Аймақтар • 03 Тамыз, 2022

Мал көп, мал дәрігері аз

813 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында мал ауруларының алдын алу мен өсімдік шаруашылығына байланысты реттелуге тиіс жұмыстар өте көп. Соның ең басында мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі тұр. Қазір он екі ауданның әрқайсысына үш мал дәрігерінен ғана келсе, бір мал дәрігері үш ауылдық округтің шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындарының төрт түлігін тексеріп, ауру малын емдеп, екпе салады. Оның үстіне мал дәрігеріне қызметтік көлік бекітілмеген және ауылдарды аралаған кезде жанармай да қарастырылмаған.

Мал көп, мал дәрігері аз

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Жас мамандардың келгісі жоқ

Жұмысының көптігінен бір веттехник құзыретіне тиесілі үш-төрт ауылдық округ малын уақтылы тексеріп үлгере алмайды. Оның үстіне, қағазбастылық басым. Қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан мал мамандарының басым көпшілігі зейнеткерлік жасына жетіп қалғандар. Мал дәрігерінің жалақысы – 136 мың теңге. Еңбекақы төмен әрі жұмыс ауқымы өте көп болғандықтан, жас­тар осы жұмысқа келмейді. Әрі еңбек өтіліне байланысты біліктілік санатын көтеру қарастырылмаған. Осы мәселелер Ақтөбе облыстық мәслихатының бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақ­ты комиссиясының отырысында талқы­ланды. Отырысқа аудан депутаттары, вете­ринарлық қызмет мамандары мен басшылары, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.

Байғанин аудандық мәслихатының хатшысы Ерік Көпжасаровтың айтуынша, ауданда мал дәрігеріне еңбекақы атқарған жұмысына қарай төленеді. «Аудан орталығында ветеринарлық зертхананың ғимараты болмағандықтан, басқа мекеменің ғимаратын жалға алып отыр. Жақында аудандық зертхананы жауып, Темір ауданына қосады деген хабар түсті. Байғанин ауданының елді мекендерінің арасы өте алыс, мәселен, ең қиырдағы Дияр ауылы аудан орталығы – Қарауылкелдіден 350 шақырым жерде. Ветеринарлық зертхана жабылар болса, Дияр ауылының тұрғындары жұқпалы ауруға күдігі бар малының қанын тексерту үшін 820 шақырым жердегі Шұбарқұдыққа апарады. Сынамаға алынған қан тезірек тексеруді талап етеді, мұндай жағдайда қауіпті аурулардың таралуына жол ашылмай ма?» деп сұрақ қойды аудандық мәслихат хатшысы.

Оған «Мал дәрігеріне ешкім нұс­қау бермейді, ол өзінің жұмысын жос­пар­лайды.

Еңбекақы атқарған жұмысының қорытындысына қарап төленеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ве­теринарларға ақылы қызмет жүр­гі­зуге рұқсат бергендіктен, олар жасанды ұрықтандыру мен жануарларға ақылы түрде екпе салуына құқы бар. Анықтайтын мәселе, ел Үкіметі малда кездесетін қауіпті ауруларға екпе салуға ғана қаржы бөледі. Үкімет ақылы қызмет көрсетуге рұқсат беріп отыр, бірақ тұрғындар тарапынан түсініспеушілік көп», деп жауап берді облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Иса Базаров.

Бағусыз мал қауіпті

Бүгінде облыста 171 мал қорымы болса, оның 47-сі типтік үлгіде са­лын­ған. Әлі де 46 мал қорымын салу қажет. Ауру тарап кетпеуі үшін өлген малдар осы жерге арнайы көміледі. Өңірде 2022 жылы – 5, 2023 жылы 7 мал обасын салу жоспары орындалмай жатыр. Сонымен қатар бағусыз жүрген малды уақытша ұстайтын қоршаулар да жетіспейді. Осы жағынан Темір және Шалқар аудандарының барлық елді мекенінде қоршау салынған. Сонымен қатар ауыл тұрғындары қо­ра­дағы малын есепке қоюға ықы­лас­ты емес, бұл көп жағдайда төрт түлікке екпе жүргізуге қиындық кел­ті­ре­ді. Сол үшін де бақылаусыз жүр­­­ген малдың санын, иесін, екпе ал­ға­нын анықтау үшін қоршау салу өте ма­ңызды. Ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Кеңес Қанатбаев ветеринарлық қызмет талабы бойынша қазіргі кезде әр елді мекенде арнаулы мал соя­тын орын салынуға тиіс болса да, бұл талап сақтала бермейтінін айтты. Өкінішке қарай, ауыл тұрғындары сойылған малдың етін көлікпен тасы­мал­дағанда ветеринарлық анықта­ма­сыз жүреді. Алға, Әйтеке би, Ырғыз ауданының елді мекендерінде мал сою алаңы жоқ. Ойыл, Темір, Бай­ға­нин аудандарында мал соятын орындар аудан орталығында ғана бар. Был­тыр қорасында мал дәрі­герінің анық­тамасы жоқ мал сой­ған 154 ақтө­бе­лікке айыппұл салынды.

Мұғалжар ауданы тұрғындарының және елді мекендерінің саны бо­йын­ша облыста бірінші орында. Осы аудан­ның мәслихат хатшысы Роза Мү­се­нованың айтуынша, әр ауылдық округте 5-6 елді мекен бар. Бұл елді ме­­кеннің тұрғындары мен шаруа қожалықтарының малын бір ғана мал дәрігері қарайды. Аудан тұрғындары мал сырғалары сапасыз болғандықтан, тез жоғалып қалатынын айтады. Бұл бейберекетсіз жүрген сырғасыз сиыр­лардың иесін табуда қиындық кел­тіреді. Бақылаусыз жүрген мал көбінесе түн мезгілінде тасжолдар мен темір жолдарға шығып кетіп, жол апатына себеп болып жатады.

