныш етемін. Сессияда біздің Елбасымыз біздің көрікті елімізде төзімділік, келісім, өзара сыйластық, шыдамдылық, бейбітшілік пен келісім салтанат құрғандығын, оның одан әрі жалғаса беруі тиіс екендігін айтты. Тәуелсіз Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына жеткізу үшін әрбір адамның өз білімімен, еңбегімен үлес қосуы тиіс екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Елбасы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тың игерушілеріне көрсетілетін құрметтің толастамауы тиіс екендігін айтып, жас­тарды «Мәңгілік елге» апаратын «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмылдыру керектігін тапсырды. Өмірде әркім армандайтын тыныштық, бақыт бізде бар, ең басты керегі осы. Мәңгілік болсын деп тілеймін. Раиса МАДЕНОВА-ХВАН, Қазақстан корейлері ассоциациясы республикалық бірлестігі Ақтау филиалының төрайымы. АҚТАУ.