9-10 мамыр күндері Астанада Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасында көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған шағын футболдан дәстүрлі республикалық турнир өтеді.
Бұл шара 1995 жылдан бері Алматыда өткізіліп келген еді. Енді, міне, еліміздің орталық басылымдарының және басқа да газет, телеарналардың, интернет-сайттардың Астанада орналасуына байланысты С.Бердіқұловты еске алуға арналған турнирді Астанада өткізуге шешім қабылданып отыр. Осыған орай жарысты 9-10 мамыр күндері «Астана-Арена» стадионында өткізу жоспарлануда.
С.Бердіқұлов турнирі, жоғарыда атап өткеніміздей, Алматыда 1995 жылдан бері өтіп келген еді. Сол кезде ол Байланыс және ақпарат министрлігі, одан кейін 2008 жылдан бастап Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткенін білеміз. Ал 2011 жылы Спорт және денешынықтыру істері агенттігі Шымкент қаласында спорттың бес түрінен алғаш рет БАҚ арасында С.Бердіқұловты еске алуға арналған І спартакиада өткізді. Бұл жарыс енді журналистер арасында төрт жылда бір рет өтетін болып шешілді. Алдағы кезде спартакиада одан сайын қызықты және тартымды өтуі үшін оның бағдарламасындағы спорт түрлерінің санын көбейту жоспарланыпты.
Спорт және денешынықтыру істері агенттігі биылғы журналистер жарысын қызықты өткізу үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасайтынын, ал Қазақстан футбол федерациясы, «Астана-1964» футбол клубы, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы, «Астана-Арена» стадионы мен «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК қолдау көрсететінін де хабарлады.
Турнирдің мандаттық комиссиясының отырысы 7 мамыр күні сағат 18.00-де «Астана-Арена» стадионында өтеді.
«Егемен-ақпарат».