Сырғаның субсидиямен байланысы бар ма?

Төрт түлік малдың құлағына таға­тын бір сырғаның құны –150 теңге. Елімізде сырғалардың сапасына Ауыл шаруашылығы министрлігі жа­уап береді. Себебі мал сырғасын сатып алуға мемлекеттік тапсырыс­ты осы ми­нистрлік жүргізеді. Об­лыс­­тық мәслихат депутаты, «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина мал сыр­ғаларының жоғалуы субсидияны заң­сыз алуға жол ашады деген күдігін жеткізді.

«Өйткені тұрғын жоғалған сыр­ға­ның орнына тағы сырға сатып ал­ғанда, мәліметтер базасына басқа сиыр ретінде тіркеледі. Осы жерде мал иесі қорасындағы бір малының ор­нына екі басқа субсидия алуы мүм­кін». Бір сырғада бір сиырдың нөмірі бар, жоғалған сырғада басқа нөмір. Бір бастың екінші басқа қағаз жүзінде айналуына тоқтам салатын ең  тиімді әдіс – біріздендіру немесе чип салу. Келесі жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі малды таңбалау мен сыр­ға­лау жұмыстарын жергілікті ат­қа­ру­шы органдарға бе­ре­ді. Сырға емес, чип салынса, төрт түлік малдың нақты санын анықтау же­ңілірек.

«Республикалық эпизоотияға қар­сы отряд» Ақтөбе филиалының бас­шысы Самал Ермекбаеваның хабар­лауынша, биылғы жеті айда өңірде аса қауіпті аурулардың сегіз ошағы анықталды: үш ошақ –жұқпалы ринотрахеит, екі ошақ –құтыру, екі ошақ –пастереллез, бір ошақ қарасан індеті. Қазіргі кезде жұқпалы ауру шықса, шұғыл аттанатын жедел отряд құрамында 18 маман жұмыс істейді. Сарып – ірі қара ішінде ең көп таралған індет.

«Маусымның екінші жартысында Әйтеке би ауданында 400 бас ірі қараға сарып індетіне қан алынғанда, 61 бас малдан ауру белгілері анықталды. 61 ірі қараның 30 басы тиеліп кетті де, қалғаны 7 күн ішінде жойылған жоқ. Көп жағдайда бұл індет шаруа қожалықтарының малынан гөрі ауыл тұрғындарының қорасындағы малдан көп шығады», дейді Самал Ермекбаева.

Байғанин, Әйтеке би, Ырғыз аудан­да­рында мал егу нашар жүріп жатыр. Сондай-ақ жылдың екі мезгілінде туберкулез және сарып ауруына қарсы екпе салу жұмыстарын қолға алу қажет. Соның ішінде осы көктемде ірі қара малынан шыққан аса қауіпті жұқпалы ринотрахеит індетіне қарсы күзде жаппай екпе жүргізілуге тиіс.

Шегіртке шабуылы азайды, есесіне укекіре басып кетті

Биылғы жаңбырлы жаздың арқа­сында шегірткелер жаппай шабуылға көше қоймады. Ағылшын және италиялық шегірткенің ошақтары саналатын Әйтеке би, Ырғыз және Шалқар аудандарында жаз басында 319 990 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Құмды алқаптардың ортасынан қанаттанып жан-жаққа ұшатын шегірткелер күн салқындаса дамуын баяулатады. Жаз ортадан ауып, шегірткеден қауіп азайса да, укекіре атты өте қа­уіпті зиянкес өсімдік қаптап барады. Бүгінде осы улы өсімдік 5 072 гектар алқаптан анықталды. Соның ішінде Мәртөк ауданының көк шал­ғын­ды жерін бүлдіріп жатыр. Укекі­ре­ні жеген малдың іші кеуіп өліп қалады. Бұл біртіндеп жанында өскен өсімдіктерді жойып жібереді. Укекіре өскен аумақ жиырма жылдан кейін құнарын жоғалтып, қу тақырға айналады, жер уланады. Қазір зиянкес таралған алқаптарға химиялық өңдеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ далалықта шалғын көбелегі мен жусан жебірі сияқты зиянкестер қап­тап кетті. Жусан көбелегінен өр­ген құрттар дала өсімдіктерінің тү­бінде өріп жүр. Құрты бар шөпті үзуге жиіркенген жылқы, сиыр, қой шөп іздеп, 30-40 шақырымға кетіп қалады. Бірақ жусан жебір құрты ауыл шаруашылығы зиянкестерінің санатына жатпайды. Ал шалғын көбелегі жұмыртқасын жоюға жергілікті бюджеттен 53 миллион теңге бөлінді.

Қазіргі кезде ветеринария мен өсім­­діктерді қорғау саласындағы  ме­ке­­­мелер бір-бірінің жұмысын қай­­талайды. Осы жағын заңдылық ж­а­ғы­нан реттеу күн тәртібінде тұр. Қажетсіз штаттық кестелерді қыс­қар­тып, оның орнына ауылдық ок­ругтердегі мал дәрігері санын кө­бейтіп, қызметтік көліктермен қам­та­масыз ету керек. Депутаттар осы жағына ерекше назар аударды. Мәслихат комиссиясының төрағасы Сұлупан Шынтасова вете­ри­­нарлық және фитосанитарлық ка­ран­тиндік қауіпсіздік мәселелеріне қа­тысты жиындағы барлық ұсыныс на­зарға алынатынын жеткізді.

 

Ақтөбе облысы